Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.
Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Алматы, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында іске қосылған «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» қанатқақты жобасы туралы кеңінен мағлұмат берілген отырысқа Ұлттық комиссия мүшелері, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Басқосуды ашқан Ұлттық комиссия басшысы Ләззат Рамазанова Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында алға қойылған міндеттер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын жақсарту және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшін жоғары жауапкершілік пен үйлесімді іс-қимылды талап ететінін атап өтті.
«Отбасы әл-ауқатының мәселелері, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жүйелі алдын алу бойынша қоғамдық ұйымдармен тиімді өзара іс-қимыл жасау, қиын жағдайға тап болған азаматтарға уақтылы көмек көрсету мәселелері Ұлттық комиссия жұмысының басым бағыты болып қала береді», деп атап өтті Ләззат Рамазанова. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жай-күйін талдау еліміздегі әрбір екінші қылмыстың мас күйде жасалатынын, заңсыз әрекеттердің 70-75 пайызы тұрғын үй-жайларда тіркелетінін көрсетіп отыр. Сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтың 80 пайызында зорлық-зомбылық субъектілері – ерлі-зайыпты немесе азаматтық некеде тұрған адамдар болса, 20 пайызы өзге туыстық қатынастағы адамдар.
Қолға алынған іс-шараларға қарамастан, әлі де шешуді талап ететін мәселе аз емес. Басқосу барысында аумақтарды дамыту жоспарларында отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша нысаналы индикаторлардың жоқ екені айтылды. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың құзыреті де нақтыланбаған. Алдын алу жүйесіне әділет, мәдениет және спорт, ішкі және жастар саясаты органдары тартылмаған.
Бұл орайда комиссия басшысы жүйелі мониторинг жүргізу, әлеуметтік қолайсыздық пен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды және жедел ден қою тетіктерін нығайту қажеттігін сөз етті.
Отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің Ұлттық статистика бюросының өңірлердегі отбасылардың әл-ауқатына мониторинг жүргізу нәтижелері және Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының индикаторларын есептеу әдістемесі туралы ақпараты тыңдалды.
Министрліктің ақпараты бойынша, «Отбасының цифрлы картасын» енгізу жоспарлануда. «Еліміздің 19 миллион тұрғынына талдау жүргізілді, 5 миллион 341 мың отбасының цифрлы карталары қалыптастырылды. Бүгінгі таңда отбасылардың 2,7 миллион немесе 50,6%-ы қолайлы және жақсы деңгейге жатады. Атаулы әлеуметтік көмекпен қамту 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 186,2 мың отбасыға дейін немесе 891,1 мың адамнан астам өсті, өсім 25%-ды құрады», делінген ведомство таратқан мәліметте.
Ал Ұлттық статистика бюросы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде 9 нысаналы индикатор бойынша есептеу әдістемесін әзірлеген. Ол отбасылық және гендерлік саясатты іске асыру тиімділігінің негізгі көрсеткіштерін қалыптастыру тәртібін жүйелендіруге, деректерді жинау, ұсыну және оларды сақтау үшін уәкілетті мемлекеттік органдардың жауапкершілігін бекітуге мүмкіндік береді.
Отырыс соңында комиссия төрағасы Ләззат Рамазанова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты ұсыныс айтып, ортақ жұмыстарды пысықтады.