«Талибан» ланкестік ұйымы құрған Ауғанстанның уақытша үкіметі қозғалыстың 34 өкілін түрлі мемлекеттік лауазымдарға тағайындады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы The Indian Express агенттігі мәлімдеді.
Топтың ресми өкілі Забихулла Муджахидтің мәлімдемесінде, бекітілген лауазымдардың әрқайсысына тек діни атақтарға ие қозғалыс өкілдері тағайындалғаны айтылған.
Жаңа тағайындаулардың арасында Премьер-Министрдің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары, министрлердің орынбасарлары және ауған Қызыл Жарты Ай қоғамы басшысының орынбасары бар. Сондай-ақ армия қолбасшылары мен Қорғаныс министрлігіндегі лауазымдар, Кабул, Гильменд, Герат және Кандагарды қоса алғанда, Ауғанстан провинцияларындағы өкілдер бар.
34 жаңа шенеуніктің барлығы дерлік Ауғанстандағы ең үлкен этникалық топ пуштундардың өкілдері екендігі айтылды.
Еске салайық, 8 қыркүйекте «Талибан» Ауғанстанда уақытша үкімет құрып, елді Ислам әмірлігі деп жариялаған болатын.