ҚР Сауда жəне интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы» қаулы жобасын әзірледі, деп жазады Egemen.kz.
Көрсетілген қаулыда «Құрметті метролог», «Құрметті стандарттаушы» сынды екі төсбелгі енгізу көзделген:
«Құрметті метролог» төсбелгісімен өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында 10 жылдан кем емес жұмыс өтілі бар мамандар, сондай-ақ өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан өзге де адамдар заңнамалық және нормативтік негіздерді әзірлегені, көп жылдық және жемісті жұмысы, оқу процесінде қазіргі заманғы педагогикалық және практикалық жетістіктерді тиімді пайдаланғаны, кадрлардың біліктілігін арттыру жүйесін ұйымдастыруды едәуір жақсартқаны, метрология саласында лайықты беделге қол жеткізгені үшін наградталады»;
«Құрметті стандарттаушы» төсбелгісімен стандарттау саласында 10 жылдан кем емес жұмыс өтілі болған кезде жоғары кәсіби қызметкерлер, сондай-ақ ұлттық стандарттау жүйесін дамытуға дербес зор үлес қосқан өзге де адамдар техникалық реттеу саласындағы заңнамалық және нормативтік негіздерді әзірлегені, көп жылдық және жемісті жұмысы, кәсіби қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені, ерекше сіңірген еңбегі және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін марапатталады», деп жазылған жобада.
Қаулы 18 қазанға дейін көпшілік талқылауына ашық.