Қазан айында Қазақстаннан Сауд Арабиясына тікелей әуе рейстері ашылады. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біздің елдеріміз арасында тікелей рейстердің ашылуы да бизнес пен өзара қарым-қатынасты нығайтуға елеулі үлес қосады. Қазақстандық SCAT әуе желісі биылғы қазан айында Алматы-Джидда бағытындағы тікелей рейстерді қайта бастайды.
Сондай-ақ жақында Сауд Арабиясының азаматтары үшін визасыз режимді қайта қосуды жоспарлап отырмыз, бұл Сауд Арабиясы азаматтарына Қазақстанға еркін келуіне мүмкіндік береді», деді Бақыт Сұлтанов елордада Қазақстан мен Сауд Арабиясының бірлескен инвестициялық бизнес форумында.
Айта кетейік, Қазақстан-Сауд Арабиясы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысына қатысу үшін елордаға инвестициялар министрі Халид А. әл-Фалих бастаған Сауд Арабиясы Корольдігінің делегациясы келді. Делегация құрамында Сауд Арабиясы Колрольдігінің мемлекеттік органдарының 50-ден астам өкілі және мұнай-химия (SABIC, Alkhorayef Group, Aramco), энергетика (ACWA Power, Aljomaih Energy and Water Company, Desert Technologies), ақпараттық технологиялар (ELM, National Technology Group), агроөнеркәсіптік кешен (SALIC, Al Rajhi International for Investment Co, Hdeim Dates, Faidh International Food Company), денсаулық сақтау (Dr. Sulaiman Al-Habib Medical Group), фармацевтика (Jamjoom Pharma), логистика (Zajil), туризм (Seera), жеңіл өнеркәсіп (Ajlan & Bros Group), сауда (Saudi Industrial Export) және басқа салалардағы ірі компаниялардың басшылары бар.