Жаһанды уысында ұстаған пандемия салдарынан небір айтулы оқиғалар өз дәрежесінде өтпей қалды. Соның бірі – Алматы даңғылдарында дүркіреп өтуі жоспарланған Қазақ мемлекеттік циркінің жартығасырлық тойы еді. Қазақ мемлекеттік циркінің директоры, мәдениеттанушы ғалым Бақыт БӨКЕБАЕВПЕН цирк өнерінің табыстарымен бірге, осы жанрдың жолын бөгеген мәселелер төңірегінде әңгімелескен едік.
– Бақыт Әбдіғалиұлы, риторикалық сауал болса да сұрайын, қазаққа цирк өнері керек пе өзі?
– Кейде бұл сұрақты мен де өзіме қоямын. Қауіп-қатері мол цирк өнерінің қазаққа қаншалықты қатысы бар деп ойлайтындар әрине, жоқ емес. Цирк өнер ме, әлде кәсіп пе деп сұрақ қоятындар да табылады. Ұлан-ғайыр даламызда небір самдағай өнерпаздар болған және бүгін де бар. Қазақ ертегілерінен бастау алатын түйе палуандар мен желаяқтар, құралайды көзге атқан мергендер, ат сауырында шауып келе жатып көз ілеспес жылдамдықпен адам сенбес өнерлерімен елді таңғалдырған шабандоздардың бәрі де бүгінде цирк трюктеріне айналып, арнайы бағдарламаларға енгізіліп, қолданыста жүр. Әлемге әйгілі Қажымұқан палуанның да трюктері осы цирк бағдарламасына арнайы нөмір болып енген.
– Тоқсаныншы жылдары цирк ғимараты жекеменшікке өтіп кетіп, кейін көп әлекпен мемлекетке әрең қайтарылған-ды. Сол тұста талай цирк майталманы шетел асып кеткенін көрдік. Қалыптасып қалған мектептің үзілуі, іркілісі әлі де байқалатын сияқты?
– Қазақстанның «Мәдениет туралы» Заңында цирк туралы заң да, құжат та болмағандықтан, 2014-2016 жылдары Қазақ мемлекеттік циркі жекешеленіп кетуге аз қалды. Еліміздің «Мәдениет туралы» Заңына сәйкес ескерткіштер мен ғимараттар жекешеленбеуі керек. Келешекте де циркке қатысты нақты заң болмаса, бұл мәселе қайта көтерілуі бек мүмкін. Ең өкініштісі, цирк мәдени ойын-сауық кешені деп танылғандықтан, ешқандай заңда арнайы цирк деген бап пен тармақтың жоқтығынан көптеген мәселелер әлі шешімін таппай келе жатыр. Тоқсаныншы жылдары цирк ғимараты жекешелендіріліп, сол кездегі циркті иемденіп кеткен іскерлерге бұл өнердің құны бес тиын болғандықтан, қаншама мықты цирк өнерінің майталмандары шетел асып кетті. Әрине, кәсіпкерге цирктің ішінен базар ашып жіберсе де бәрібір, тек пайда тапса болғаны.
– Осыдан тоғыз жыл бұрын солтүстіктегі көршілеріміз «Цирк өнерін 2020 жылға дейін дамыту жөнінде» тұжырымдама қабылдапты.
– Бізге де Ресей сияқты цирк өнері туралы арнайы заң мен құжат болмаса – ешқашан қазақ циркінің болашағы жайлы анық ештеңе айта алмаймыз. Қазақ циркінің әртістері әлемді аралап, гастрольдік сапарлар мен халықаралық фестивальдарға қатысып, биік деңгейлерін көрсетіп жүр, тек көрсетіп қана қоймай жүлделі орындарды ұдайы иемденіп келеді. Бірақ жеңіспен жеткен цирк әртісінің жетістіктері өз елімізде аса бір қошеметке бөленіп, ақпарат құралдарын шулатып жатқанын көрмейсіз, соған қарным ашады.
– Шетелдік көрермендер тәнті болған цирк әртістері өз елімізде неге танылмай, неге өнерлері дұрыс бағаланбай отыр?
– Оның бірнеше себебі бар. Ол, біріншіден, жоғарыда айтып өткендей, цирк өнері мемлекеттің толыққанды қолдауына өтуі керек. Екіншіден, Қазақстанда Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды мен Шымкент қалаларында ғана стационарлық цирк бар. Сол айналдырған төрт цирктің арасында гастрольдік байланыс жоқ.
Цирктер жергілікті әкімшіліктерге бағынышты болған соң, әр цирк өз алдына күн кешіп жүр. Ал цирк өнеріне бейімделмеген сахнада өнер көрсету машақаттарынан басқа, көрермендердің де әртістердің де өміріне қауіп төндіреді. Әртістер өз нөмірлері мен трюктерін толыққанды көрсете алмайды, ал таңданыс пен тамашадан тұратын киелі өнерді толыққанды көрерменге көрсетпеу – қиянат. Сондықтан цирктер жергілікті әкімшіліктерге емес, министрлікке қарасты болса, сол министрлік театрлар сынды гастрольдік конвейерлер жасап отырса, цирк өнерінің деңгейі көтеріле түсер еді. Қазіргі кезде айналдырған төрт цирк бір-бірінен бейхабар, басқа циркте не боп жатқанын білмейміз.
Қазақстан цирктерінің бір-біріне гастрольдік сапарларға шықпайтынын білетін ресейлік цирк компаниялары бірінен кейін бірі гастрольге келіп, әр қалада айлап тұрып, тіпті тозығы жеткен жадау-жүдеу шапитосын құрып алып та, қыруар табыс тауып кетіп жатыр. Цирк өнері үшін гастрольдік сапар өте маңызды. Себебі, цирктік бір қойылымды дайындап қоюдың өзі біраз уақыт алады, ол қойылғаннан кейін небәрі бір-ақ ай және демалыс күндері көрерменге көрсетіледі, сонда небәрі 10-12-ақ рет қана көрсетілген соң қойылымды тоқтатуға мәжбүр. Өйткені қандай мықты қойылым болса да бір қаладағы көрермендер екі қайталап келмейтіні анық.
Қазақ циркін конвейерге қосу туралы екі рет «Росгосцирк» басшыларымен меморандумға қол қойып келіскенбіз. Алайда олардың фестивальдары мен жиналыстарына бармағандықтан, көзқарасы мен көңілі онша мәз болмай, кейінгі кезде әңгімелерін ашық айта бастады. Сондықтан біз тіпті Қазақстан, одан әрі Орталық Азия бойынша гастрольдік конвейер ұйымдастырып, бір жолға қойып алсақ, бұл баға жетпес табыс болар еді. Қазақ циркі аталған конвейерге іліксе, үлкен пайдасы тиер еді. Келешекте қайткенде де бұған қол жеткізу керек, өз қазаныңда қайнай бергеннен түк те шықпайды.
– Цирк өнеріне мамандар даярлауда шешілмей келе жатқан екі мәселе туралы айтып жүрсіз?
– Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада және цирк колледжінде болашақ цирк әртістерін даярлау бөлімі біздің Қазақ мемлекеттік циркінің ғимаратында өтеді. Соның ішіндегі ең бір басты және тек бізде ғана емес бүкіл цирк әлемінде түйіні түпкілікті шешілмей келе жатқан екі мәселе бар. Біріншіден, цирк реквизиттерін дайындайтын арнайы мамандар мен станоктардың жоқтығы цирк әртістерін дайындауға көп кесірін тигізіп отыр. Сондықтан бүкіл Орталық Азиядағы цирк өнерімен айналысатындар не Ресейге, не Қытайға барып айлап жүріп керекті реквизиттері мен басқа да саймандарын жасайтын мамандар мен зауыттарды іздейді. Ал енді сіз керегіңізді іздеп тапсаңыз, сол тапқан дүниеңізді жеткізуіңіздің өзі бір үлкен машақат. Ол жақтан сатып ала салу еліміздің мемлекеттік сатып алу заңына сай келмейді. Соның кесірінен соңғы отыз жылда цирк манежіне төсейтін кілем де сатып ала алмай отырмыз. Жадау, жүдеу, жыртық, тозып кеткен цирк кілемінде өнер көрсетуге мәжбүрміз. Цирк манежіне кез келген кілем жарамайды. Қатаң талап етілетін өз сапасы бар. Цирктің талабына сай төсеніш кілем тек Беларусь пен Украинада дайындалады, ал оны сатып алу біздің мемлекеттік сатып алу заңымен үйлеспейді. Қазақстанның мемлекеттік сатып алу заңына осы мәселе бойынша келешекте өзгерістер енсе, жұмысқа жан бітер еді, бұл және циркте ғана емес, театрларда да бар машақаттар.
Екінші мәселе – әлемдік цирктердің бәрінде дерлік шешімін таппай келе жатқан клоундар даярлау мәселесі. Цирктегі нәзік те құбылыс пен иірімдерді толық қамтыған өте ауыр жанр бұл – клоунада. «Клоун» латыншадан аударғанда «қарапайым адам» деген мағына береді. XVII ғасырдың басында Лондонда дүниеге келген бұл жанр көрерменнің көңілін көтеруде жеңіл көрінгенімен, сол бір реприза немесе бір нөмірді шығару үшін әртістің қаншама тер төгіп, қаншама шығармашылық ізденіске түсетінін көпшілік біле бермейді. Қандай керемет цирк қойылымы болса да клоундық қойылым өз деңгейінде болмаса бағдарламаның сапасы түсіп кетеді. Өкінішке қарай, тек қазақстандық клоунада емес, қазір барлық елдерде бұл жанр тоқырап тұр. Себебі, клоундар даярлайтын нағыз мамандар жоқ. Кезінде қазақстандық клоун болған бір-екі адам сабақ беріп, шәкірт тәрбиелесек деген оймен талпыныстар жасап көрген, бірақ өздерінің авторлық жұмысы мен идеясы және арнайы білімі болмағандықтан істері алға баспады.
Клоун дайындамақ болғандардың өздері басқаларды қайталап жүргендіктен, не оқытып, не жаңалық енгізе қойсын, қайталау цирк әлемінде бірден көрініп тұрады. Басқа амал жоқ болған соң клоундарға басқалардың репризаларын қолдануға рұқсат беріп отырған жайымыз бар. Әр клоунның өзіне жеке нөмір жасауы үлкен табыс деп айтуға болады. Бұрын әр клоунның қойылымына арнайы сценарист, режиссер, драматургтер тартылып, көркемдік кеңестен өтіп, өтпегені қайта түзетуге кетіп, сахнаға сақадай сай болғанда ғана шығатын, ал бүгінгі клоундар өздері сценарист, өздері режиссер, өздері музыка редакторы болып, өз білгендерімен шыға берген соң олқылықтар мен кемшіліктер көп болатыны белгілі және көрерменді де баурай алмайды. Негізі клоундыққа табиғатынан бейім адамдар болады. Бұл – оның психологиялық ішкі түйсігі, адам өзінің қателігіне өзі күле білуі мен соны мойындай білуі. Клоундар да жанрға бөлінеді – музыкалы, енді бірі спорт, енді бірі күнделікті қарапайым адам кейпінде, әркім өз жанрына сай реприза мен нөмірлер ойлап тауып, өмір сабағын көрсете білу – нағыз шеберлік.
Қазіргі таңда ресейлік клоунада әлемдік деңгейде жоғары бағаланып, алғашқы ондыққа кіретін атаулы клоундар бар. Бүкіл Еуропа сол клоундармен үлкен келісімшарттар жасап, елді цирктік қойылымдарға тартып, қыруар табыс тауып отыр. Ондай таланттарды бізге де әкелуге болады, бірақ олардың гонорары өте қымбат, әр қойылымға шыққаны 25-30 мың еуроны құрайды. Білмейтін адам соншама неге қымбат, не көрсете қояды деуі мүмкін. Біріншіден, ол керемет жарнама, жақсы клоун келген кезде бүкіл ел дүрлігіп циркке келеді. Көрерменді рахатқа бөлеп, ішек-сілесін қатыра күлдіре отырып адамға ой салатын тамаша нөмірлерді көрген соң ол адам апта бойы, тіпті ай бойы бір керемет көңіл күйде жүреді. Дегенмен бұл мәселені шешу жолдары бар. Арнайы маманды Украина немесе Ресейден шақыртып 5-6 шәкірт оқытып алсақ, келешекте Қазақстанның клоундық мектебі пайда болар еді, ең бастысы мектеп керек.
Ең өкініштісі, бүгінгі таңда жастар арасында жаңа stand up стилінің пайда болып, осы клоундық мансапты сөз түріне аудару арқылы өте бір анайы жанр пайда болды.
– Қазір ел ішінде осы жанрды насихаттаудың қарапайым жолы қандай?
– Цирк әртістерінің еңбектері ақталу үшін гастрольдік сапарларға жиі шығып тұруы керек. Ал елдегі стационарлық төрт-ақ цирк аздық етеді. Қазақ мемлекеттік циркі үшін «Шапито» циркін қолға алу да күттірмейтін мәселе. Неге? «Шапитоның» қойылымдарымен еліміздің түкпір-түкпіріндегі қалалар мен аудандарға барып, цирк өнерін халыққа насихаттаудың рөлі зор болар еді. Балалар жас кезінен бір өнерге тәнті болып қызығып өспесе, көрмеген дүниесін қалай қиялдайды? Бастапқыда балалар үшін цирк таңсық болары сөзсіз.Себебі, ат үстіндегі аударыспақ, қыз қуу, көкпар, бәйге мен палуан күрестерінің бәрі де – цирк өнерінің бастауы екені айқын. Біз оны кейінгі екі-үш жылда Сақ қорғандарында ұйымдастырылып жүрген «Ұлы дала» фестивалі, Наурыз мерекесі мен цирк қойылымдарындағы ат ойындарын көрген балалардың қатты қызығып, еліктегендерінен байқадық.
Әрине, бұл мәселелердің шешілуі қаржыландыруға келіп тіреледі. Және цирк өнерінің дамуына министрліктен бастап жергілікті әкімдіктерге дейін атсалысуы ауадай қажет. Онсыз елімізде цирк өнері толыққанды дами алмайды. Еуропа, Қытай, тіпті Америка мен Канада, Мексикаңыз бен Африкаңызда осы цирктің коммерциялық бағдарламалары арқылы өздері де пайда тауып, ортақ қазынаға да қаражат құйып отырғанын айта кеткен жөн.
– Бұл өзі қателесуді кешірмейтін өнер. Көрермендерінің көз алдында жантәсілім болған өнерпаздар бар. Жалпы, цирк майталмандары жұмыссыз қалса, өзін өзі асырай ала ма?
– Жанкешті өнерге қызмет ететін цирк әртістерінің айлықтары мардымсыз екенін жасырмау керек. Сананы тұрмыс билеп тұрса, өнердің өсуі туралы қандай әңгіме айтуға болады. Олардың қосымша жұмысқа тұра алмайтыны тағы бар.
Бүгінгі таңда Қазақ мемлекеттік циркінің штатында 110 әртіс бар. Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері көз алдымызда дайындалып жүрген соң, жылда цирк бөлімі бойынша оқу бітіретін 8-9 баланың ішінен қабілеттілерін жұмысқа алып отырамыз.
Негізі цирк әртісінің өнердегі жолы келте болады. Себебі, күш-қайрат пен самдағайлықты, жылдамдық пен тапқырлықты талап ететін өнер саласын ұзақ жылдар бойы сапта тұрып ұстап жүру мүмкін емес. Сондықтан еліміздегі Шымкент пен Нұр-Сұлтан циркіне де жас әртістер қажет, бірақ бұларды да мазалайтын бірінші сұрақ – айлық табысы мен үй мәселесі.
Цирк әртістері қатерлі болса да сол азғантай айлыққа еңбек ете беруден басқа амалдары жоқ. Ең бастысы, әртістеріміздің әлеуеті өте мықты, соны білетін шетелдік компаниялар халықаралық фестивальдарға шақырып, одан әрі өздеріне жұмысқа алып кетіп жатады. Оларды жібермей, қиянат жасауға тағы болмайды. Күші бар кезде барып жақсы қаражат тауып, өздерінің тұрмыс жағдайын шешіп алулары керек. Өйткені қазір уақытты жіберіп алса үй-күйі жоқ болып, жасы келгенде далада қалуы мүмкін.
– Балет әртістері сияқты цирк әртістерінің зейнет жасын шешу мәселесі де көп жылдан бері айтылып келеді.
– Әдетте, күнде жаттығып, ұршықтай иіріліп жүрген соң цирк әртістерінің жас көрінетіні белгілі. Кезінде мықты өнер көрсеткен мамандарымыздың жасы келсе де зейнетке шыға алмай жүргендері қаншама. Кеше керек болған әртісті бүгін далаға лақтырып тастай алмайсыз. Сондықтан олар қазіргі кезде жастарды өнерге баулып жүр. Қаншама қиыншылықтарға қарамастан, өздерін цирк сахнасында ұстап жүрген цирк әртістерін кәсіби тұрғыда бағалап, қажетті көңіл аударылмағандықтан әлі күнге дейін циркте істейтін әйелдер – 58, ал ер адамдар 63 жаста зейнеткерлікке шығуы өзгеріссіз қалған.
Жоқ жерден жаңа заң талап етіп отырған жоқпыз әрине, біздің елімізде, қауіпті және зиянды өндірісте жұмыс істейтіндерге жеңілдіктер қарастырылған. Цирк өнерінде де өте қауіпті жағдайлар көп болады. Жастайынан өнер десе, ішкен асын жерге қоятын цирк әртістері 40-45 жаста күш-қуатын сарқып бітері сөзсіз. Себебі, табиғаттың да заңы солай ғой, енді олардың кете қалатын зейнетақысы жоқ, жасы келмеген, оларды далаға тастай алмайтыныңыз тағы бар. Ұжымды жаңа буынмен толықтырайын десеңіз, штат орны санаулы болғандықтан, бір адам да ала алмайсыз. Бұл мәселе Ресейде өте оңтайлы шешілген. Бұрын 20 жылдық еңбек өтілімен зейнеткерлікке шығатын болса, кейінгі кезде бұл мәселе қайта қаралып, ресейлік цирк әртістері 15 жылдық еңбек үлесімен зейнеткерлікке шыға береді екен. Әрине, жасы келген адамның акробаттық трюктермен көрерменге таңдай қақтыру да оңайға түспейді, тіпті кейде мүмкін де емес. Енді әдемілік пен самдағайлықты көруге келген көрерменнің алдында да эстетикалық жағынан олқы боп тұратыны сөзсіз. Жанын шүберекке түйіп, канаттың үстінде кетіп бара жатқан алпыстағы шал мен кемпірді көруге кім құштар дейсіз?
– Синтезделген цирк спектакльдарын ұйымдастыруға ұмтылып жатқандарыңыздан хабардар едік?
– Ұлттық мәдени мұра негізінде және хореграфиялық өнер түрлерімен синтезделген цирк өнері туралы сөз айтылса, елдің бәрі аңызға айналған канадалық «Дю Солей» циркін еске алады. Бірақ әйгілі Дю Солейдің өзінде ұжымы мен әртістері жоқ, ондай штатта әртістер болмаған соң әрине, жануарлары да болмайды. Олар әр қойылымға жан-жақтан дайын нөмірлерімен әртістерді, спортшыларды келісімшарт бойынша белгілі бір уақытқа шақырып, тек шоулар дайындап көрсетеді. Ал біздің цирктерде шығармашылық ұжым, әртістермен бірге ат, түйе, жолбарыс пен иттер, аю, жылан, ешкі сынды жан-жануарларымыз бар және оларды өзіміз дайындаймыз. Жарнама деген керемет күш, сол «Дю Солей» циркін көру үшін кем дегенде бір ай бұрын билет сатып алынады. Билеттерінің құны да қымбат, тіпті 1000-3000 АҚШ долларына дейін жетеді. Жарнама жақсы болған соң қымбаттығына қарамастан, билеттері де тез сатылады. Себебі олардың кереметтігі қаражатты аямай, жаңа технологияларды пайдалана отырып, елді таңдандыру үшін небір сценаристер мен керемет режиссерлерді шақырып, дара шоулар жасай білуінде. Әрине, мұның бәріне қыруар қаражат керек, және ол өз шығынын он есе ақтайды. Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі болып жатқан кезде осы «Дю Солей» циркі келгенін көрген боларсыздар, сонда адам таң қалып, құлап түсердей ештеңе бола қойған жоқ, олардың тек сол техникалық мүмкіншіліктерді жақсы пайдаланғаны, лентамен жүрген темір аттары ғана есімізде қалды.
Ендігі жерде бізге де өзімізді етене таныту үшін ұлттық ерекшеліктеріміз бен салт-дәстүрімізді цирк тілінде сөйлете білуіміз керек. Бүгінгі таңда ат үстіндегі ойындар мен трюктердің барлығы цирк қойылымдарының ең бір негізгі нөмірлеріне айналды. Ат үстінде өнер көрсету – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ауыр өнер. Сондықтан біз бұны ата-бабамыздан қанмен берілген төл өнер деп қана қоймай, ат үстінде өнер көрсететін жастарды тәрбиелеумен айналысып келеміз. Бүгінгі таңда аттың құлағында ұршықтай үйірілетін әртістеріміз әлем бойынша үлкен сұранысқа ие. Небір шетелдік кинокомпаниялар каскадерларымызға үлкен қызығушылық танытып, ұдайы шақырып жүр. Ат үстінде өнер көрсету акробатиканың бір түрі есебінде үйретіліп отырады. Сондықтан да бұл жанрда өнер көрсететін жігіттерді даярлайтын мықты мектеп қалыптасты деп айтуымызға болады. Кез келген мемлекетке барсаңыз, олардың ұлттық колориті бірден байқалып тұрады. Біздерге де кез келген қойылымдар мен бағдарламаларда өзіміздің ұлттық бояуымыз байқалып тұруы қажет. Оны көрерменге әдемі жеткізе білу, режиссерлік шешімдердің маңызы аса зор. Біздің Қазақ мемлекеттік циркіне 50 жыл толды. Осы орайда Қазақ мемлекеттік циркі мерейтойлық үлкен халықаралық фестивальға дайындық жасап, жоспарлап қойған ұлтымыздың «Ертөстік» ертегісінің желісінде лазерлік шоу дайындап, көрерменге жеткізген едік, өкінішке қарай, әлемдік пандемияның кесірінен ол жоспарымыз іске аспай қалды. Дегенмен келешекте де дайындалатын бағдарламалар мен қойылымдар толығымен ұлттық нақышта болуы керек...
– Әңгімеңізге рахмет.