«Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерінің бастамасымен «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында қанат қаққан «Атамекен» ақпараттық-танымдық бірлескен экспедициясы аймақтардағы айшықты орындардың өткені мен бүгінін қалыптаған кең тынысты жоба ретінде көпшіліктің ықыласына бөленді.
Мазмұнды жобаның Алматыда мәреге жетуінің мәні ерек. Себебі дәл осы мекенде Тәуелсіздік туралы декларацияға алғаш қол қойылды. Мемлекет өміріндегі маңызы зор құнды құжат бүгінде Алматы музейінде сақтаулы тұр. Құрамына аталған қос басылымның қызметкерлері мен өзге де БАҚ-басшылары, атап айтқанда «Ана тілі», «Ақ желкен», «Ұлан», «Аргументы и факты» басылымдары, «Қазақстан», Хабар», «Алматы» телеарналарының журналистері, ғалымдар мен әкімдік өкілдері енген экспедиция мүшелері, ең алдымен, Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойып, боздақтар рухына тәу етті. Осынау атшаптырым алаңда бір кездері бостандық деп бұлқынған қазақ жастарының арман-аңсары арнасынан асып, бабалар үмітін жалғаған еді. Ұлт руханиятының ұясына баланатын шежіре шаһардың есімі азаттық дейтін асқар ұғыммен қатар аталуы да сондықтан.
Тәуелсіздіктің 5 жылдығында орнатылған еңселі монумент Алтын-Адам мүсіні арқылы тарих пен ұлттық мәдениеттің мәйегін асқақтатып тұр. Ұзындығы 28 метрлік стеллада Жер-Ана, Көк-Дана және атқа мінген екі баланың мүсіндері ортақ композицияға ұласып, қазақы танымнан сыр аңдатады. Ескерткіш бүйіріне ел тарихын баяндайтын құнды мәліметтер бедерленсе, монумент маңындағы субұрқақтар жаз айларында қаланың тыныс-тіршілігін танытатын демалыс орнына айналады.
Кенесары кеңес құрған Көктөбе
Алматы тарихи ескерткіштерімен қатар тұмса табиғатымен танымал. Күн санап аумағы артқан мегаполис еліміздің әуе қақпасы екенін ескерсек, Алматыға келген жанның аңсары ең алдымен шың басындағы Шымбұлақ пен Көктөбеге, мұзарт биіктегі меруерт Медеуге ауатыны анық. Алматының туристік әлеуетін танытатын бұл үш нысан аймақтың паспорты дерсіз. Әсіресе тоқсан ақын толғаса тіл жетпейтін Көктөбенің көркем кейпі көрген жанның көңілін баурайды. Биік төбе басынан әсем шаһарға маңғаздана қарап мұң шаққан шайырлардың арзу-арманы, ғашықтардың аппақ тілегі, айнымасқа серт берген адал достардың алғаусыз көңілі жатыр мұнда...
Біз мінген шағын автобус қаланың Достық даңғылымен өрге тартып, экспедиция өкілдерін Көктөбеге алып барды. Айтпақшы, Көктөбеге қала ішінен аспалы арқан жол арқылы да жетуге болады. Алматы аспанымен қалықтатып 10-15 минутта заңғар төбемен қауыштыратын жөнелту стансасының ұзындығы 1727 метр. Әсіресе қас қарайғанда қала шамдары жарқ-жұрқ етіп, бойыңызға шабыт пен қуат сыйлайды. Қаланың оңтүстік-шығысына қарай, Іле Алатауы бөктерінде орын тепкен төбенің абсолют биіктігі 1070 метр, салыстырмалы биіктігі 370 метрді құрайды. Аймақтың қай нүктесінен қарасаңыз да анық көрінетін Көктөбе телемұнарасы – кез келген жойқын жер сілкінісіне төтеп бере алатын әлемдегі бірегей көпқабатты мұнара. Телевизиялық мұнараның ішінде жоғары жылдамдықпен жүйткитін жеделсаты да бар. Мұнара маңында бұдан бөлек шағын хайуанаттар бағы, түрлі аттракциондар, тамақтану орындары мен алма бағы орналасқан.
«Алматының маңайы тұнған тарих. Сол тарих көп айтылмағаннан да көмескі тартып, түрлі дүдәмал пікірлер бой көрсетіп жүр. Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан жеті кенттің бірі Алматы. Заманында бұл өлкеде Бәйсейіт дейтін би болған. Бәйсейіттің тоғыз ұлы Алматыны ақтар мен қызылдардан қорғаған. Верный бекінісін салған. Сол Бәйсейіт Көктөбе басына шатыр тігіп, Кенесарыны күтіп алған деген де дерек бар. Бұл туралы тарихшы Мәмбет Қойгелді тереңірек біледі», дейді «Ана тілі» газетінің бас редакторы, публицист Қали Сәрсенбай.
Бізді Көктөбе тарихымен таныстырған маман да заманында Көктөбеде Жолбарыс хан кеңес құрғанын айтып қалды. Бұл тақырып жөнінде алдағы уақытта жеке мақала жазыла жатар.
Көктөбе демалыс алаңындағы «Қолына кәдесый ұстаған қыз» деп аталған композициялық бейнелеу өнер туындысы көзімізге оттай басылды. Кейін танып білгеніміздей, бұл қазақ сурет өнерінің сардары Молдахмет Кенбаевтың қолтаңбасынан шыққан шығарма екен. Бір замандарда «Қазақстан» қонақүйінің алаңында тұрған туынды кезекті бір жөндеу жұмыстарында жойылып кете жаздапты. Құдай оңдап, мұны ұлы суреткер Кенбаевтың баласы көріп әкесінің шығармасын сақтап қалса керек. Кейіннен белгілі кәсіпкер Еркін Қалиев сатып алып, Көктөбеге тарту еткен.
Шымбұлақ па, Шыңбұлақ па?
«Атамекен» экспедициясының келесі ат басын тіреген жері – «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты. Шымбұлақ – Іле Алатауы шатқалында 2510 метр биіктікте орналасқан. Жайлы климат, төбеден төгілген күн шуағы, тұрақты қар жамылғысы табиғат ананың таңғажайып сыйы. Қыс хабары біліне бастағаннан-ақ ел өңірлерімен қатар алыс-жақын шетелдерден келген шаңғышылар мұнда ағылады. Қысқы спорт түрлерінің жанкүйерлері ғана емес, табиғат аясында демалып, тау жұпарын тамсана жұтқысы келгендерді де осы жерден кездестіресіз. Табиғат аясында тыныстауға таптырмас орын келушілерін үлкен шаңғы трассасымен тәнті етеді. Бір ғажабы, Шымбұлақтағы қалың қар қабаты желтоқсаннан сәуір айына дейін ерімей сақталады.
Тарихшы Асқар Селеубай мұз құрсанған алып шыңның атауы Шымбұлақ емес Шыңбұлақ екенін, соңғы жүз жылдың көлемінде орыс тілінің ықпалымен сөзжасамдық тұрқы бұзылып, дыбыс үндестігіне қарай Шымбұлақ аталып кеткенін алға тартқан еді. Тіпті бұл туралы Қазыбек Бектің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» еңбегінде де айтылса керек. Расында, шым қалың өскен жерден бұлақ шығуы мүмкін. Ал біз білетін Шымбұлақ тау төбесінен ағып тұрғандықтан, мұздақ шыңда шым қалай өседі деген заңды сауал туындайды.
Әлемдегі ең тайғанақ мұз айдыны
Табиғи мұз айдыны ретінде 1951 жылдан бері пайдаланыла бастағанымен, «Медеу» спорт кешенінің негізгі нысаны 1972 жылы тұрғызылды. Сәулетті ғимаратты ерекше стильде салып шыққаны үшін құрылысқа қатысқан В.З.Кацев, А.С.Қайнарбаев, С.Б.Матвеев қатарлы он адамға 1975 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы табысталған еді. Мұндағы конькишілерге арналған жасанды мұз айдынының ауданы 10,5 мың метр, жарыс жолының ені 5, айналымы 400 метрді құрайды. Айдынның ортаңғы бөлігі – хоккей ойынына және мәнерлеп сырғанауға ыңғайластырылған. 12,5 мың орындық кешенде 2 жүзу бассейні, спорт залы, мейманхана, асхана, кинозал, кітапхана және баспасөз орталығы орналасқан. Жасанды мұз айдынының астыңғы жағындағы биіктігі 2,3 м 20 түрлі материал қабаты орасан зор темір бетон тақтаның үстіне орналастырылған. Мұнда ұзындығы 170 метрлік салқындатқыш темір құбырлар тартылған. Айдынның жарықтануын 8 тұғырға орнатылған 1600 қуатты шам қамтамасыз етеді. Ортадағы фотофинишпен байланыстырылған жылдам жазатын электронды таблоның 30 мыңнан астам шамы 1 минут ішінде 6 мың түрлі бейнені көрсете алады. Жасанды мұздың қалыңдығы жазда 3-4 см, қыста 10-15 см-ге дейін жетеді. Алып мұз айдыны сенбі-жексенбі күндері 9 мыңға жуық әуесқой конкишіні қабылдауға қауқарлы. Тағы бір айта кетер жайт, ауа ылғалдығы мен күн радиусының тікелей түсуіне байланысты «Медеу» әлемдегі ең тайғанақ мұз айдыны саналады. Айдын – кәсіби спортшылар үшін жаһандық рекордтар жаңартудың алаңы. Мұнда спринтерлік және классикалық көпсайыстан, т.б. спорт түрлерінен әртүрлі халықаралық жарыстар өтіп, дүниежүзілік рекордтар жаңарды.
Мұзайдынның атауы ертеректе Алматыда өмір сүріп, алма бағын өсіріп, жұртшылықтың алғысына бөленген Медеу Пұсырмановтың есімімен тығыз байланысты.
– «Атамекен» экспедициясының мақсаты – елдің өткенін тану. Алматыда қанша өмір сүрсек те, айналамыздағы кереметтерге аса мән бере бермейміз. Бүгін көп нәрсеге көзіміз ашылғандай болды. Осы сапарды ұйымдастырған «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская Правда» басылымдары бүгінге дейін арқауы үзілмеген қазақ газеттерінің үлкен дәстүрін жалғастырды деуге болады. Туған өлке тарихын сөйлету әрбір үлкен басылымның міндеті десек, Тәуелсіздік мерекесіне орай ұйымдастырылған жоба өз міндетін толық орындады. Кейінгі жылдары баспасөздің құны түсе бастады. Осы тұрғыдан алғанда «Egemen Qazaqstannyń»мұндай экспедиция ұйымдастыруы өте жақсы деп ойлаймын. Тарихқа үңілмей, келешекке керуен тарта алмасымыз анық. Жалпы, осы экспедицияға қатысқаныма қуаныштымын, – дейді «Ақжелкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы.
Көне тарих көмбесі – Сақ қорғандары
Тасын түртсең тарих сөйлейтін шежіре мекенде ежелгі адамзат өркениетінің жауһарына баланатын көшпелілер мәдениетінің мәйегі жатыр. Баба тарихынан сыр шертетін аймақтың бірі – Боралдай сақ қорғаны тарихи-мәдени аумағы. «Атамекен» экспедициясының мүшелерін мұнда Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев бастап барды.
430 га аумақты алып жатқан қастерлі орын қала қарамағына берілгелі тұтастай қоршалып, ерекше қорғауға алынған. Алматы қаласының солтүстік батыс аймағында, Үлкен Алматы өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан қастерлі орында 47 сақ қорғаны мен 200 ден астам үйсін обасы бар. Аса үлкен қорғандардың биіктігі 10-14 метрге дейін жетеді. Ал диаметрі 80-150 метрді алып жатыр. Бір ғажабы, қаншама ғасыр өтсе де тарихи ескерткіштердің табиғи ландшафты барынша сақталған.
Ғалымдар елең-алаң тұстарда бұл жер тұрғын үйлер салынып табан астында қала жаздағанын, Кеңес өкіметі тұсында сан рет егін егіліп, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылғанын айтады. Мұндағы қорымдар тарихы 2,5 жарым мың жылды құрайды деген болжам бар.
– Боралдай сақ қорғаны археологиялық паркі – Алматы қаласының назар аударарлық тарихи аумақтарының бірі. Қазіргі таңда бұл паркті арнайы көруге келген туристер саны артып келеді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен сақтардың өмірі мен дәстүрін таныту мақсатында тұрғын үйлер мен қорымдардың макеті жасалған. Сонымен қатар Боралдай қорымдардың өлшемдеріне байланысты жерлеу алаңдарының интерактивті 3D картасы әзірленді. Бұл туристер үшін аумақты шолуға зор мүмкіндік жасайды, – дейді Алматы қаласы Музейлер бірлестігінің директоры Әнуар Үмбетәлиев.
Боралдай Сақ қорғандары бірер жыл бұрын «Қазақстанның қасиетті географиясы» жобасының тізіміне ілікті. Сонымен қатар қорғандарды ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралары қатарына қосу ұсынысы да жоспарланып жатыр. Бұл аумаққа жерленген адамдар негізінен тайпалық және діни көсемдер, даңқты қолбасшылар һәм сақ тайпаларының беткеұстар тұлғалары деген болжам бар.
«Атамекен» экспедициясын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихаты Ұлттық кітапханада өтті. Іс-шараны қорытындылаған «Egemen Qazaqstan» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақ экспедиция сапарының Алматыда межеленуінің символдық мәні барын атай отырып, осы бастамаға қолдау көрсеткен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы әкімдіктеріне қос газеттің атынан ризашылық білдірді.