ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында ауылдық жерлерде тұратын азаматтардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту мақсатында 1 қазаннан бастап «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафоны басталды, деп жазады Egemen.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Марафон отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, халық қолөнерінің элементтерін сақтау және көрсету, ауылдарды тұрақты дамыту мақсатында өткізіледі.
Шара аясында отандық өндірушілердің ауыл шаруашылығы саласындағы жетістігі мен өнімінің көрме-жәрмеңкесін ұйымдастыру, деректі фильм түсіру, ауыл еңбеккерлерінің, еңбек ерлерінің, ғалымдардың, ауыл және аудандардың құрметті азаматының қатысуымен ауыл өмірі туралы мақала жариялау жоспарланған.
Жоба аясында ұйымдастырылатын шаралар негізінен ауыл шаруашылығы тауарларын ішкі және сыртқы нарықтарға жылжытуға, азаматтарды ауыл шаруашылығы саласында қол жеткізілген жетістіктермен таныстыруға, қазақстандық мемлекеттілікті сақтауға және нығайтуға, Қазақстан азаматтарының бірлік және патриотизм сезімдерін күшейтуге бағытталады.
Іс-шаралар эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 2021 жылғы 1-31 қазан аралығында қалаларда, аудандар мен ауылдарда өтеді.