Биыл «Жыл мұғалімі» ұлттық сыйлығына 300 үміткер өтінім білдірген. Олардың арасынан оқ бойы озған он педагог соңғы сынға жолдама алған болатын. Финалдық кезең Алматы қаласында өтіп, ұстаздар бәсекесінің барлық талабына сай деп танылған алматылық Алла Буренкова жоба жеңімпазы ретінде 4 млн теңге сыйақыға ие болды.
«Жыл мұғалімі» атанған Алла Буренкова Алматыдағы №42 мектепте музыка пәнінен дәріс береді. Сабақ өткізу барысындағы тың тәсілдері мен айрықша әдістемелері халықаралық басылымдарға жарияланған тәлімгердің шәкірттері де ғылыми додаларда топ жарып жүр. Өз ісіне жан дүниесімен берілген ұстаз республикалық байқауда бағы жанғанына дән риза. Енді ол «Әлем мұғалімі» жобасында ел намысын қорғайды. Айта кету керек, алдағы жылға жоспарланып отырған әлемдік байқаудың жүлде қоры – 1 млн доллар.
– Жүздеген жанның арасынан суырылып шығып, жыл мұғалімі атанғаныма қуаныштымын. Бұл – үлкен мерей әрі зор жауапкершілік. Маған сенім білдірген жандарға алғысым зор. Аталған конкурс –шынымен де мамандар тәжірибесін шыңдап, ынталандыратын айрықша жоба. Заманауи мұғалім әрқашан ізденіс үстінде жүріп, өзін жетілдіріп отыруы керек. «Әлем мұғалімі» байқауында ел намысын абыроймен қорғауға барымды саламын. Басты мақсат – шәкірттерімнің саналы азамат болып қалыптасуы, – дейді Алла Буренкова.
Жылдың үздік ұстазы республикалық байқауы қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының қолдауымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Үздіктерді анықтау барысында мұғалімнің әлеуметтік шараларға белсене қатысуы мен сабақ берудегі ерекше әдістемесі назарға алынды. Үміткерлердің еңбегін тәуелсіз сарапшылардан құралған педагогиканың жетекші мамандары, қоғам қайраткерлері және ата-аналар қауымдастығының өкілдері бағалаған. Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының құрылтайшысы Әлия Назарбаева елімізде «Жыл мұғалімі» ұлттық сыйлығын өткізу дәстүрге айналатынын жеткізді.
Еске салсақ, Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Асхат Жұмабеков былтыр жаһандық сыйлықтың финалисі атанып, әлемнің үздік 50 мұғалімі санатына енген еді.
АЛМАТЫ