• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 04 Қазан, 2021

Ұлтты танытатын ұлттық павильон

457 рет
көрсетілді

Бірнеше күн бұрын дүниежүзілік ЕХРО-2020 DUBAI көрмесі салтанатты түрде ашылып, Қазақстанның ұлттық павильоны өз жұмысын бастады. Біздің павильон аз ғана уақыттың ішінде туристер жиі тоқайласатын танымал орынға айналып үлгерді.

Қайда орналасқан?

Мұның өзіндік себептері де бар. Біріншіден, көрме аумағындағы Қазақстан павильонының орны сәтті таңдалған. Біздің павильон АҚШ павильонымен қатар тұр. Іс-шараны ұйымдастырушы мемлекет – Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық павильоны да таяқ тастам жерде орналасқан. Қарсы бағытта Италия павильоны көзге бірден шалынады. Артқы жақтан Қытайдың павильоны қол бұлғайды. Швейцария мен Беларусьтің павильондары да аса алыс емес.

Екіншіден, Қазақстан павильонының сыртқы стилі ерекше. Алыстан көз тартады. Сондықтан шығар, біздің павильонды ең алдымен Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактумның өзі аралап көріп, оң бағасын берді.

Ал оның салтанатты ашылу рәсіміне Халықаралық көрмелер бюросының президенті Джай-Чул Чойдың өзі арнайы келіп қатысты. Біле білсек, мұндай мәртебелі меймандардың ұлттық павильо­нымызға маңыз беруінің өзі үлкен мақ­таныш. Көрмеге қатысушы елдердің бас комиссарлары мен ЕХРО-2020 ұйым­дастыру комитетінің басшылығы да «Мүмкіндіктер» деп аталатын салалық аумақта орналасқан Қазақстан павильонын жоғары бағалады.

Ұлттық павильонның ашылуына қатысқан Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі Мадияр Меңілбековтің айтуын­ша, мұнда біздің елдің инвестиция­лық һәм туристік әлеуеті толықтай паш етілген. Саяси-экономикалық жетіс­тік­тері де қамтылған. 2017 жылы маман­дан­дырылған ЕХРО-2017 көрмесін ұйым­дас­тырған Нұр-Сұлтан қаласының да даму мүмкіндіктері көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Қазақстан павильоны шығыс сәулеті­мен өрнектелген. QazExpoCongress ұлт­­тық компаниясының басқарма төр­аға­сы, ЕХРО-2020 көрмесіндегі Қазақ­с­тан секциясының бас комиссары Аллен Шайжүнісовтың пікірінше, мұ­ны зама­науи цифрлы шешімдер мен дәстүр­лердің синтезі десе де болады.

– Павильон жеңіл конструкциядан жасалған. Іргелес аумағы ыстық климат­тық жағдайға байланысты көлеңкелі құры­лымдармен, құрғақ субұрқақтармен безендірілген. Бұл күн астында кезек күтіп тұрған келушілер үшін жасалған. Павильонның кіреберісін абаттандыруда Қазақстанның мәдени мұрасына жататын петроглифтер, геоглифтер, скиф-сақ мәдениетінің элементтері пайдаланылды. Павильон алдындағы арнайы жабдықталған ашық алаңда келушілер этникалық музыкалық ұжымдардың өнерін тамашалай алады, – дейді А.Шайжүнісов.

Туристерді павильонның кіре берісіндегі «Шежіре» ағашы ерекше таң қалдыруда. Мұнда түрлі этностардың тарихи байланысы мен Ұлы дала көшпен­ділерінің әлем халқының генетикасына қосқан үлесі туралы мол мағлұмат алуға болады. Сонымен қатар бірінші қабатта еліміздің туристік әлеуеті паш етілген. Онда қазақ жерінің көркем ландшафттары мен табиғи ресурстары, бай тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрсетілген.

Бірінші қабаттан екінші қабатқа көтері­лер тұстағы «Елорда – Еуразия жү­регі» ай­­мағында айбынды астананың тама­ша па­но­рамасымен танысуға мүм­кіндік бар.

– Екінші қабаттағы Future Now аймағы да қонақтардың қызығушылығын тудыруда. Мұнда Brixel Mirror кинетикалық арт-қондырғысы ұсынылған. Бұл цифр­лы дисплей секілді жұмыс істейтін бағ­дарламаланған қозғалмалы модуль­дік блоктар. Аталған аймақта түрлі интерак­тивті элементтер арқылы бірқатар сала­лар­д­ы қамтитын Vision Machine инс­тал­ля­циясы орналасқан. Мұнда инно­ва­циялық қала құрылысы, жасанды ин­тел­лект, болашақтың кәсіптері, тұ­рақты агро­өнеркәсіп, қоршаған ортаны қор­ғау, аэроғарыш өнеркәсібі секіл­ді бағыт­тардағы Қазақстанның әлеуеті­мен танысуға болады, – дейді А.Шайжүнісов.

Сонымен қатар павильонда елдің инвестициялық, өнеркәсіптік, көлік-логистикалық және аграрлық әлеуеті көпшілік назарына ұсынылған.

Соңында келушілерді панорама­лық кинотеатрдағы ерекше шоу күтеді. Шоудың сюжеттік желісі адам мен жасанды интеллектің өзара әрекеттесуін көрсетеді. Аталған аймақ көрменің «Ақыл-ойды біріктіре отырып, бола­шақ­ты қалыптастыру» атты басты тақы­рыбымен үндесіп тұр.

Жалпы алғанда, ұлттық павильон ішінде көрмеде емес, қазақтың дархан даласында жүргендей әсерге бөленесін. Көрме аяқталғанша Қазақстан павильонын 1 миллионға жуық адам та­ма­ша­лайды деп күтілуде. Осы орайда ұлттық павильонның құрылысы уақ­ты­лы аяқтал­ға­нын атап өткен жөн. Бұған ек­пін бере айтуымыздың себебі – көрме аума­­ғын­дағы кейбір павильондар мен ғима­рат­тардың құрылысы әлі жүріп жатыр.

Қазақстанның ұлттық павильоны ала­ңында біздің елдің ресми тұлға­лары­ның, сондай-ақ мемлекеттік орган­дардың, квазимемлекеттік және жеке секторлар өкілдерінің қатысуымен 25 іскерлік іс-шара өт­кізу жоспарланған. Іскерлік іс-шаралар шең­берінде конференциялар, форумдар, B2B кездесулер өткізілмек. Оның ішінде ел­дің ин­ве­стициялық және туристік әлеуеті бо­йын­ша та­ныстырылымдар, ғылыми және білім беру жо­балары, креативті шешімдер, сон­дай-ақ Қазақ­станның әлеуетті жобалары мен қа­зір­гі заманғы әзірлемелері ұсы­ны­­ла­­ды. Аталған іс-шаралардың қоры­тын­ды­сы бойынша ынтымақтастық туралы шарт­тар мен келісімдерге қол қойылмақ. Өз ке­зе­гінде мұның ел экономикасын дамыту­дағы мультипликативтік әсері зор болмақ.

Көрме аясында 1 желтоқсанда Қазақ­стан Республикасының Ұлттық күні өтеді. Сонымен қатар шара барысында елі­міздің Тәуелсіздік күніне және Нау­рыз мей­рамына ерекше басымдық беріледі.

Қанша қаржы жұмсалды?

QazExpoCongress ұлттық ком­па­ниясы­ның басқарма төрағасы А.Шай­жүнісо­в­тің мәліметінше, ЕХРО-2020 DUBAI көрмесіндегі Қазақстан ұлттық павильо­нының құрылысына шамамен 8 млрд теңге жұмсалған.

– Павильонның құрылысына қажетті 8 млрд теңге үш жыл бұрын мемле­кет­тік бюджеттен бөлінген болатын. Атал­ған сома 2015 жылы Миланда ұйым­­дас­­ты­рылған көрмедегі павильон құ­ры­лы­­сына жұмсалған қаржыдан шама­лы көп­­теу. Оның да өзіндік себептері бар. Өйт­кені екі павильонның көлемі әртүр­лі. Қазақ­стан Миландағы көрмеде 2 мың шаршы метрлік павильон орнатса, бұл жолғы павильон 3 400 шаршы метр аумақ­ты алып жатыр, – дейді ол.

А.Шайжүнісов ЕХРО-2020 DUBAI көрмесіндегі павильондардың құнына қатысты зерттеу жүргізілгенін айтты. Мәселен, Беларусь мемлекеті 2 500 шаршы метрлік павильонға 20 млн доллар жұмсаған. Ал павильонының көлемі 4 мың шаршы метрден асатын Ресей секілді мемлекеттер 40 миллионнан астам доллар/еуро шығындаған.

– Біздің павильон өте жақсы жерде орналасқан. Қарқынды даму жолына түскен Қазақстанның көрмеде сәтті орынға ие болуының өзі үлкен жетістік әрі мүмкіндік, – дейді А.Шайжүнісов.

Ол ұлттық павильонның көрмеден кейінгі жағдайы не болатынын да айтып берді. Бұл ретте бірнеше нұсқа қарастырылып отыр.

– Біріншіден, павильонды демонтаж­дауға болады. Яғни жинап, қайта құрас­тыруға мүмкіндік бар. Демек, оны бұл жер­­ден алып кетіп, Қазақстанға апа­­рып құ­руға болады. Сондай-ақ ЕХРО-2020 DUBAI көрмесінің ұйымдас­ты­ру­­шы­лары біздің павильонға қызығушы­лық таны­тып отырғанын атап өткен жөн. Олар оны осында қалдырып, сақтап қалу­ға бейілді. Павильон бірінші кезекте Қазақ­станның әлеуетін паш ету үшін салынды. Демек, оны осы мақсатта алдағы уақыт­та да пайдалана беруге болады, – дейді ол.

Әлбетте, бір павильон үшін 8 млрд теңге көп секілді. Бірақ оны ұстап тұру­­дың өзі қыруар шығын екен. QazExpoCongress ұлттық компаниясы­ның басшысы атап өткендей, оны ұстап тұруға 488 млн теңге жұмсалады.

– Біз көрмеге қатысушы өзге мемле­кеттер секілді электр энергиясына, су­мен жабдықтауға, тазалық жұмыс­тары­на және күзет қызметіне ақша төлей­міз. Ұйым­дастырушы ел электр энер­гия­сы­ның тарифін қымбаттатты. Ал таза­лық жұ­мыс­тары мен күзет қызметін көр­ме аумағын­да аккредитациядан өт­кен ком­­паниялар ғана ұсына алады. Яғни ұйым­дастырушылар бізге таң­дау қал­дырмай отыр. Дегенмен Бірік­кен Араб Әмірліктері ұйымдастыру коми­тетінің өтініші бойынша па­вильон аумағына кез келген затты бажсыз әкелу­ге жеңілдік қарастырды. Сондай-ақ павильон орна­лас­қан жерге салық салынбайды. Біз жұм­салған қаржының бәрі көрме аясында жасалатын келісімдер аясында толықтай ақталатынына сенімдіміз, – дейді А.Шайжүнісов.

Туристер не дейді?

Қазақстан павильонының ашылу рәсімінде немерелерін ерткен апайға көзіміз түсті. Жақын­дап, т­аныс­тық. Сара Смажанова есімді алма­ты­лық зейнеткер екен. Ол Дубайдағы дүниежүзілік көрме­ге арнайы келіп, Қазақстанның ұлттық павильо­нын алғашқылардың бірі болып аралады. Сара апай мұндай шараларға қатысу еліміздің әлемдік деңгейдегі абырой-беделін өсіреріне сенімді.

– ЕХРО-2020 DUBAI көрмесіне не­мерелерімді ертіп, арнайы келдім. Алғаш­қылардың бірі болып Қазақстанның ұлт­тық павильонын аралап көрдік. Ұна­ды. Сыртқы келбеті алыстан көз тар­та­ды. Іші де мазмұнды өрнектелген. Тари­хымыз, тех­нологиялық табыстарымыз тегіс қам­тылған. Бұйыртса, басқа да ел­дер­дің павильонын аралап, салыстыратын боламыз, – дейді С.Смажанова.

Ол немерелерінің павильоннан жақсы әсер алғанын жеткізді.

– Технологияның, ғылымның же­тіс­тіктерін көріп сүйсіндік. Оларды Қазақ­станның кең байтақ даласында қол­дану­ға болады. Керемет емес пе?! Жал­пы, Қазақ­станның дербес ел ретінде мұндай ауқым­ды шараларға қатысуы қашан­да мақтаныш сезімін ұялатады. Төрткүл дүние тегіс бас қосатын ірі жиын­дар­дан Қазақстанның қалыс қалмауы Тәуел­сіздігімізді бекемдей түсері анық. Еліміздің абыройы асқақтап, беделі өсе берсін! – деді С.Смажанова.

Ұлттық павильонға келген шетел­дік туристердің де пікірін білуге тырыс­тық. ЕХРО-2020 көрмесіндегі Бель­гия сек­ция­сының бас комиссары Пат­рик Феркау­терен Дрибл көрме екі ел ара­сындағы байланысты тереңдете түсеріне сенімді.

– ЕХРО-2020 көрмесінде Қазақстан павильонын алғашқылардың бірі болып аралап көру бұйырған екен. Па­вильон ұнады. Әсіресе, көпшілік наза­р­ы­­на ұсынылған технологиялық жетіс­тік­тер қызығушылық тудырды. Бель­гия мен Қазақстан серіктес мем­ле­кет­тер. Сондықтан ЕХРО-2020 DUBAI көр­месінен кейін біздің байланысымыз одан әрі тереңдей түспек. Қазақстандықтарды Бельгияның павильонын тамашалауға шақырамын, – деді ол.

Жас жұбайлар Киара Хильдебранд пен Сами Сайе де біздің павильонның жұмысын жоғары бағалады. 

– Мен аустриялықпын. Жұбайым палестиндік азамат. Осы Дубайда туып-өскен. Бірінші болып Қазақстанның павильонын араладық. Жақсы әсер алдық. Жалпы, ЕХРО көрмесіне алғаш рет қатысып отырмын. Оқушы кезімде бұл іс-шараның жарнамасын арагідік естіп қалушы едік. Енді, міне, өз көзімізбен көрдік. Қазақстан маған жақсы таныс. Ол жақта достарым бар. Бірақ әлі күнге дейін болған емеспін. Павильонда Қазақ­станның тарихымен, дәстүрімен, табиға­ты­­мен таныстым. Табиғатын барып көру керек екен деген байлам жасадық. Ерек­ше таң қалдырды, – дейді Киара Хильдебранд.

Расында да, Қазақстанның ұлттық павильоны ұлттың ұстыны іспетті.

Еске сала кетейік, дүниежүзілік EXPO-2020 DUBAI көрмесі 2021 жыл­дың 1 қа­за­ны мен 2022 жылдың 31 нау­рызы ара­лығында өтеді. Негізі бұл шара был­тыр өтуі керек еді. Алайда коронави­рус пандемиясына байланысты оның мерзімі шегерілді.

Таңдалған тақырып – «Ақыл-ойды бірік­тіре отырып, болашақты қалып­тас­тыру». ЕХРО-2020 үш салалық тақы­рыпқа бөлінген – «Мүмкіндіктер», «Мобиль­ділік» және «Тұрақты даму». Жоғары­да айтып өткеніміздей, біздің павильон «Мүмкіндіктер» бөлігінде орналасқан.

Көрмеге әлемнің 192 елі қатысуда. Оны шамамен 25 млн адам тама­шалайды деп күтілуде. Олардың 20 па­йы­зын бизнес өкілдері құрамақ. 182 күн­ге созылатын шараға келушілердің 70 па­йызы шетелдік туристер болмақ. Көр­менің жалпы аумағы 438 гектар жерді алып жатыр. Ол Дубай мен Абу-Даби қалаларының аралығында орналасқан.

Дүниежүзілік көрме индустрия­лан­дырудың символы саналады. Мұны техникалық һәм технологиялық жетістік­терді паш ететін ашық алаң десе де бола­ды. ЕХРО көрмелерінің ауқымы, ұзақ­тығы және келушілер саны бойынша ха­лық­аралық іс-шаралар арасында теңдесі жоқ. Бұл мемлекеттерді, компанияларды, ха­лық­ара­лық ұйымдар мен азаматтарды бай­ла­ныс­тыратын буын іспетті. Дүниежүзі­лік көр­мені 2015 жылы Милан (Италия) қабылдады. Биыл Дубай өткізіп жатыр. 2025 жылғы көрме Жапонияның Осака қаласында өтпек.

 

Дубай

(Біріккен Араб Әмірліктері)