Жанашырлық – жақсы қасиет. Сол жанашырлық алдымен балаларға бағытталып жатса, тіпті жақсы. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдердің жайы назардан тыс қалмай, жүрек жылуына бөленуі көңіліңді көктемдей құлпыртады.
Облыс орталығындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Мерген» спорт клубының жанынан тағдыр тәлкегі тәнін ғана емес, жанын да жаралаған балаларға арналған бөлімшенің ашылуы осы орайдағы ұзақ уақыт шешімін таппай келген мәселені оңынан шешіп берді. Қазір «Ерекше өмір» қоғамдық қорының қамқорлығындағы балалар барлық жағдай жасалған спорт залына барып, денсаулықтарын шынықтырып жүр. Бір айта кетерлігі, әуел баста спорт залы жөндеуден өткізіле қоймаған еді. Жақсы жаңалықтан құлақтанған балалар да ұзақ уақыт сарғая тосып жүрді. Жаңа болғанымен, жөндеу өткізілмегеннен кейін көңіл құлазытып тұрады екен.
Көкшетаулық кәсіпкер Артем Синельников мүмкіндігі шектеулі балалардың жайын ойлап, оларды қуантқысы келді. Қолы епсекті құрылысшылардың қалағынан кейін зал адам танымастай әдемі кейіпке енді.
– Мұндай балалардан қаражат аяудың қажеті жоқ, – дейді кәсіпкер. – Біз әлі де көмектесе беретін боламыз.
Қазір сүйікті спорттары бойларын сергіткен балалар жарық, құрқылтайдың ұясындай жып-жылы спорт залында жаттығып жүр. Өздері де жиі бас қосатын, шымыр болып шынығатын сүйікті орындарына үзбей келуге ынталы. «Ерекше өмір» қоғамдық қорының жетекшісі Әлия Рахымбекованың айтуына қарағанда, мүмкіндігі шектеулі жандарға жүрек жылуын дарытатын ұжым 2018 жылы құрылған. 2 мен 13 жас аралығындағы балалармен логопедтер, психологтер жұмыс істейді.
– Спорт залына өте сапалы жөндеу жұмыстары жасалды, – дейді ол. – Бар жан-тәндерін салып істегендері көрініп тұр. Мұндай залда жай ғана жаттыққанның өзі жан-дүниелерін шуақтандырады. Алдағы уақытта әр баланың денсаулығына байланысты жеке айналысатын спорт жабдықтарын алмақшымыз.
Барлық бала бақытты болу үшін жаратылған. Пешенелеріне бұйырған пейіштей орында аға буынның пейілінен жүректеріне жылу құйылған жасөспірімдер алаңсыз жаттығып жүр қазір.