Шарайна
АҚШ Ресейге Иранның қатысуымен Сириядағы жағдайды бақылауға арналған жаңа келіссөздер өткізуді ұсынды. Ал Құрама Штаттар өз тарапынан Сауд Арабиясы мен Түркияны шақырмақ ниетте. Соңғы екі ел Сирия оппозициясын жақтаушылар қатарында екені белгілі. АҚШ-тың пікірінше, Иран жанжалдасушылардың келесі тарапынан, яғни Сирия президенті Башар Асадтың жағынан өкілдік етуі тиіс. Вашингтон келіссөздерге Еуропалық Одақ өкілдерін шақырғысы келмейтінін де білдіріп үлгерген. Оның үстіне, Мемлекеттік департаменттің «Женева-2» пішінінде өтіп жатқан конференциядан да бас тартқысы жоқ. Өйткені, ол кездесулерде жанжалдасушылардың екі жағынан да – Сирия билігінен және оппозициядан өкілдер бар. «Женева-2» халықаралық конференциясы Швейцарияда 22 қаңтарда ашылғаны белгілі.Жапония премьерін «Азия Гитлері» деп атады
Солтүстік Корея Жапония премьер-министрі Синдзо Абэні «Азия Гитлері» деп атады. Бұл туралы Кореяның орталық телеграф агенттігіне сілтеме жасай отырып «Франс-пресс» агенттігі хабарлады. Жапония саясатына арналған редакциялық мақала «Бұл Азия Гитлерінің пайда болуы ма?» деп аталыпты. Мақалада Токионың өзін кезіндегі «фашистік ақымақ» секілді көрсетіп келе жатқаны айтылады. КХДР-дің атап көрсеткеніндей, Гитлер коммунизмге қарсы іс-қимыл танытса, Жапония Пхеньянның ядролық бағдарламасы туралы өсек-аяңға жол беріп отыр. Сөйтіп, әлемдік қоғамдастықтың назарын өзінің «милитаристік амбициясынан» тысқары аударуға тырысуда. Мақалада, сондай-ақ, Синдзо Абэннің артында «ультраоңшыл күштер» тұрғаны да көлденең тартылады.Экстремизм үшін жазалауды қатаңдатты
Ресей Президенті Владимир Путин экстремистік іс-әрекетпен байланысты қылмысқа ең аз ықтимал жазаны қатаңдататын заңға қол қойды. Мәселен, заңның жаңа редакциясында экстремизмге шақырғаны үшін санкцияның төменгі шегі бұрынғы 100 мың рубльдің орнына 300 мың рубльге дейін немесе бұрынғы 3 жылдың орнына 4 жылға дейін қатайтылып отыр. Антитеррорлық түзетулер пакетімен жұмыс басталғалы біраз уақыт болған еді. Бірақ, өткен жылдың желтоқсанында Волгоград қаласындағы қатарынан жасалған екі терактіден соң бұл үдеріс жеделдетіле түскен секілді. Оның үстіне, Ресей билігі 7 ақпанда басталатын Сочи Олимпиадасына байланысты да осындай қатаң қадамға баруға мәжбүр болғаны түсінікті. Өйткені, Олимпиада қауіпсіздігі Ресей үшін үлкен сын болатыны анық.Қысқа қайырып айтқанда:
АҚШ-тың Вашингтон штатында қойма жұмысшысы әуелі өзінің басшысын атып өлтіріп, кейін өзіне қол салған. Ванкувер қаласындағы жанжалдың шығуына не себеп болғаны белгісіз. Полиция қаза тапқандардың кім екендіктерін анықтап үлгерген. Газа секторымен шекарада Израиль офицері қаза тапқан. Капитан Тал Нахманды қателесіп өзінің қызметкері атып өлтірген. Алдын ала мәлімет бойынша, шекараны күзетіп жүрген әскери қызметкер күдікті қозғалысты байқап қалып, оқ атса керек. Ал ол өз офицері болып шыққан. Пәкстанның Пешавар қаласындағы кинотеатрлардың біріне лаңкестер шабуыл жасап, оқиға салдарынан 5 адам оққа ұшса, 30-ы жараланған. Ал Пәкістан армиясы штаб-пәтерінің жанындағы лаңкестіктен кем дегенде 10 адам қаза тапқан. Тәжікстанда жезөкшелікпен айналысатын әйелдер саны арта түскен. Бұл Әйелдер істері жөніндегі комитет өткізген мәслихатта жария етілген. Басты себеп, елдегі нашарлай түскен әлеуметтік-экономикалық жағдай делініп отыр. Тәжікстанда бұл әкімшілік-құқық бұзушылық деп саналады.Сайлау өткенімен саяси дағдарыс қалды
Таиландта жалпыұлттық сайлау қақтығыстар болады деген күдікке қарамастан, қантөгіссіз аяқталды. Бірақ, елдегі саяси жағдай әлі де болса күрделі күйінде қалып отыр. Енді оппозиция үкімет басшысын сайлау заңсыз өтті деген талап қоюы ықтимал. Өйткені, ел астанасы Бангкок қаласы мен елдің оңтүстігінде мыңдаған дауыс беретін кабиналар наразылық білдірушілер әрекеттері салдарынан жұмыс істемеген. Осылайша, миллиондаған сайлаушылар өзінің саяси еркін білдіруге мүмкіндік таппаған. Сарапшылардың пікірінше, елдегі соттар мен тәуелсіз бақылау органдары премьер-министр Йинглак Чиннаваттың отбасына қарсы көңіл күйде секілді. Премьер-министрдің қарсыластары қазірдің өзінде сайлауды заңсыз деп тану үшін негіздемелер іздестіріп жатқанға ұқсайды.Қырғыз ағайындарда тағы да тәртіпсіздіктер
Қырғызстанның солтүстігіндегі Ыстықкөл облысында орналасқан Саруу айылының бір топ тұрғыны аудандық ішкі істер басқармасына баса-көктеп кіріп, милиционерді соққыға жыққан. Билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық көрсетілді деген бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл шабуылдың алдында екі күндік наразылық акциясы ұйымдастырылып, оның барысында айылдықтар Балықшы – Қаракөл стратегиялық автотрассасын жауып тастаған. Қазіргі кезде жолды ондаған адам бөгеп, тек жергілікті тұрғындардың автокөліктерін ғана жіберуде көрінеді. Ал бұл акцияға өткен жылдың қазан айындағы тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен бірнеше айыл тұрғынының қамауға алынуы себеп болыпты.Қателесіп сотталғандарды ақтау – орынды іс
2013 жылы АҚШ-та қателесіп сотталған 87 адам ақтап алынған. Бұл Құрама Штаттар үшін рекордтық көрсеткіш болып табылады. Ақталғандардың жартысына жуығы, яғни 40 адам кісі өлтіргені үшін жаза тартқандар екен. Мәселен, 1983 жылы бір ер адам камераласын пышақтап өлтіргені үшін өлім жазасына кесіліпті. Кейін қылмысты оның жасамағаны анықталған. Сондай-ақ, былтыр ақталғандардың 17 пайызы жасамаған қылмыстарын мойындаса керек. Ғалымдардың пікірінше, мұндай нұсқаны көп жағдайда айыпталғандардың адвокаттары ұсынады екен. Бұдан бөлек, тергеушілердің ұсталғандарға қысым көрсетіп, жасамаған қылмыстарын мойындауға мәжбүрлейтіндері де анықталып отыр.Интернет материалдары негізінде әзірленді.