–––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––––Бүгінде елорданың екі мектебінде «Профессор сабағы» өтеді. №52 және №85 мектеп-гимназияларында былтыр наурыз айынан бері іске қосылған бұл сабақ қазіргі таңда оң нәтижесін көрсетіп келеді. Білімді жаңғырту орталығының тың жобасы саналатын «Профессор сабағының» мұғалімі – «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының авторы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Кіші ғылым академиясының вице-президенті Нұрша Оразахынова.
Биыл көктемде Б.Майлин атындағы №52 мектеп-гимназияда профессор Нұрша Алжанбайқызының «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының зертханасы ашылды. Ал төл технологияның теориялық негізі – Алаш арыстарының ой-тұжырымдары. «Кешенді оқыту» терминін өз еңбегінде алғаш қолданған Алаш арысы – Жүсіпбек Аймауытов. Оның тұжырымы бойынша, әр пәндегі өтілетін тақырып жеке оқытылмай, топтастырылып берілу керек. Н.Оразахынованың ұстанымы да осыған саяды. «Ұлтты сүю, қазақтың өзгеше мінезін сақтап қалу туған ана тілін қалай оқытуға байланысты. Тіл – жұрттың жаны. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт». Жүсіпбек Аймауытұлының осы тұжырымын шамшырақ етіп алған технологияның басты межесі де осы – ана тіліміздің жалауын жықпай-ақ екінші, үшінші тілдерді меңгерудің негізін қалау, таңдау пәні арқылы оқушылардың білімін тереңдетіп, дүниетанымын кеңейту. Аталған зертхана Үкіметтің «Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі» қаулысына сәйкес, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын басшылыққа ала отырып, Нұр-Сұлтан қаласының орта білім беру ұйымдарында жүзеге асып жатқан «Профессор сабағы» жобасы аясында іске қосылған еді. Қазіргі таңда төл технологиямызға арналған зертхана жұмысы елордалық білім саласының дамуына зор үлесін қосып келеді.
Бүгінде «Сатылай кешенді оқыту» технологиясына 27 жыл толып отыр. Осы технология шеңберінде білімдерін жетілдіріп келе жатқан бастауыш сынып оқушыларының алғырлығы мен дарынына сүйсінуге болады. Қазақ тілінің қасиетін түсіндіріп, баланың функционалдық сауатын арттыруға талай жылдан бері аянбай еңбек етіп келе жатқан профессор педагогика саласындағы ұлттық технологияның тамыры тереңде жатқанын айтады.
«Егемендік алған алғашқы жылдардан бастап төл технологияны білім беру жүйесіне енгізу үшін еңбектенемін. «Сатылай кешенді оқытудың» басты көздегені – қазақ тілінде ойын толық жеткізе алатын, ұлттық құндылықтарды бағалай білетін, қазақтың тарихы мен мәдениетін терең меңгерген, ұлттық санасы қалыптасқан, рухы биік көптілді, білімді тұлға қалыптастыру. Елдің тұтқасын ұстар бүгінгі бала, ертеңгі өрендер қажырлы, қайратты, ең бастысы – қазақ тілінде тосылмай сөйлейтін өр намысты болуы қажет. Осы орайда төл технология әр оқушыға кез келген пәнді жеңіл игеруге жол ашады. Ал зертхана тәлімгерлері осы технологияның негізінде қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын, орыс тілдері, математика пәндерін жылдам әрі тыңғылықты оқитын болады», дейді Н.Оразахынова.
Оқушылардың меңгерген білім деңгейі мен таным-қабілетін айқындап беретін зертханадан қазақ тілінде ойын толық жеткізе алатын тұлға өсіп шығатыны анық. «Білімді жаңғырту орталығының 30 жылға жуық тарихы бар технологияны қолдап, осындай сабақты өткізуге ұсыныс жасағанына қуаныштымын. Сабақты өткізу алаңы ретінде елордадағы №52 мектепті таңдап алуымыздың да себебі бар. Бірнеше жыл бұрын мектепте төл технология бойынша тәжірибелік жұмыс басталған еді. Осы ауқымды іс-шаралардың нәтижесінде үлкен республикалық семинар ұйымдастырылды. Семинар кезінде балалардың біліміне еліміздің түпкір-түпкірінен келген мектеп басшылары мен мұғалімдері тәнті болған еді», деген профессор жоба аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы №52 және №86 мектеп гимназияларында атқарған жұмыстарымен де таныстырып өтті.
«Кешенді білім беру әдісі қысқа мерзімде балалардың ойлау, сөйлеу дағдысын ұштайды. Бұл балалар жоғары нәтижеде оқып жатқан оқушылар емес. Мұнда білімі орташалар оқиды. Балалардың білімін одан әрі жетілдіру, дамыту мақсатында 16 сабақ ұйымдастырдық. Бұл сабақтардың 15-ы онлайн форматта өтті. Сабаққа оқушылар үлкен қызығушылықпен қатысты. Әрине, «Профессор сабағында» беріліп отырған білім мектептің көлемінен де жоғары деңгейде. Сабақтың өзіндік ерекшелігі де осында. Осы жағынан маған технология өте көп көмектесті. Қарапайымнан үздік, қатардағы баладан озат оқушы жасау – «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының негізінде мүмкін дүние. Бұл әдіс бойынша тек қазақ тілі емес, өзге де пәндерді игеруге болады», дейді ұлағатты ұстаз.
«Заманауи талаптарға сай оқу-тәрбие үрдісін ұлттық құндылықтарға негіздеу арқылы ұлттық мектептің үлгісін жасау қажет». Бұл ойды Нұрша Алжанбайқызының жалықпай айтып келе жатқанына да бірталай жыл болды. Алайда 1994-1995 оқу жылынан бастап жүргізіліп келе жатқан «Сатылай кешенді оқыту» әлі күнге толық бекітілмеген. Қазақ тілінің қасиетін түсіндіру арқылы өзге пәндердің қыр-сырын тез меңгеруге, функционалдық сауатты арттыруды көздейтін технология бойынша қазіргі таңда бір ғана елорданың өзінде 2 мыңнан астам білім алушы, 150-ге жуық тәрбиеленуші сөйлеу дағдыларын қалыптастырып, ұлттық тәлім-тәрбиемен сусындауда. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының тәжірибелік алаң жұмыстарына ел көлемінде 7 балабақша тәрбиешісі мен жүзден астам мұғалім белсенді қатысып жүр. Нұр-Сұлтан аумағында соңғы 9 жыл көлемінде жүргізіліп, аясы кеңейіп келе жатқан төл технологияның алғашқы жеңісі мен жетістіктері аз емес. Ал «Профессор сабағының» мұғалімі Нұрша Алжанбайқызы «Бұл технология әсіресе, қазақшаға шорқақ балалар үшін таптырмас оқыту әдістемесі. Мектеп оқушылары осы технология бойынша оқитын болса, ана тілін жетік меңгеріп қана қоймай, сөздік қорын молайтып, өзге пәндер бойынша да ойлау қабілетін дамытады», дейді.