Канар аралдарында жанартау атқылады. Бұл жолғы табиғи апаттың әсері үлкен болып тұр. Қазір лава мұхитқа жақындап қалды. Вулканологтердің айтуынша, лава теңіз суына тисе, зиянды газдар шығады.
Жергілікті билік лава Атлант мұхитына төгілуі ықтимал тұстан оған тосқауыл қоюға кірісті. Соған байланысты жақын маңдағы тұрғындардан үйден шықпауды сұрады. «Лава ағыны Плайя Нуевада теңізге жетті», деп хабарлады Канар аралдары жанартау институты (Involcan).
La Palumbre Vieja жанартауы Ла-Пальма аралының оңтүстік жотасында орналасқан. Бұл аралды 85 мың тұрғын мекендейді. Вулкан 19 қыркүйекте атқылап, лава теңізге қарай баяу аға бастады.
Осыған байланысты, жағалауға жақын орналасқан Тазакорте кентінің бірнеше ауданының тұрғындарына ескерту жарияланды. Өйткені балқыған лава мен су реакцияға түсіп, зиянды газдар шығарады.
Мамандардың айтуынша, лаваның теңіз суымен араласуы ауаға улы газдар бөліп, олар бұлт секілді қалыптасады. Тіпті еріген тау жыныстары мылтықтың дауысы секілді түрлі дыбыс шығаруы мүмкін.
«Мұндай кезде уланған ауаны иіскеу, ауадағы қышқыл газдар мен сұйықтықтар теріні, көзді және тыныс алу жолдарын тітіркендіреді. Тыныс алуды қиындатуы мүмкін, әсіресе, респираторлық аурулары бар адамдарға бұл зиян», дейді Involcan.