Былтыр әлемде ашқұрсақ адамдардың саны 650 млн-нан 800 млн-ға дейін өскен. Оның жартысынан көбі Азияда, дәлірек айтқанда Ислам ынтымақтастық ұйымының мүшелігіне кіретін елдерде тұрады. Мұндай мәлімет БҰҰ-ның 2021 жылғы дүние жүзіндегі азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақтану мәселелеріне арналған есебінде айтылды.
Астық қорын құруға шақырды
Мұндай мәлімет БҰҰ-ның 2021 жылғы дүние жүзіндегі азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақтану мәселелеріне арналған есебінде айтылды. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы қажетті өнімдердің өндірісін ұлғайтып сақтау үшін фермерлерге заманауи жабдықтар мен тиімді микроқаржыландыру тетігі қажет деп санайды.
Сондай-ақ талапқа сай қойма орындары мен қосымша құнды құруға арналған құралдары және дағдыларының да қажет екені күмән туғызбайды. Халықаралық ұйым орнықты дамуға қол жеткізіп, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін мүшелікке кіретін елдерді өздерінің даму стратегияларында азық-түлік қауіпсіздігіне жіті көңіл бөлуге кеңес берді.
Рас, посткоронавирустық кезең мен жаһандық климат күрт құбылған жағдайда азық-түлік қауіпсіздігі өзекті мәселеге айналды. Жоғарыдағы ұйымның сары құрлықтағы рөлін ескерген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мүше мемлекеттерді Ислам ынтымақтастық ұйымының азық-түлік қауіпсіздігі резерві мен Бидай қорын құру жөніндегі бастаманы қолдауға шақырды.
«Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымының белсенді әрі жауапты мүшесі, сондай-ақ еліміз сыртқы нарыққа 7 млн тоннадай астық тасымалдай отырып, азық-түлік бидайы мен ұн экспорттаушыларының ондығына кіреді. Жыл сайын Қазақстан осы ұйым құрамындағы мұқтаж елдерге астық пен ұн түрінде қайтарымсыз гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. Жинақтаған тәжірибеміз ұдайы өсіп келе жатқан ислам әлемінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуде пайдалы болар деген сенімдеміз», делінген Мемлекет басшысының АҚИҰ Бас Ассамблеясының қатысушыларына жолдаған хатында.
Шіліңгір шілденің шыжығын сезінді
Биылғы жаз айлары еліміздің шаруалары үшін оңайға соққан жоқ. Мәселен, бірқатар өңірде қуаңшылықтың салдарынан фермерлер малға қажетті азық таппай қиналды. Демек, жаһандық климаттың өзгеру белгілері республика аумағында да көрініс таба бастағанын байқауға болады.
«Біріншіден, азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты бекітілген бағдарламалардың орындалу деңгейі сапалы болуын қамтамасыз еткен жөн. Екіншіден, ИЫҰ азық-түлік жүйесін дамыту қажет. Соңғы уақытта жаһанда орын алған оқиғалар азық-түлік тасымалдау жүйесінің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. ИЫҰ елдері үшін ұлтаралық және аймақаралық тиімді тамақтану жүйесін құру мәселесі өте өзекті. Бұл жүйені дамытудың ресурстары қолда бар болғанымен, қазір азық-түлік тауарларының 70%-ға жуығы ұйым аймағынан тыс елдерден әкелініп жатыр. Сондықтан да Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының негізгі назары экспорттаушылар мен импорттаушылар үшін тиімді болатын ИЫҰ аясында азық-түлік пен тауарды тарату жүйесін құруға бағытталуы тиіс. Үшіншіден, азық-түлік қауіпсіздігіне қатты әсер ететін маңызды фактор – климаттық өзгерістер. Қазірдің өзінде оның зардаптары байқалып жатыр. Мысалы, Қазақстанда соңғы 100 жылда ауаның орташа жылдық температурасы Цельсий бойынша 1,37 градусқа жоғарылаған, ал орташа жылдық температураның тұрақты өсу қарқыны тіркелді. Биылғы маусым шаруаларымыз үшін нағыз сынаққа айналды. Қазақстанның бірқатар өңірі құрғақшылықтан зардап шекті. Осы мәселені шешудің тәсілдерін қайта қарауға тура келеді. Тек орын алған төтенше оқиғаларды ғана емес, сонымен қатар ықтимал тәуекелдердің де алдын алудың тетіктерін ойластыруымыз керек. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығына әсер ететін климаттық тәуекелдерді азайту, ауылшаруашылық тәжірибесін жақсарту, төзімді және климатқа қолайлы өндіріс әдістерін енгізу сынды өзекті мәселелер тиімді шешімді қажет етеді», деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Жауапты ведомство басшысы айтқандай, елімізде су ресурстарын тиімді пайдалануға байланысты қордаланған мәселе көп. Сол себепті суару мен мелиорация, заманауи суару және ылғал үнемдеу технологияларын енгізу міндеттері ұйымның назарында болуға тиіс.
Тауар тапшылығы ұлғайды
Аталған ұйымға кіретін елдерде табиғи ресурстар жеткілікті болғанымен, олардың басым бөлігі азық-түлік жеткізілімінің халықаралық нарықтарына қатты тәуелді. Ислам ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Юсуф әл-Отайминнің пікіріне сүйенсек, бұл коронавирус пандемиясы сияқты ұзақмерзімді дағдарыс кезеңінде азық-түлік қауіпсіздігіне үлкен қауіп тудыруы мүмкін.
«SESRIC (Ислам елдеріндегі статистикалық, экономикалық және әлеуметтік зерттеулермен айналысатын және мамандар дайындайтын орталық) мәліметтеріне сәйкес, ИЫҰ елдеріндегі ауылшаруашылық тауар айналымының тұтастай тапшылығы 2010 жылдағы 49,9 млрд
доллардан 2018 жылы 62,9 млрд долларға дейін өскені байқалды. Яғни ұйымға мүше елдер ауыл шаруашылығы саудасының таза импорттаушысына айналды. Бұған қоса 25 мемлекет әлі күнге дейін әлемдегі табысы төмен және азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан қорғалмаған сыртқы көмекке мұқтаж 47 елдің қатарында тұр. Осы орайда ауыл шаруашылығы, ауылдық жерлерді дамыту және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға жауапты Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы ИЫҰ-ның қаржылық және технологиялық әлеуетін пайдаланып, жоғарыдағы елдерді қолдау қажет. Сәйкесінше, АҚИҰ-ға фермерлерді қолдауға арналған бағдарламаны қарастыруды ұсынамыз. Неге десеңіз, жоғарыда аталған елдерде ауылшаруашылық тауар өндірушілері қолайсыз жағдайда жұмыс істеп жатыр. Сондықтан азық-түлік өндірісі мен өнімді сақтауға арналған қоймаларды арттыру үшін шаруаларды заманауи ауыл шаруашылығы техникасымен және тиімді микроқаржыландыру тетігімен қамтып, біліктіліктерін арттыруға мән беру керек. ИЫҰ елдерінде қажетті азық-түлік өндірісін дамытудың барлық мүмкіндігі бар. Азық-түлік қауіпсіздігі – тұрақты дамуға қол жеткізіп, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырудағы барлық бастамамыздың негізіне айналуға тиіс», деген бас хатшының сөзін экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Ахмад К.Сенгендо жеткізді.
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бас директоры Ерлан Байдәулеттің айтуынша, ұйым аумағында аграрлық секторды дамытудың жолдары жоқ емес. Тек сол ресурстарды тиімді басқарып, бірлескен әрекеттерді жүйелі үйлестіре білу қажет дейді.
«Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің тұрақты азық-түлік қауіпсіздігі – біз көздеген басты мақсат. Бұл мемлекеттер су, жер, өсімдік сорттары, мал шаруашылығы, ғылыми зерттеулер мен адами капитал секілді азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға болатын барлық элементтерге ие. Бірақ та бізге серпіліс жасап, осы ресурстарды тиімді басқаруға және азық-түлік жүйесіндегі мүдделі тараптардың өзара нәтижелі ықпалдасуына көшуіміз керек», деді Е.Байдәулет.
Аталған халықаралық ұйым негізгі 5 бағыт бойынша 16 стратегиялық бағдарламаны жүзеге асыру арқылы аграрлық сектор бағытында ұлттық, өңірлік және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты жандандыруға ниетті екендерін жеткізді.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ