Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2050 жылға дейінгі ел дамуының жаңа саяси бағдарын жария еткені күні кеше ғана сияқты еді. «Туған ай – тураған ет» дегендей, содан бері бір жыл сынаптай сырғып өте шығыпты. Демек, біз осы бір жылдың өзінде биік меже жолындағы біраз асуды бағындырдық деп білеміз. Биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы да, аты айтып тұрғандай, сол ұлы мақсат бағытындағы қарышты қадамдарымызды санамалап, саралап және алдағы уақыттарда неге көңіл бөліп, қандай жұмыстарды жұмыла отырып атқаруға тиісті екенімізді айқындап берді.
Айтайын дегенім, Жолдау – күллі қазақстандықтарға арналғандықтан, бұл жерде анау жері – кәсіпкерге, мынау жері – ғалымға, мынау тұсы – Үкіметке немесе жергілікті билікке арналыпты деп «бөлудің» қажеті жоқ деп білемін. Өйткені, Жолдаудағы әр сөз, әр тапсырма кез келген қазақстандықтың жүрегінде жүруі тиіс. Мысалы, Жолдаудың өн бойы «Қалай Мәңгілік Ел боламыз?» деген сұраққа жауап беруден тұрады десем, қателеспеймін. Ол жауаптың ұстыны Елбасы айтқан тапсырмаларды бір кісідей қолдап, бір кісідей орындауда жатыр. Мысалы, Елбасының: «Жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін бергені жөн. Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Онда қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу», керек деген сөзі өзін Қазақстан азаматымын деп есептейтін барша халыққа қатысты. Неге десеңіз, жалпықазақстандық мәдениет әрбір жеке адамның өзіндік үлесінен, яғни жан дүниесінің рухани байлығынан басталады. Ал ол адамдар тек шығармашылық одақтар мен театрларда, мәдениет мекемелері мен кітапханаларда ғана қызмет етіп жүрген жоқ, сонымен бірге, әрбір ірі кәсіпорында, әрбір үлкен мекемеде, әрбір ұйымда, әрбір партия мен қозғалыстарда да жүр.
Міне, осы адамдардың мәдениеті, яғни білімі, білігі, ақылы, адалдығы, рухани байлығы, ұстамдылығы, инабаттылығы, ізеттілігі, кішіпейілділігі, т.б. толып жатқан жақсы қасиеттері жинақталып келіп Ұлт мәдениетін құрайды. Еуропаға барып қызмет етіп келген адамдар, мысалы, «Германияда жүк тасушылар тауарларды дүкендердің алдына қойып кете береді екен, бірақ оны ешкім ұрламайды» деген сияқты сол ел азаматтарына ғана тән тағы басқа да өте жақсы қасиеттерді ауыздарының суы құрып айтатыны бар. Қазақ елінің де ата-бабалар тағылым-тәрбиесінен бастау алып, олардың бүгінгі ұрпағымен жалғасатын ұлттық мәдениетін, ұлттық көргенділігін дүние жүзіне паш ету – баршамыздың басты міндетіміз болса дегім келеді. Бұған дейін де айтылып, жазылып, сөз болып жүрген көшеге қоқыс тастамау, жолға түкірмеу, балағат сөз айтпау, адамдар оның орнына бір-бірімен мәдениетті түрде сіз-біз десіп сөйлесіп, сіз-біз десіп түсінісу дегеніміздің бәрі жаңа қазақстандықтардың жаңа мәдени ментальдігін қалыптастыру жолындағы талаптар.
Ұлы Абай: «Адамның мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», депті. Сондай-ақ, «Ойға түстім, толғандым, өз мінімді қолға алдым», деп жырлаған. Ақын Абай осылайша ой толғап, осылайша сөз жазып, сол замандағы сауатсыз, ұр да жық, ожар мыңмен жалғыз алысқанда, бүгінгі ХХІ ғасырдың көзі ашық, көкірегі ояу халқы неге ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар жаңа ұлт мәдениетін қалыптастыруға атсалыспасқа?! Өйткені, Елбасы айтып отырған: «Қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу керек», деген сөзінің бір ұшығы ел халқының бойындағы мәдениетті көтеруді құнттауда да жатыр емес пе? Мәңгілік Елдің керегесі – халық, шаңырағы – тәуелсіздік болғанда, уықтары экономикалық табыстардан, ғылыми жаңалықтардан, өндірістік алыптардан және ұлы мәдениеттен құралады.
Пернебек ОСПАНОВ,
Талас ауданы әкімдігі мәдениет
және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы,
Қазақстанның мәдениет қайраткері.