• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қазан, 2021

Маңғыстаулық журналистер облыс әкімінен араша сұрады

314 рет
көрсетілді

«Маңғыстау медиа» орталығының қызметкерлері өздері орналасқан ғимаратқа қатысты алаңдаушылықтарын білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Маңғыстау медиа» құрамына 5 аудан, 2 облыстық, 1 қалалық газеттер мен 1 облыстық сайт енген ірі орталық. Ал оның қызметкерлері бір жерде шоғырланған. Мұнда журналистер облыстағы жаңалықтар мен оқиғаларды аймақ тұрғындарынан бөлек, республика көлемінде де таратып отыр. 

Күні кеше аталған орталық орналасқан ғимаратқа Маңғыстау облысы әкімінің орынбасарлары – Абзал Меңдібаев пен Бекбол Орынбасаров және қаржы басқармасының басшылары бастаған бір топ шенеуніктер келген.

Тілшілер оларды орталықпен танысып, қызметкерлермен жолығар деп жорамалдағандарын айтады. Алайда ақжағалы азаматтар ғимаратқа көз сала келген көрінеді. Себебі тілшілер отырған ғимарат мемлекеттің меншігі.

Сондықтан бұл ғимаратта туристер үшін қолөнер бұйымдары қойылатын көрмелер орналастыру жоспарланған. Мұндай идея орталық қызметкерлеріне ұнамай қалған сынайлы. Бұдан бөлек халық қалаулыларының тұрпайылығына ашынған тілшілер сайттарына шағын мақала ұсыныпты. «3-шағын ауданда отырғанда (бұған дейін тілшілер интернет желісі әлсіз, шалғайдағы ғимаратта жұмыс істеп келген) жұмысымызға бір бас сұғып, жағдайымызды білгісі келмеген белсенді шенеуніктер енді жаңа ғимаратқа көз алартуда ма?! Қоғамның осал тұсын жөндеуге тырысып, халықтың мұңын жеткізуге тырысқан журналистерге осы ғимаратты да көп көргені ме?! Жоқ, аймақтың журналистерінде ала алмай жүрген өштері бар ма?!» дейді орталық журналистері. 

Тілшілер аталған мәселеге облыс әкімінің назар аударуын сұрап отыр.

«Құрметті Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы! Қоғамның, халықтың сөзін сөйлеп жүрген журналистерге сізді араша түседі деген ойдамыз. Осы келеңсіз жайттың дұрыс шешімін тауып беруіңізді сұраймыз», дейді олар.