• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2014

Азамат

603 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс үйінде мемлекет және қоғам қайраткері, бірінші және екінші сайланған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Қаратай Тұрысовтың туғанына 80 жыл толуына арналған «Еске алу сағаты» болып өтті. Палата бастамашы болған шараға парламент­шілерден өзге мемлекет және қоғам қайрат­керлері, Қ.Тұрысовтың шәкірттері мен жақын туыстары және ағамыздың асыл жары Әскергүл апай қатысты. Парламент үйінде мұндай еске алу шаралары жайшылықта өткі­зіле бермейді. Ал бұл еске алудың орны бөлек. Елбасымен бірге тәуелсіздіктің іргетасын қаласқан абзал азамат әрқашанда ел жадынан өшпек емес. Сауытбек Абдрах­ма­новтың құрастыруымен шық­қан «Азамат» атты кітаптың алғы­сөзінде де Мемлекет басшысы тұлғаның табиғатын таныту үшін қазақтың «азамат» деген асыл сөзін ұтымды қолданған. «Ол шын мәнінде азамат еді. Қаратай Тұрысұлы өзінің кәсіби биік өресімен, ұйымдастырушылық тамаша талантымен, елім деген, жерім деген перзенттік жүрегімен, қоғамдық белсенділігімен елдігі­мізді еңселеткен ерлердің орта­сынан ойып тұрып өз орнын иеленді, мемлекетіміздің мығым­дануына іскер басшы ретінде де, экономист-ғалым ретінде де, дара бітімді депутат ретінде де ерекше еңбек сіңірді», дейді Нұрсұлтан Әбішұлы қадірлі азаматымыз туралы. Еске алуда қос палата төраға­лары сөз алып, асыл азаматтың еліне еткен еңбегін жан-жақты баяндап берді. Мол білімі мен ерекше қабілетінің және батыл мінезінің арқасында Қаратай Тұрысов 29 жасынан лауазымды жұмыстарға араласты, деді Мәжі­ліс Төрағасы Нұрлан Нығма­ту­лин. Қай жерде жүрсе де абы­ро­йы асқақ азамат құрметке бөлен­ді. Қазақстан Компартиясы Орта­лық Комитетінің хатшысы, Бүкіл­одақтық кәсіподақтары Орталық кеңесінің хатшысы, екі рет Жоғарғы Кеңестің депу­та­ты болды. Кеңестік кезеңде Бірік­кен Ұлттар Ұйымы Бас Ассам­блеясының 42-сессиясында Кеңес­тер Одағы атынан сөз алған қазақ­тың бірі де Қ.Тұрысов еді. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін­гі кезеңде Қаратай аға Елбасының сенімді серік­те­рінің бірі болғаны белгілі. Алғаш­қы қи­ыншылық кезеңдерде Пре­зи­дент сеніп тапсырған өте жауап­ты лауазымды қызметтерді абы­рой­мен атқара білген аза­мат екені де ел жадында. Және халқы­мызға, елімізге қажетті көпте­ген заңдарды қабылдауға тіке­лей ықпал етті. Олардың бар­лығы бү­гінге дейін еліміздің өркен­деуі­не қызмет етіп келеді деуге болады. Қаратай Тұрысов Мәжілісте 9 жыл бойы Қаржы және бюджет комитетін басқарып, мемлекет бюджетінің ең қажетті салаларға жұмсалуына көңіл бөліп, әсіресе, әлеуметтік жағдайды көтеруге ерекше назар аударды. Қаратай Тұрысұлының қоғамдық өмірге де белсене араласып, шын мәніндегі мемлекет және қоғам қайраткері деңгейіне көтерілгендігі де сондық­тан, деді Нұрлан Зайроллаұлы. Адамгершілігі биік кішіпейіл азамат, өзіндік көзқарасы бар бірегей тұлға, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халқының ардақты ақсақалы, деп сөзін бастаған Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев айтулы тұлғаның жарқын бейнесін осылайша сомдап берді. Сондықтан да қазақ зиялы қауымының айтулы өкілі Қаратай Тұрысұлының өмірбаяны қазақстандықтарға, әсіресе, жас­тар­ға жақсы үлгі-өнеге болуға тиіс. Сенат Төрағасы сөзіне берік, ісіне мығым, кәсіби және ұйым­дас­тырушылық қабілетімен дара­ланған абзал азамат ретінде Қара­тай Тұрысовты бұрынғы Одақ елдеріндегі аға буын өкіл­дері де ұмытпағанын тіліне тиек етті. Еңбекшілердің заңды мүд­делерін қорғауға да белсенді ара­ласқандықтан абзал азаматтың есімі кәсіподақ қызметінің ше­жі­ресінде мәңгілікке қалды. Бүкілодақтық кәсіподақтың Орта­лық кеңесінің хатшысы кезінде Қаратай Тұрысұлы дамушы елдер кәсіподақтарымен байланысты жолға қойып, еңбекшілердің көкейкесті мәселелерін шешуге белсене атсалысқаны да мәлім. Қаратай Тұрысұлы қарапайым адамның мұң-мұқтажын әрдайым биік қоятын. Өмірлік тәжірибесі мол, кәсіби деңгейі өте жоғары, қоғамның беталысын терең мең­герген Қаратай ағамыз өзек­ті мәселелерді оңтайлы шешу­дің жолдарын да жақсы білді. Оның өмірінің басты мақсаты – өз халқының тыныс-тіршілігін жақсарта түсу еді. Қаратай Тұрыс­ұлы талабы жоғары азаматтарға қамқорлық көрсетіп, дұрыс бағыт­қа жол сілтей білді, деп еске алды Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бұл ретте Қаратай Тұрысовтың ғылым­ға да айтарлықтай үлес қосқан қайраткер – академик, ғылым докторы екендігі атап көрсетілді. Сонымен қатар, еске алу шарасында Қаратай Тұрысовпен араласқан, жақын біліскен аза­мат­тар да сөз алды. Мәжіліс Төр­а­ға­сының орынбасары Сергей Дьяченко кеңестік дәуірде Қиыр Шығыста Сахалиндегі балық­шылардың басындағы жағдайды Қаратай Тұрысовтың арнайы комиссияны бастап барып, мәсе­лені шешкенін ортаға салды. Абзал ағамыз өмірден талай ауыр соққылар алса да, қиындыққа еш мойымаған жан. Ал Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Парламент шаңырағында мемлекетке еңбегі сіңген Қаратай Тұрысов сынды тұлғаларды иман­дылықпен, парасаттылықпен және адами тұрғыдан еске алу ұтым­ды дәстүрдің қалыптасып келе жатқандығы деген тұрғыдағы ойымен бөлісті. Өз естелігінде депутат Жоғарғы Кеңесте орын алған бір жағдайды сөз етіп, жұртты бір ду күлдіріп те алды. Ол кез алғашқы нарықтық қарым-қатынастардың орнаған кезі болса керек. Мінберге көтерілген Қаратай ағамыз нарықтық қарым-қатынастардағы экономиканың тұрақтылығы тұрғысындағы баяндамасын 40 минут жасаған көрінеді. Баяндама аяқтала салысымен біреу тұра салып: «Қаратай Тұрысұлы, енді біз капиталист боламыз ба, ал еліміз капитализмге өте ме?» деп сұрақ берген ғой. Зал енді қанша уақыт түсіндіреді екен деп қарап қалған. Сонда ағамыз: «Мен қайдан білейін», деп дегбірі қашып отырған елді бір ду күлдіріпті. Міне, осындай естеліктерімен Сенат депутаты Александр Сав­ченко мен Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова да бөлісті. Мәжілісте өтіп отырған бұл еске алу шарасы игі дәстүрге айналып жатса, өте орынды дер едік. Мұндай шара алдыңғы буын­ның еліңе сіңір­ген еңбегін ашып көрсете оты­рып, кейінгілерді еліне адал, халқы­на қорған болатындай етіп тәрбие­леуге негіз қалайтыны айтпаса да түсінікті. Ұрпақтар сабақтастығы тұрғысынан қара­сақ, бұл шараның «үлкенге – құр­мет, кішіге – ізет» қағидасын қалыптастыруда өзіндік тәрбиелік сипаты да бар екені күмәнсіз. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар