• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Спорт 30 Қыркүйек, 2021

Португалияға әліміз жете ме?

200 рет
көрсетілді

Литвада өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалында Қазақстанның футзалшылары бүгін Португалия құрамасымен күш сынасады. Ширек финалда дүние жүзінің екі және қарт құрлықтың жеті дүркін чемпионы деген дардай атағы бар Испанияны жолынан ығыстырған айтулы команда жайында не білеміз?

Португалияның өрендері әлем чемпионатында бес рет бақ сынады. 2000 жылы олар қола медальді иеленді. Гватемалада өткен сол жарыстың топтық турнирінде Пи­реней түбегінің түлектері Қазақ­стан құрамасымен кездесіп, 6:2 есебімен жеңіске жеткені жан­күйерлердің жадында. Дәл сондай есеппен олар алаң иелерін де ұтты. Бірақ Бразилияға әлі жетпеді – 0:4. Өз тобында екінші орынды иеленген португалиялықтар екін­ші кезеңде Нидерланд (3:1) пен Хорватияны (3:1) жеңгенімен, Ис­­панияға (1:3) есе жіберді. Жар­­тылай финалда қайта брази­лиялықтармен жолықты. Бұл жолы Оңтүстік Американың оғ­лан­­дары қарсыластар қақпасына жауапсыз сегіз гол салды. Үшін­­ші орын үшін тартыста Ре­сейді 4:2 есебімен ұтып, қола ме­дальді олжалады.

2004 жылы Тайпейде Порту­галия ойыншылары екінші ке­зеңде сүрінсе, 2008 жылы Бра­зилияда өз тобынан шыға алмады. 2012 жылы Таиландта плей-оффқа жолдама алды. 1/8 финалда Парагвайды (4:1) жеңіп, ¼ финалда Италияға (3:4) жол берді. 2016 жылы Колум­бияда жалауы желбіреген жарыста пор­тугалиялықтардың жеңіс тұғы­рына көтерілуге жақсы мүм­кін­дігі болды. Топтық турнирден іркілмей өткен олар плей-оффтың алғашқы екі кездесуінде Коста-Ри­ка (4:0) мен Әзербайжанды (3:2) қапы қалдырды. Жартылай фи­налда Аргентинадан (2:5) айла­сын асыра алмады. Ал қола медаль үшін тарыста Иранмен тең түс­ті. Пе­нальти соғу барысында Пар­­сы елі өкілдерінің (3:4) бағы жанды.

Пиреней түбегінен келген жі­гіттер Еуропа чемпионатына тоғыз рет қатысты. Алғашқы үш жарыс­та жолдары болмағанымен, одан кейін жақсы нәтиже көрсете бас­тады. «Еуро» додасындағы ең зор табысы – 2018 жылғы чемпиондық атақ. Словенияда өткен турнирдің финалында олар Испанияны (3:2) сан соқтырды. 2010 жылы Мажарстанда өткен жарыста ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста жоғарыда аталған сыралғы қарсыласының асығы алшысынан түсті – 4:2. 2014 жыл­ғы жарысты төртінші орынмен қоры­тындыласа, 2012 және 2016 жылдары ширек финалдан аса алмады.

Португалия құрама­сы­ның бас­­ты жұлдызы Рикарду Фи­липе да Силва Брага (Рикар­диньо) еке­ні сөзсіз. 35 жастағы ойын­шы­ның спорттың бұл түрінде бағын­дырмаған белесі жоқ. Оның ұлттық құрама сапында жүр­геніне бақандай 18 жыл бол­ды. Бір кереметі, ол алты мәр­те (2010, 2014, 2015, 2016, 2017, 2018) төрт­­күл дүниенің тең­дессіз футзалшысы атанып, бір рет (2016) сұрмергендер көшін бас­тады. Еуропаның ең үздік ойын­шысы (2007, 2018) және ең мер­ген шабуылшысы (2016, 2018) ата­ғын екі реттен иеленді. Жер- жаһандағы бірде-бір футзалшы осындай орасан зор табысымен мақтана алмайды.

Бұл күндері Балтық жаға­лауында өтіп жатқан әлем чем­пионатының топтық турнирінде португа­лиялық­тар бірінші орын­ды иеленді. Олар Таиланд (4:1) пен Соломон аралдарынан (7:0) басым түсіп, Мароккомен (3:3) тең ойнады. 1/8 финалда қосым­ша уақытта Сербияны (4:3) сан соқтырып кетті. Испанияға қарсы өткізген ширек финалдық сайыс­та да ойын экстра-таймға ұла­сып, ақырында жеңіске жетті – 4:2.

Міне, жартылай финалда Қа­зақстан құрамасы осындай азулы қарсыласпен күш сынасады. Бірақ біздің жігіттер де осал емес. Дәл қазір олар «Жеңіске жетеміз!» деп жер тарпып тұр. Егер осы бәсекеде ме­рейіміз үстем болса, онда Литвадағы дүбірлі доп додасында бас жүлде үшін таласу мүмкіндігіне ие боламыз. Олай болса, тартынатын несі бар?! Алға, Қазақстан!

Та­ғы бір айта кетерлік жайт, екі команда бір-бірі­мен не­бәрі екі рет қа­на кез­десті. Ға­сырлар то­ғы­сында Гва­­­­­темалада бол­­ған жайтты жо­ғарыда айт­тық. Есе­сіне 2015 жылы Еу­ропа чем­пио­на­ты­ның іріктеу ойынын өт­кі­зу үшін Қа­зақ­стан­ға келіп, біздің жігіттерден 1:3 есе­бімен жеңіліп қайтты.