Қазақстанмен Ресейдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің итбалықтары үшін Солтүстік Каспийде мемлекеттік резерват құруды ұсынды және Ресей Президенті Владимир Путиннен киіктердің қазақ-орыс шекарасынан еркін өтуін қамтамасыз етуге көмектесуін сұрады, деп жазады Egemen.kz.
«Қазақстан мен Ресейде бай және бірегей өсімдіктер мен жануарлар әлемі бар. Бұл ретте екі елдің Қызыл кітабына енгізілген Каспий итбалықтарының популяциясы азаюына байланысты өткір мәселе туындайды. Популяцияны сақтап қалу үшін шұғыл шаралар қажет. Солтүстік Каспийде мемлекеттік резерват құру мүмкіндігін қарауды ұсынамыз», деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы екі елде сирек кездесетін тағы бір бірегей жануар туралы айтты.
«Бұл мамонт дәуірінде өмір сүрген бірегей жануар. Киіктердің популяциясын қорғау бойынша қабылданған шаралардың арқасында олардың саны едәуір өскен. Менің жарлығыммен Қазақстанда киік атуға тыйым салдық. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының кеңеюіне байланысты олардың тіршілік ету ортасының қысқаруы байқалады. Бұл киіктер мен ауылшаруашылық жануарлар суаты мен жайылымдардың жетіспеушілігіне әкеліп соғады. Киіктердің қоныс аудару ерекшелігін ескере отырып, киіктердің маусымдық қозғалысы кезінде екі ел арасындағы шекарадан еркін өтуін қамтамасыз ету үшін шекара қызметіне нұсқау беру ұсынылады», деді Мемлекет басшысы.