Биыл қазақ әдебиеті үшін атаулы күнге толы жыл болғаны анық. Оның ішінде ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойын атап өтуге деген ел ықыласы ерекше еді. Әсіресе, ақынның кіндік қаны тамған Жетісу өлкесі, оның ішінде Қарасаз ауылы даңқты перзентінің тоқсан жылдығын торқалы той етіп өткізуге ұзақ дайындалды.
Атаулы шараның шарапатын ауыл көреді
Мұны Мұқағалидың мерейтойын ұйымдастыру жөніндегі арнайы жұмыс тобын Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың өзі басқаруынан байқауға болар. Сол той күні кеше Нарынқол топырағында дүрілдеп өтті. Салтанатты іс-шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысып, ел-жұрттың қуанышын бөлісті.
Жалпы, мерейтой аясында, ең алдымен ақынның туған жері Қарасаз ауылы, Қарасазбен іргелес елді мекен Сарыжаз, аудан орталығы Нарынқол абаттандырылды. Жолдар жасалып, ауыз су жүйесі жаңғыртылып, мәдени нысандар жөнделді, саябақтар салу қолға алынып, ескерткіш орнатылды. Жалпы, мерейтойға алдын ала дайындық барысында Қарасаз ауылындағы ақын музейіне, мәдениет үйіне, А.Барманбекұлы атындағы орта мектепке жөндеу жұмыстары жасалып, нысандар жаңа кейіпке енді. Елді мекеннің орталық көшелері, орталық алаңы абаттандырылып, көше шамдары орнатылды.
Оның ішінде биыл 3 гектар аумағы бар Мұқағали атындағы жаңа саябақтың құрылысы басталды. Құны 374,5 млн теңгелік жобада концерттік сахна, шағын футбол алаңы, балалар алаңы, воркаут спорт алаңы, аллея, демалыс аймағы қарастырылған. Сол сияқты аудандық әкімдік ғимаратының жанынан шағын саябақ салына бастады. Ал аудандық мәдениет үйінің алдындағы сквер мен орталық саябақ толық абаттандырылды.
Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген 427,1 млн теңгеге ауыз су жүйесі қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр. Қарасаз ауылында өнер мектебін салу да – мерейтой аясындағы маңызды бастамалардың қатарын толықтыруда. Қазір нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Мұнан бөлек, ауылға кіреберістегі Жастар саябағы да абаттандырылды.
«Мұқағали тілі сөздігі» таныстырылды
Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық тойы туған ауылы Қарасаздағы мәдениет үйінде ресми түрде тұсауын кесті.
Екі күнге созылған салтанатты іс-шараның алғашқы күні «Мұқағали – ғасыр ақыны» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференциямен басталды. Бұл жиында әдебиетші академиктер Байынқол Қалиев пен Шерубай Құрманбайұлы, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы, «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжит, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы және басқа да ғалымдар мен қаламгерлер ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер мен терең талдауларын ортаға салды.
Осы басқосуда мерейтойға орай арнайы шығарылған «Мұқағали тілі сөздігі» кітабы таныстырылды.
Ел ішіндегі еңселі ескерткіш
Нарынқол ауылындағы орталық алаңда Мұқағали ақынның еңселі ескерткіші ашылды. Мерейтойлық іс-шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және ақынның ұлы мен келіні Жұлдыз Мақатаев пен Бақытгүл Айдарова қатысты. Сондай-ақ ескерткіштің ашылуына ТҮРКСОЙ ұйымының өкілдері, Парламент депутаттары, ел зиялылары және аудан жұртшылығы да арнайы келген екен.
– Мұқағали – жырдың асыл қазынасы. Ол – өткен мен жаңаның арасын жалғаған алтын көпір. Елбасы мен Президенттің бастамасымен ақынның ғасырлық тойын ЮНЕСКО көлемінде өткізуге ұсыныстар дайындалуда. Бүгінгі той құтты болсын! Халқымыздың рухы Мұқағали жырларындай таза, Хантәңіріндей асқақ, Көлсайдай көрікті болсын! деген Қырымбек Көшербаев нарынқолдықтарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын оқып берді.
Айтпақшы, еңселі ескерткішті дайындауға облыстық бюджеттен 61,1 млн теңге жұмсалды. Жұмысты мердігер ұйым «Тайқазан» серіктестігі істеп, ескерткіштің өзін қоладан құйып, тұғырын граниттен орнатыпты. Ал ескерткіштің биіктігі 8,2 метр екен. Жобаның авторлары – сәулетші А.Рүстембеков пен мүсінші Қ.Кәкімов. Сондай-ақ ескерткіш орнатылған орталық саябақтағы алаңды абаттандыруға мейлінше мән берілген. Осы мақсатқа өңір бюджетінен 70,1 млн теңге бөлініп, аумақ көгалдандырылды. Мұнан бөлек, суару жүйесі жүргізілді, жарық шамдары орнатылып, шағын сәулеттік нысандар да қойылыпты.
Мерейтой қоныстойға ұласты
Мұқағалидың 90 жылдық мерейтойы аудан орталығындағы жаңадан салынған үйлердің құрылысы аяқталып, баспаналы болған ағайындардың қоныстойына ұласты деуге әбден болады. Яғни ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай нарынқолдық 50 тұрғын жаңа үйдің кілтін қолға алды. Пайдалануға берілген әр үйдің ауданы 100 шаршы метр екен. Шаруашылық жүргізуге арналған 10 сотық жері және бар. Ал үйдің өзі үлкен 3 бөлме, ас үйден тұрса, әжетхана, жуынатын орын да ішке қойылыпты. Айтпақшы, ыстық және суық суы да тартылған. Барлығы жаңа, сапасы жақсы, талапқа сай. Заманауи баспананы «Гунн Строй Сервис» салса, нысанның жобасын «ЭлМ» компаниясы жасаған. Негізінен бұл үйлердің құрылысына 1,1 млрд теңге бөлінген. Тұрғын үй кілттерін тапсыру рәсімінде сөз алған Қырымбек Көшербаев Райымбек ауданының қайта түлегенін көріп, өлкенің әрі қарай дамуына тілектестігін жеткізді.
– Егемендіктің елең-алаңында Нарынқолда қиыншылық кезеңдері өтті. Бірақ Елбасының шешіміне сәйкес, Райымбек ауданы қайта қалпына келді. Артынша кезінде көшіп кеткен 2,5 мың тұрғын туған жеріне қайтып оралып, өңірдегі тіршілік жандана түсті. Осының бәрі – тәуелсіздіктің арқасы. Облыс әкімі Амандық Баталовқа да алғыс айтқым келеді. Өңір жайнап, өсе берсін. Нарынқолдың жаңарып, жаңғырып жатқанын көру біз үшін үлкен қуаныш, – деді Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев.