Литвада өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалында Қазақстанның ұлттық құрамасы Португалиямен күш сынасты. 2000 жылы дүниежүзілік доп додасында қола медальді иеленіп, 2018 жылы Еуропа біріншілігінде қарсылас шақ келтірмеген айтулы команда Балтық жағалауында жалауы желбірген жарысқа да өте керемет бабында келген екен. Қазақстан да қара жаяу емес екенін айғақтады.
Негізі кездесудің басталғанына төрт минуттай өткенде Дәурен Тұрсағұлов пен Шыңғыс Есенаманов ұйымдастырған тамаша шабуылдың арқасында Біржан Оразов гол соққан болатын. Бірақ соның алдында доп сыртқа шығып кеткендіктен, төреші оны есептемеді. Содан кейін позиция үшін тартыс басталды. Қос команда да барын салып, айқас алаңында өздерінің басымдығын дәлелдеуге тырысты. Екі жақтың ойыншылары жиі-жиі алға ұмтылып, қауіпті шабуылдар ұйымдастырғанымен, қорғаныста да өте сақ ойнауға тырысты. Өйткені осындай аса шиеленісті бәсекеде бір голдың өзі барлық мәселені шешуі мүмкін еді.
Бірінші кезеңде ерекше есте қалған жайттар көп болды. Мәселен, Тайнанның құлап бара жатып, қайшылап тепкен добы маңдайшаға тиді. Бұрыштамадан берілген допты Оразов қақпаға қарай бағыттаған еді, алайда ол бағанаға барып соғылды. Сол секілді Португалия футзалшыларының да таблодағы есепті өзгертуге бірнеше мүмкіндігі болды. Бірақ Игитаның ептілігінің арқасында қақпамыз аман қалды.
Үзілістен кейін ойын қайта жанданды. 23-минутта Анилтон Сезар Пани португалиялықтарды алға шығарды – 1:0. Таразы басын теңестеру үшін жерлестерімізге көп тер төгуге тура келді. Тек негізгі уақыттың аяқталуына санаулы секундтар ғана қалғанда Кака қақпашы Игитаның орнына Дәурен Нұрғожинді бесінші ойыншы ретінде алаңға шығарды. Бас бапкердің бұл тактикасы өз жемісін берді, ойын аяқталуға санаулы секунд қалғанда Дәурен тепкен доп торда тулады – 1:1.
Ойын экстра-таймға ұлысып, екінші минутта Жуниор Дуглас айып добын өте керемет орындады – 1:2. Допты көзбен шығарып салған қақпашының басын шайқағаннан басқа амалы қалмады. Бірақ бұл басымдықты біз ұстап тұра алмадық. Қосымша уақыт аяқталар тұста Бруну Коэлью есепті теңестіріп кетті – 2:2. Ал пенальти соғу барысында Пиреней түбегі түлектерінің бағы жанды. Қорытынды есеп 2:2 (4:3). Бұл жеңістің Португалия футзалшыларына оңай келмегені соншалық, олардың кейбір ойыншылары қуаныштан көздеріне ерік берді. Ал біздің Қазақстан құрамасын да жеңілді деп айтуға ауыз бармайтындай күй кешкеніміз тағы рас.
Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні жерлестеріміз Бразилия құрамасымен қола медаль үшін сайысқа түсті. Ал бас жүлде үшін тартыс Аргентина мен Португалия футзалшылары арасында өрбіді. Бұл бәсекелердің қалай өткені жайында газетіміздің ертеңгі санында егжей-тегжейлі баяндайтын боламыз.