Кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінде Премьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен осы ведомствоның кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Онда агроөнеркәсіп кешенінің 2013 жылғы даму нәтижелері мен үстіміздегі жылғы алда тұрған негізгі міндеттері талқыланды. Бұл мәселе жайындағы негізгі есепті баяндаманы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков пен «КазАгро» холдингінің басшысы Дулат Айтжанов жасады.
Асылжан Мамытбековтің айтуынша, бағдарламада қарастырылған мемлекеттік қолдаудың бірқатар жаңа құралдары мен әдіс-тәсілдерін енгізу үшін құқықтық негіздер жасалынды. Мемлекет басшысы 2014 жылдың 17 қаңтарында 15 заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратын заңға қол қойды.
Заң нормалары агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің инвестициялық шығындарын ішінара өтеу; қайта өңдеу кәсіпорындарының ауыл шаруашылығы шикізатын сатып алу шығындарын субсидиялау; ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің алған қарыздарын сақтандыру мен кепілдендіру ісін субсидиялау; ауылдық жерлерге агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерін тартуды ынталандыру секілді шаралар кешенін қамтиды. Заң бойынша бұған қоса ветеринарлық қауіпсіздік жүйесін әрі қарай жетілдіру және ветеринариялық заңнаманы бұзғандардың жауапкершілігін күшейту тетіктері де қарастырылған.
Жалпы, баяндамадан білгеніміздей, 2013 жылы агроөнеркәсіптік кешен жұмысының негізгі көрсеткіштері жаман емес екен.
Мәселен, 2013 жылы ішкі тұтыну нарығындағы отандық азық-түлік өнімдерінің алатын үлесі 80 пайызды құрапты. Бұл, әрине, бұрынғыға қарағанда, едәуір алға басушылықты білдіретін көрсеткіш.
«Ауа райының күрделі болуына қарамастан, өткен жылы таза салмақта 19 млн. тонна астық жиналды. Бұл оның алдындағы жылғы көрсеткіштен 48 пайызға артық. Бұдан басқа мақтаның әр гектарынан 28,7 центнерден, картоптан – 181,5 центнерден, көкөністен – 238,7 центнерден, бақша дақылдарынан 212,4 центнерден өнім жиналып, рекордтық түсімділікке қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына келген инвестициялар көлемі 2,5 пайызға ұлғайып, 142,1 млрд. теңгені құрады. 2013 жылдың қаңтар-қараша айларында ауыл шаруашылығы өнімінің экспорт көлемі 2,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл 2009-2011 жылдарғы экспорттың орташа жылдық көрсеткішінен 27 пайызға жоғары. Сондай-ақ, 2013 жылдың 11 айы ішінде Кеден одағы елдеріне экспортталған өнімдер көлемі 2012 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 65 пайызға өсті», деді министр өз сөзінде.
Қазақстандық астық экспортының ұлғаю ағымы байқалуда. Маркетингтік жылдың басы болып табылатын 2013 жылдың 1 шілдесінен бастап 2014 жылдың 1 ақпаны аралығындағы жағдай бойынша, астық эквивалентіндегі ұнды есептегенде, шамамен 5,3 млн. тонна астық экспортталған. Бұл өткен жылдың аталған мерзіміндегі көрсеткіштен 25 пайызға көп.
Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру жөніндегі алға қойылған міндет жоспар бойынша жүзеге асуда. 2013 жылы экспортқа 4,5 мың тонна ет және ет өнімдері, оның ішінде 300 тоннаға жуық премиум класты сиыр еті жөнелтілді. Ал биылғы жылы 10 мың тонна ет экспортталады деген болжам жасалса, мұның 5 мың тоннасын сиыр еті құрамақ.
Өсімдік шаруашылығында үстіміздегі жылы құрылымдық және технологиялық әртараптандыруды жүзеге асыру жөніндегі жұмыстар одан әрі жалғастырылды. Азықтық дақылдардың аумағы ұлғайтылып, оның көлемі 3,1 млн. гектарға жетті. Бұл 2012 жылғы көрсеткіштен 258,4 мың гектарға көп.
Үкімет басшысы Серік Ахметов алқа мәжілісін қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауларында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше мән беретіндігін атап көрсетті. Осыған байланысты қазіргі күні маңызды деп табылып отырған бірқатар мәселелерге қатысушылар назарын аудартты.
«Агробизнес-2020» бағдарламасын жүзеге асыру саланы сауықтырудың едәуір тетіктерін қайта қарастыру қажет етілетіндігін анықтады. Осыған байланысты Үкімет қаржы институттарының саланы дамытуға мүдделілігін арттыру мақсатында қосымша тетіктерді қарастыруда. Олар көп кешікпей енгізілетін болады», деген Премьер-Министр агроөнеркәсіп кешеніне салық салу мәселесінде үлкен өзгерістер болатындығын жеткізді.
«Соның ішінде ауыл шаруашылығындағы пайдаланылмай және тиімсіз пайдаланылып отырған жерлерге салық көлемі бірнеше есе арттырылатын болады. Ал екінші жағынан алғанда Кеден одағы елдерімен салыстырғанда Қазақстанда АӨК-ті мемлекеттік қолдау деңгейі төмен екендігі ескеріле отырып, жалпы салық жүктемесі едәуір азайтылуы тиіс», деген Премьер-Министр бұл мәселелерді жеріне жеткізуді Үкімет басшысының орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа тапсырды.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы «ҚазАгро» холдингінен алынған қаржылардың уақытымен қайтарылмайтындығы туралы мәселенің көтерілуіне байланысты осы жөнінде қаржы тәртібін сақтау мәселесін облыс әкімдеріне қатаң түрде тапсырды.
Үкімет басшысы аграрлық ғылымды дамыту мәселесіне назар аударып, осы саланы реформалау мен дамытудың тұжырымдамасын әзірлеу жөнінде Ауыл шаруашылығы мен Білім және ғылым министрлігі басшыларына тапсырма берді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».