Ұлттық музейде Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен аса көрнекті ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығын мерекелеу аясында қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан айтулы қаламгерлер мен ғалымдардың шығармашылығын насихаттауға арналған «Рухты қалам қайраткерлері» деген бірнеше бөлімнен тұратын мазмұнды іс-шара ұйымдастырылды.
Алдымен мәдени жиын «Поэзия алыбы – Мұқағали Мақатаев» атты дөңгелек үстел мәжілісімен басталып, ақиық ақынды көзі көрген көрнекті ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мырзатай Жолдасбеков, жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың Ақұштап Бақтыгереева, белгілі сатирик Көпен Әмірбек қызықты естеліктер айтса, ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы және тағы басқалар көрнекті тұлғаның шығармашылығына тоқталып, толғамды ойларымен бөлісті.
Одан кейін іс-шаралар легі «Рухты қалам қайраткерлері» атты әдеби көрменің таныстырылымына ұласып, онда Мұқағали Мақатаевқа арналған кітап инсталляциялары мен ақын өмірінен сыр шертетін моноспектакль көрсетілді.
Сонымен бірге аталған көрмеге ұлы Абай атамыздан бастап, Сәбит Мұқанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Шерхан Мұртаза, Хамит Ерғалиев, Тұрсынбек Кәкішев, Дүкенбай Досжан, Қадыр Мырза Әлі, Оралхан Бөкей, Нұрғожа Ораз, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Ақұштап Бақтыгереева, Ханбибі Есенқарақызы, Әлібек Асқаров және т.б. ақын-жазушылардың тұтынған тұрмыстық заттары, қолжазбалары, фотосуреттері мен кітаптары қойылып, келушілердің қызығушылығын туғызды.