• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2014

Тағзым

383 рет
көрсетілді

Тәңір маған... Тағдыр берді, от берді, сол отпенен жалын-сезім көкке өрді; сол отпенен өлең жаздым өртеніп, жырға қосып Қарадала, Бөктерді.   Көзде тұнып өзен мен көл, қыр, бағым, жүрегімді тербеді бір нұрлы ағын; сол отпенен Тәңіртауға тәу етіп, Алатауды, Алматымды жырладым. Аяулымның ұстап алғаш білегін, сол отпенен күйдім, жандым, түледім; жырға қосып бүтіндігін Қазақтың, ұл-қызымның амандығын тіледім.   Көк пен Жердің шертіп, тербеп күйін мың, Алтай менен Ақ Ертіске құйылдым; сол отпенен Ақ Жайыққа шомылып, кәрі Сейхұн... Қаратауға сыйындым...   Ғасырларды ойша кезіп мен өткен, Бабаларды түгендедім сол отпен. Сол отпенен Сарыарқаны айқарып, Атырауды сүйдім келіп жел өпкен.   Сол отпенен Ереуілге тас үйдім, сол от болып тамырымда тасиды үн. Ұлытауды... Кезіп үнсіз Көкшені, сол отпенен Түркістанға бас идім.   Жүрегімде – бір тәтті мұң, кермек үн, сол отпенен боз даланы тербедім; сол отпенен жырға қостым Ілені, Шарын менен Шерқаланың өрнегін. Бар қазаққа тарту еткен Сөз басын елестетсем... Қалай қаным қозбасын?! Ұлы Абайға, Шыңғыстауға оралып, сүрттім жырмен Тамшалының көз жасын.   Майқы биден жеткен аман Сөз бар-ды, Түркілерден қалған аман Көз бар-ды... Алашымның ата жұрты кеудемде сол отпенен құлпырып сан қозғалды.   Қарқынымен жалт қаратар Жұртымды, сілкіндірді қақыратып Жыр түнді. Я, Жасаған! Мәңгі ете гөр Елімді, сол отпенен көкірегім жыртылды.   Сол отпенен қолды жайып өріме, саулық тілеп Астанадай төріме; Тәңіріме... Тағдырыма бас идім, Тағзым еттім Ұлы Қазақ Жеріне! Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Соңғы жаңалықтар