Қазан айы Қазақстанда Беларусь Республикасының мәдениет күндері аясында елорда жұртшылығы «Керуен» ойын-сауық және сауда орталығындағы кинотеатрдан 10-нан астам беларусь фильмін тегін тамашалады.
Кино күндерінің шымылдығы режиссер Дмитрий Астраханның «Диверсанттың тағдыры» фильмімен ашылды.
«Екі ел арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастың іргесі берік. Соның ішінде мәдени қарым-қатынас та бар. Қазақстан Беларусьте өтетін ірі мәдени-ағарту іс-шараларына белсене қатысып келеді. Одан бөлек, бізде мемлекет бюджетінен Беларусь елімен бірлесіп фильм түсіруге қаржы қарастырылған», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.
Қазақстандағы Беларусь Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Павел Утюпин сол елде алғаш рет 2013 жылы Қазақстанның мәдениет күндері аталып өтілгенін айтты. «Нұр-Сұлтан қаласындағы мәдениет күндерін отандық фильмдерімізді ұсынудан бастаймыз. Қазақстандық көрермендерге тарихи, көркем және анимациялық фильмдер көрсетілетін болады. Кинотуындылар қазақстандықтардың көңілінен шығады деп ойлаймыз. Сол сияқты фильмдерді тамашалау арқылы беларусь халқын жақынырақ тани аласыздар деген үміттемін», деді ол.
Сондай-ақ елшінің айтуынша, «Қазақфильм» мен «Беларусьфильм» бірлесіп «1941 жылдың жазы» атты тарихи фильм түсірген.
«Екінші дүниежүзілік соғыс – Беларусь пен Қазақстанға ортақ қасірет. Тиісінше Жеңіс те – бүкіл КСРО елдеріне ортақ. Өкінішке қарай, Ұлы Отан соғысына аттанған әрбір үшінші беларусь оралмады. Соғыс кезінде Беларусь аумағын азат ету жолында күрескен 80-нен астам қазақстандық түрлі дәрежедегі марапатқа ие болды. Ұлы Отан соғысы тақырыбы ортақ болғандықтан Беларусь пен Қазақстан бірлескен жобаларды қолға алып жатыр. Соның бірі – биыл жазда «Қазақфильм» мен «Беларусьфильм» бірлесіп «1941 жылдың жазы» атты фильм түсірді. Жуырда тұсаукесері өтеді деп жоспарланып отыр», деді Павел Утюпин. Аталған фильм қазақстандық партизан Әди Шәріпов туралы болмақ.
Бұдан бөлек, Беларусь мәдениеті күндері аясында Ұлттық музейде Беларусь жас суретшілерінің көрмесі ашылды. Көрмеге қазіргі Беларусьті бейнелейтін туындылар қойылған. Сонымен қатар Беларусь эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті.