Облыста ұлттық спорт түрлерін дамытуда ілкімді ізденістер бар. Соның бір дәлелі балалар мен жасөспірімдерге арналған №10 ат спорты мектебінің жұмыс істеуі деу орынды болмақ. Ат спорты мектебіне жаңадан ғимарат салынып, пайдалануға берілгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Жақында осында болудың сәті түсті. Екі қабатты жаңа ғимараттың ат спортымен айналысуына арналған спорттық залы, 250 орындық көрерменге арналған орынмен жарақтандырылған аумағы 50х25 болатын жабық манежі, қазақ күресі, тоғызқұмалақ спорты жаттығу залдары бар. Қазір мұнда 376 бала аударыспақ, теңге ілу, бәйге, қыз қуу, көкпар сынды ұлттық ат спортымен айналысады, сондай-ақ, күрес пен тоғызқұмалақ секілді ұлттық спорттық ойын түрлерінің қыр-сырын үйреніп жүр. Осында арнайы атбасын тіреген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ат спорты мектебінің материалдық-техникалық базасымен танысты. Жас спортшылар өңір басшысына атпен кедергілерден секіру мен аударыспақ ойынын көрсетті.
Аталған мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Абат Аймағамбетовтің айтуынша, ат спортымен айналысуға балалар 9-10 жастан бастап тегін қабылданады, барлық спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар жеткілікті. Ат спорты мектебі 2005 жылы ашылған-ды. Бұрын қыстың салқын күндерінде балалар далада жаттыға алмайды екен. Жергілікті биліктің қолдауымен өткен жылы желтоқсан айында жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Енді мұнда ұлттық ат спортының барлық түрімен айналысуға мүмкіндік туды. Болашақта осындай ат спорты мектептерін аудандарда ашу көзделуде. Сонда ат спортының бағы жанып, бәсі артары сөзсіз.
– Қазір мектепте 18 ат бар. Алдағы уақытта одан да көбеймек. Ердің де спорттық, конкурлық, көкпарға арналған, кавалерлік түрлері бар. Мектеп қажетті құралдармен толық жабдықталған. Соған сай балалардың да жетістіктері жақсы. Бұрын ақтөбелік көкпаршылар елімізде соңғы орындарда жүрген болса, былтыр ел біріншілігінде сегізінші орынға табан тіреді. Бұл жаман көрсеткіш емес. Біздің көкпар командасының мүшелері ылғи жастардан құралған. Сондықтан олардың болашағынан үлкен үміт күтеміз. Жастар арасында ат спортының түрлерінен спорт шеберлері, республикалық жарыстарда жүлделі оралып жүргендері бар, – дейді ол.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.