• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қазан, 2021

Көркемдіктің қайнар көзі

798 рет
көрсетілді

Облыс орталығында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Менің Отаным – менің Қазақстаным» атты сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің облыстық көрме-байқауы өткізілді.

Халықтың сәндік-қол­дан­балы өнері – әлемдік көркем мәдениеттің негізі, даналық пен әсем­діктің таусылмас қайнар көзі. Сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан қолөнер ұлттық ою-өрнек пен қоршаған әлемнің сан қилы бедерін бейнелеп, тылсым тарих қойнауынан сыр шертеді. Түрлі-түсті реңге боянған әсем­дік пен көркем шеберліктің әдемі үлгілері ұсы­нылған көрме көп­шілік наза­рын өзіне аударды. Асы­­лында, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты еске салуымен құнды. Облыс аудандарынан кел­­ген қолөнер шеберлері көз майын тауысып жасаған тама­ша туындыларымен таныстырды. Қайта жаңғырған кө­ненің көзі Алаш жұртының ықылым заманнан бері өнерді серік еткендігін аңғартады.

– Көрмеге 11 аудан мен үш қала­ның қолөнер шебер­лері қатысуда, – деді облыс­тық «Қоғамдық келісім» ме­кемесінің басшысы Ермек Нұ­ғы­манов. – Биыл Ассамблея жұмысына біршама өзгерістер енгізіп, барлық аудандарды қам­тып жұмыс істедік. Осын­дай шаралар барлық аудан­дар­да өткізілді. Халықтың төл өнерін кеңінен насихаттауға атса­­лыс­тық. Ең қуаныштысы, өнер үзілмеген екен.

Қосшы қаласынан келген шебер­ліктің шыңына шыққан Нұржан Діл­манов ұлттық ас­паптардың 52 түрін жасайды екен. Күй әуенімен орғи се­­кір­ген ортекесі талғампаз қауым­­ның көңілінен шықты.

– Домбырадан бастап, қа­зақ­тың барлық ұлттық аспап­тарының түр-түрін жасаймын. Шаңқобыз, жетіген, қо­быз, бас домбыра, сазсырнай, сылдырмақ, асатаяқ се­кілді аспап­тарды бүгінде мек­­теп оқу­шылары музыка саба­ғына, өнер кол­ледждерінің сту­дент­тері жеке өздеріне көптеп тап­сы­рыс беруде. Бүгінде үш шә­кірт тәрбиелеп шығардым, олар да өз шеберханаларын ашып, ұлт­тық аспап түрлерін тапсырыспен жасайтын дәре­жеге жетті, – дейді шебер.

Халқымыздың мәдениеті мен дәстү­рін нығайтуға бағыт­талған бірқатар жаңа жобалар іске асырылуда. Ел Тәуел­сіздігінің 30 жылдығы аясында об­лыста «30 игі іс», «Мың бала», «Қазақ­тану» ғылы­ми-ағартушылық және «Бір ша­ңырақ астында – бір мақсатқа» жобалары қолға алынған. Бүгінгі шара соның бір дәлелі.

Қазылардың шешімімен бірінші орынды Қосшы қала­сынан келген ағаш және тері шебері Асхат Бозымбай иеленсе, бас жүлдеге шортандылық сурет­ші-қолөнерші Бектас Кәрім лайық деп танылды. Көр­ме соңы ән-жырға ұласты. Көр­ме­ден құрқол қайтқандар жоқ. Та­лап­керлердің барлығына сый-сияпат табыс етілді. Ең басты олжа – ұлттық мұраның ұлық­талып, қайта жаңғыруы болды.