Aitu қолданбасын әзірлеушілер адамның Ashyq-тағы ковид-статусын бір рет басқанда көрсететін жаңа функция әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Статусыңызды бір рет тексергеннен кейін, статус көрсетілген экранды смартфонның жұмыс үстеліне шығарып, мекемелерге кіруіңізді жеңілдетсеңіз болады.
Ол үшін Android негізді смартфон пайдаланушыларының алдымен Google Play-ден Aitu-ды жүктеп алып, авторлануы қажет. Одан әрі «Қолданбалар» бөліміндегі Ashyq қолданбасына кіріп, оның жоғарғы жағындағы қолданба атауын, содан соң «Басты экранға қосу» түймешігін басу керек – Ashyq қолданбасының белгішесі жұмыс үстеліне шығады.
iOS негізіндегі смартфон пайдаланушылары да дәл солай Aitu-да авторланып, «Қолданбалар» бөлімінен Ashyq-қа кірулері тиіс. Одан соң қолданбаның жоғарғы жағындағы қолданба атауын басып, QR сканерін жабады да, «Бөлісу» және «Көшіру» түймешігін басады – бұл әрекет арқылы сілтеме қолданбаның өзіне көшіріледі. Содан кейін сілтемені браузерге қойып, «бөлісуді» басқан соң, «үй экранына» түймешігін таңдау керек. Android-пайдаланушылармен салыстырғанда, iOS-пайдаланушылар смартфонның жұмыс үстелінде пайда болатын қолданбаға ат қоя алады.
«Басқа әзірлеушілердің көпшілігінде QR-ды сканерлеу мүмкіндігін пайдаланар алдында авторлану қажеттігі туындайды. Біз болсақ, қашанда клиент тәжірибесін жақсартуға тырысып, сол бағытқа барынша күш саламыз. Aitu-да, кез келген басқа мессенджердегідей, қолданбаны қайта пайдалану кезінде мерзімі шектеусіз автоматты авторлану сақталады. Яғни, адам телефонды бұғаттан шығара салысымен, қайта авторлануға уақыт жұмсамай, қолданбаны бірден пайдалана алады. Бұл Ashyq сервисін пайдалану кезінде уақыт үнемдеп, мекемелерге кірудің жайлырақ болуын қамтамасыз етеді», деп түсіндірді BTS Digital компаниясының өнім менеджері Нұрсұлтан Ахметов.
Айта кетейік, BTS Digital компаниясы өзінің Aitu платформасын Ashyq сервисіне қолжетімділіктің қосымша алаңы ретінде алғашқылардың бірі болып ұсынды және пайдаланушыларға ыңғайлырақ болуы үшін сервисті платформасына кіріктірді. Сондай-ақ, компания әзірлеушілері мекемелерді Ashyq жобасына тек қана смартфон көмегімен қосу процесін бірінші болып автоматтандырып, рәсімді айтарлықтай жеңілдете түсті. Атап айтқанда, Digital ID қашықтан сәйкестендіру сервисінің көмегімен сәйкестендіруді қамтамасыз ете отырып, QR-код алу үшін ЭЦҚ-ның болу міндеттілігін жойды. Aitu арқылы QR-кодты бірден және «күзетшілер» тізімін өңдей отыра алу мүмкіндігі пайда болды.
Әзірлеушілердің айтуынша, олар әлі де болса Ashyq сервисін пайдалануды операциялар тұрғысынан бұдан да жатық ете түсудің, пайдаланушыға қолайлырақ етудің амалдарын болжамдап, қарастыруда. Сондай гипотезалардың бір мысалы – Ashyq-тың ішінде көрінуі үшін вакциналау паспортын қосу немесе Ashyq жобасына қатысушы мекемелердің жұмыс уақытының картасын жасау.