«Талибан» қозғалысы өкілдері АҚШ Ауғанстан әуе кеңістігін бұзды деп айыптады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы «Талибан» қозғалысы өкілі Забиулла Мужахид Twitter-дегі парақшасында мәлімдеді.
«Ауғанстан Ислам Әмірлігі - елдегі жалғыз заңды тұлға ретінде Ауғанстан жері мен әуе кеңістігін күзетуші. Біз жақында АҚШ-тың Ауғанстан Ислам Әмірлігі егемендігін, сондай-ақ, біздің әуе кеңістігімізге ұшақтарын жіберу арқылы халықаралық құқық нормаларын бұзғанын көрдік. Бұл жағдайдың алдын алу керек», деді «Талибан» өкілі.
Мужахид Вашингтонды Доха келісімін сақтауға шақырды. Оның айтуынша, болашақта ауған билігі ел аумағына басып кіру әрекетін тоқтатады.
«Біз барлық елді, әсіресе АҚШ-ты Ауғанстанға халықаралық құқықтар, заңдар мен міндеттемелер тұрғысынан және әртүрлі теріс салдардың алдын алу үшін өзара құрметпен қарауға шақырамыз», делінген «Талибан» мәлімдемесінде.
Бұған дейін Ауғанстандағы «Талибан» үкіметі халықаралық рейстерді қайта бастау туралы үндеу жариялап, авиакомпаниялармен келісіп, Кабул әуежайындағы мәселелер шешілгенін айтқан.