Атырау қаласының 12 жасар тумасы шахматтан халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, 12-21 қыркүйек аралығында Ресейдің Челябинск қаласында халықаралық гроссмейстер В.Панченконы еске алуға арналған халықаралық шахмат турнирі өтті.
«Турнирге қатысқан 57 шахматшының арасында 6 гроссмейстер, 30 халықаралық дәрежелі шеберлер бар. Ал, әйелдер арасындағы Ресей кубогының кезекті кезеңі болып есептелетін турнирде атыраулық шахматшы Зарина Нұрғалиева 13 жасқа дейінгі қыздар бәсекесінде жеңімпаз атанды. Осы жеңісінен кейін қазақстандық жас шахматшы ФИДЕ рейтингінде 140-сатыға көтеріп, 1950 ұпайға қол жеткізді. Ол енді Санкт-Петербург пен Ташкент қаласында шахматтан өтетін халықаралық фестивальге қатысып, рейтингтік ұпайын 2100-ге жеткізуді көздеп отыр. Бұл – ФИДЕ шебері нормативінің деңгейі», деп жазады басқарманың баспасөз қызметі.