Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодекстерінің жобасы қаралды. Сондай-ақ, депутаттар Сенаттан келген Оңалту және банкроттыққа қатысты заң жобаларына енгізілген өзгерістерге келісімдерін берді.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жобасы ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлданды. Қосымша баяндама жасаған жұмыс тобының жетекшісі Рамазан Сәрпековтің мәлімдеуінше, заң жобасы бойынша жұмыс тобының жиырма бір отырысы өткізілген. Негізінен, Кодекс жобасында қылмыстық қудалауды бастау рәсімін оңайлату қарастырылған. Атап айтқанда, тергеу және анықтау органдарының азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғайтын іс жүргізу әрекеттерін дербес қабылдау жөніндегі өкілеттіктерінің аясын тарылту, адвокаттың сотқа дейінгі іс жүргізуден бастап қатысуын кеңейту көзделеді.
Бұдан басқа, «кінәсін мойындау туралы мәміле» институты енгізілген. Бұл ретте жасаған әрекеті үшін жазаны тергеу органымен белсенді ынтымақтастыққа алмастырумен жеңілдету туралы келісімге қол жеткізу нормасы да бар. Сот ісін жүргізу де оңайлатылатыны белгілі болып отыр. Өйткені, үлкен көлемді тергеу мен сот әрекеттерін жүргізудің қажеті болмай қалады.
Заңдық құжатта жедел-іздестіру іс-шараларын (жасырын тергеу әрекеттері) жүргізу тәртібін регламенттеу ұсынылады. Мұндай әрекеттерге прокурордың санкция беруі азаматтардың жеке өміріне қолсұғылмаушылықтан қорғауға мүмкіндік береді деп күтілуде. Және де соттың сотқа дейінгі іс жүргізуді бақылауын кеңейту мақсатында қылмыстық процеске тергеу судьясы институты енгізіледі. Оның өкілеттігіне жекелеген тергеу әрекеттеріне санкция беруден басқа, сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында тараптардың шағымдары мен өтінішхаттарын қарауды да енгізу қарастырылыпты. Әсіресе, қылмыстық жолмен жиналған табыстарды, оның ішінде сот төрелігінен жасырынып жүрген адамдардың осындай табыстарын сот шешімі негізінде мемлекет пайдасына алуға мүмкіндік беретін нормалар да бар.
Және де палата «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын (бірінші оқылым) мақұлдады. Заң жобасы бойынша «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялары мәртебесі туралы конституциялық заң жобаларына түзетулер енгізілу ұсынылған.
Жалпы отырыста, сонымен қатар, Қылмыстық-атқару кодексі жобасы да бірінші оқылымда қолдау тапты. Заң жобасының маңыздылығына Мәжіліс Төрағасы ерекше назар аудартты. Спикер Қылмыстық-атқару кодексінің ең алдымен, қылмыстық заңнаманы жетілдіруге және қылмыстық жазаны өтеудің тиімділігін арттыруға бағытталып отырғанын ерекше атады. Қылмыстық-атқару кодексінің жаңа редакциясында ұсынылып отырған тетіктер қылмыстық жазалауда әділеттіліктің үстемдік құруын қамтамасыз етуге тиіс. Алайда, сотталғандардың да құқы аяқасты етілмеуі керек. Бұл – әлемдік тәжірибе. Сондықтан, заң жобасына екінші оқылымда дәл осындай оңтайлы, үйлесімді тәжірибе тұрғысынан қарауымыз қажет, деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Жалпы, Кодекс жобасы бойынша жазаны орындау тетігі прогрессивтік жүйе бойынша бостандығынан айыру мен пробациялық бақылау тетігі үшін құқықтық негіз қалауды, сотталғандарға қажетті әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетуді қарастырады. Осы ретте кеше палата Еркін сауда аймағы туралы шартты оның тараптары мен Өзбекстан Республикасы арасында қолдану туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алғандығын да айта кеткен жөн.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».