• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Әлем 04 Қазан, 2021

Грузиядағы саяси дағдарыс

502 рет
көрсетілді

Сенбіде Грузияда жер­­гі­лікті билік орган­дары­ның, соның ішінде Тбилиси мэрі­нің сайлауы өтті. Ел­дің бұрынғы президенті М.Саа­кашвилидің Грузияға оралып, ұсталуы да сая­си ахуалды күрделендіріп жіберді. 

2 қазанда сайлаушылар жергілікті өзін өзі басқару органдарының (сакребуло) 2 мыңнан астам мүшесін және Тбилиси, Кутаиси, Поти, Батумиді қоса алғанда, 64 қаланың әкімдерін таңдады. 3,4 миллион азаматтың дауыс беру құқығы бар, 241 адам әкім болуға, ал 2,8 мың үміткер қалалық кеңестерге өз кандидатурасын ұсынған.

Биылғы жағдай 2012 жылдан басталған сайлау науқандарымен ұқсас. Негізгі дода билеуші «Грузин арманы» мен «Біртұтас ұлттық қозғалыс» оппозициясының арасында өрбіді. Сайлауға барлығы 40-тан астам партияның өкілдері қатысты.

Бұл сайлау Грузияда қалыптасқан ішкі саяси дағ­дарыстың тағы бір кезеңі болды. Жағдай 2020 жыл­дың күзінде өткен парламенттік сайлаудан кейін тағы у­шыға түскен. Сайлауда «Грузин арманы» партиясы ба­сым­дықпен жеңіп, өзге тоғыз оппозициялық партия пар­ламентке өткен. Алайда олардың барлығы дерлік сай­лау кезіндегі заң бұзушылықтарды айта келе, жаңа Пар­ламентте жұмыс істеуден бас тартқан. Саяси тығырық­тан шығатын жолды табу үшін Еуропалық Кеңестің басшысы Шарль Мишель араласуға мәжбүр болған.

Дауыс беру аяқталғаннан кейін шығарылған exit poll нәтижесі бойынша билеуші партия алда келе жатқаны белгілі болды.

Грузия оппозициясы жергілікті сайлаудың нәтижелерін билікке деген сенімнің «референдумы» ретінде қарастырып отыр. 2021 жылдың сәуірінде Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишельдің делдалдығымен «Грузин арманы» партиясы мен бірнеше оппозициялық партия арасында Грузияның саяси дағдарыстан шығуы туралы келісімге қол қойылған. Құжатта бірқатар реформа қарастырылған, сонымен қатар егер билеуші партия жергілікті сайлау­да 43%-дан астам дауыс жинай алмаса, мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізетіні туралы да ереже бар. Алайда кейінірек билеуші «Грузин арманы» партиясы бұл келісімнен шықты. Оның өкілдері егер билеуші партия жергілікті сайлауда 1% дауыс жинаса да, мерзімінен бұрын парламенттік сайлау болмайтынын мәлімдеген.

Сондай-ақ 1 қазанда Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили өткізген төтенше брифингте сайлауға орай елге оралған экс-президент Михаил Саакашвилидің қамауға алынғаны белгілі болды.