• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 05 Қазан, 2021

Алжир Францияны айыптады

908 рет
көрсетілді

Алжир өзінің бұрынғы отарлық билеушісі – Францияны геноцид ұйым­дастырды деп айыптап, Фран­­ция президенті Эммануэль Мак­рон­­ның негізсіз пікірі үшін Париж­дегі елшісін елге қайтарып алды.

Сонымен қатар, Алжир үкіметі Француз әскери ұшақтарына әуе кеңістігінен өтуге тыйым салды. Франция ұшақтары Батыс Африкадағы Сахел ауданында қарулы топпен күресіп жатқан әскеріне бару үшін Алжир аумағы арқылы ұшатын. Француз әскерінің өкілі полковник Паскаль Янни «Бүгінгі ұшу жоспарымызды хабарлағанда алжирліктердің өз аумағынан ұшуға тыйым салғанын білдік», деді. Алайда Алжир үкіметі жаңа ережеге қатысты түсініктеме берген жоқ. Ал Францияның отар елдерге қатысты қылмысын адамзатқа жасалған қастандық және геноцид деп тану керектігі туралы ойын ашық білдірді.

Францияның ірі басылымдарының бірі – Le Monde президент Э.Макронның Алжирге қатысты сыни пікірін жариялады. Онда саясаткер «Алжирдің басқару жүйесі – әскери-саяси жүйе. Ал елдің ресми тарихы толықтай қайта жазылған. Ол шындыққа негізделмеген. Бұл толықтай Францияны жек көрудің негізінде жазылған», депті Эммануэль Макрон. Басылым президенттің ойы түгел халыққа емес, билік басындағы саяси элитаға қатысты екенін ескертіп жазған.

Алжир билігі Париждегі елшісін қайтаруға Макронның нақты қай айыбы себеп болғанын нақты айтпады. Оған қоса, Макрон Алжир Франциядан 1962 жылы ғана тәуелсіздік алғанын, сондықтан алжир деген ұлттың Франция колониясына дейін болғаны күмәнді екенін де айтқан. Алжир үкіметі болса, бұл мәлімдеме шектен шығу екенін мәлімдеген. Ал Алжир билігіндегі басқарушы элитаның көбі елді Франциядан азат ету соғысының ардагерлері екені белгілі.

«Макронның сайлауалды науқанында оңшыл­дардың қолдауын тапқысы келетіні және сол жолда барлық құралға жүгінетіні айдан анық. Олардың бірі Алжир тарихын келемеждеп, қаралау екені де белгілі. Біз үшін бұл әрекет – бассыздық», деді экс-министр Салах Абделкрим.