Ұлттық тарихтың үнжаршысына айналған ел газеті «Егемен Қазақстан» басылымдардың бас ұстаханасы. Газеттің толысқан тәжірбиесін танып, өндірісімен танысу мақсатында ІІМ Ішкі әскерлері жанынан құрылған «Қалқан» газетінің ұжымы «Егемен Қазақстанда» қонақ болды, деп жазады Egemen.kz.
Әскери тілшілерді «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақ қарсы алып, газеттің даму жоспарымен таныстырды. Сонымен бірге 60 жылдан бері ішкі әскер тынысы мен жаңалықтарының жаршысы бола білген газетті мерейтойымен құттықтады.
Әскери тілшілерді бастап келген «Қалқан» газетінің бас редакторы Руслан Тұрғынбайұлы «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде арнайы айдар арқылы ел қорғанысын көрсетіп, әскерге шақыру ісінде бірлесе тәрбиелік жұмыс атқару бойынша ұсыныс жасады. Руслан Тұрғынбайұлы елдегі ЖОО орындарында әскери тақырыпта қалам тербейтін маман дайындалмайтынын, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетімен меморандум жасалғанын жеткізді. «Қалқан» газетінің құрамындағы аймақ тілшілері Еgemen.kz сайтында авторлық материалдарын жариялауға ынталы екенін де білдірді.
Басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақ өз кезегінде, «Егемендіктердің» тәжірибе алмасуға ашық, әріптестік-байланыс орнатуға дайын екенін айтты.
Бас қосу соңында қос тарап та арнайы естелік сыйлықтар табыстады.
Еске салайық, биыл Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі Әскерлерінің «Қалқан» газетіне 60 жыл толды.