«ХХІ ғасыр обасы». «Ақ өлім». Осыдан он шақты жыл бұрын осы сөздерді естігенде жұртта зәре қалмайтын. Есірткінің ең ауыр түрі ретінде героинді айтып, оның қатерінен қорғанудың амалын жасайтын едік. Ал қазір «дәстүрлі» есірткіні зияны одан да зор «химиялық ажал» – синтетикалық есірткілер алмастырып жатыр.
Сананы улайтын «синтетика»
Синтетикалық есірткінің таралуына тосқауыл қою қажет. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында берген тапсырмасының бірі. Өскелең ұрпақтың ертеңіне төнген қауіптің қаншалықты қатерлі екенін ескерткен Президент есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің, әсіресе, жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырды.
Ішкі істер министрлігі елімізде биыл 12,5 тонна есірткі тәркіленсе, оның 4 килодан астамы – героин, 371 килосы – гашиш, 8,7 тоннасы марихуана. Ал 129 килосы – жастардың санасын улаған «синтетика».
«Онлайн сауданың көрігі қызған қазіргі кезде бұрынғыдай қолдан-қолға есірткі сататындар азайған. Есесіне байланыссыз сатылым, яғни «белгі қою» арқылы есірткі сатудың жаңа тәсілі кең қолданылып жүр. Қазіргі таңда бұл – есірткі сатудың ең көп тараған әдістерінің бірі. Өйткені нақты бір жерге «белгі» қойып кетіп сату есірткі саудагерлері үшін қауіпсіз тәсіл болып саналады», дейді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының басшысы Бақытжан Әмірханов.
Полиция полковнигінің айтуынша, 2020 жылдан бастап қылмыстық заңнамаға электронды ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, есірткінің заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті қатайтатын өзгерістер енгізілген. Соған қарамастан, биылғы 8 айда сотқа дейін тіркелген127 істің 58-і жарнама және 69-ы интернет арқылы синтетикалық есірткі өткізуге қатысты. Жыл басынан бері полиция есірткі тарататын 810 сайтты бұғаттаған.
Құрдымға кетірер қызығушылық
Мамандар синтетикалық есірткінің құрығына жасөспірімдердің жиі түсіп жатқанын айтып, дабыл қағуда. «Оң мен солын бағамдап үлгермеген жеткіншектердің дені ең бірінші дозаны алғашында тек қызық үшін қолданады. Ал жай ғана қызығушылықтан басталатын «ойынның» ақыры оларды құрдымға кетіріп тынады», дейді олар.
«Синтетиканың» есірткі түрлерінің ішінде өте ауыр тобына жататынын айтқан Алматы қаласындағы Психикалық денсаулық орталығының нарколог дәрігері Анна Трубникова оған тәуелділік алғаш қолданғаннан-ақ пайда болады дейді.
«Көп адам «синтетиканы» героинмен салыстырғанда жеңіл, одан құтылу оңай деп ойлайды. Алайда шын мәнінде «синтетикамен» салыстырғанда героиннің адам ағзасына әсері 20 есе төмен болып саналады», деді маман.
«Жеткіншектер алғашында «синтетиканы» жай ойын санап, дәмін татып көреді. Бірақ ақыр аяғында тәуелділік пайда болып, бала психоздық жағдайға душар болады. Химиялық заттар жас ағзаға өте тез әрі ауыр әсер етеді. Кейін адамның жағдайы нашарлап, шизофренияға ұласа бастайды. Психозды жағдайы созылмалы ауруларға жалғасқан талай жеткіншектің Психикалық денсаулық орталығына ауыр жағдайда түскенін күн ара көріп жүрміз. Ең өкініштісі, бұл аурулардың барлығына ем-дом жасалғанымен, одан адам құлан таза айығып кете алмайды. Тағдырдың тығырыққа тірелуі деген осы», дейді білікті дәрігер.
Наркологтың айтуынша, синтетикалық есірткілердің ең қорқынышты тұсы – адамның жүйке жүйесін бұзатын күшінің жойқындығында.
«Зақымдану мидан басталады. Бұрындары нашақорлар 10-15 жыл өмір сүретін. Ол кезде бізге «героин» деген сөз өте қорқынышты естілетін еді. Ал қазір ағзасын есірткіге тәуелді еткендер әрі кетсе 5-7 жыл ғана өмір сүреді. Синтетикалық есірткінің өте қатты әсер ететін бір түрі бар. Оны қолданған адам бар-жоғы екі-ақ жыл тірі жүре алады», деген А.Трубникова балалық қызығушылықтың ақыры азапты өліммен аяқталатынын осылайша бүкпесіз жеткізді.
Есірткіге тәуелді жасөспірімнің психологиялық портретін суреттеп берген дәрігер сөзінің соңында ата-аналардың назарын «синтетикаға» тәуелділіктің алғашқы «дабыл белгілеріне» аударады.
«Бала өте ашушаң бола бастайды. Оны кез келген нәрсе тітіркендіріп, болмашы дүниеден жанжал шығаруды әдетке айналдырады. Мұның барлығына жасөспірімнің «өтпелі жас ерекшелігінің әсері ғой» деп немқұрайлы қарауға болмайды. Тығырықтан шығудың жолы әрқашан бар. Ең бастысы – дұрыс қадам жасау», деді маман.
Есірткі саудагерлерінің көбі – жұмыссыздар
«Синтетикалық есірткілерді кімдер жасайды? Саудалайтындар кімдер?» деген сұрағымызға Алматы қаласы Полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы Ерлан Алмағамбетов: «Әдетте «синтетика» жасап, саудасын қыздырып жүретіндердің дені жұмыссыздар болып шығады», деп жауап берді. Полиция подполковнигінің айтуынша, олардың жастары шамамен 24-25-тен басталады.
«Бір айта кетерлігі – есірткінің бұл түрін дайындаумен айналысатындардың өздері нашақор емес, яғни олар «синтетиканы» өздері тұтынбайды. Олар – тек лаборанттар. Синтетикалық есірткі дайындауға қажетті заттар Қазақстанға Ресей мен Украинадан тасымалданады. Олар елімізге шикізатты логистикалық компаниялар арқылы жеткізеді, содан кейін қалған қоспаларды өздері қосып, синтетикалық есірткі жасап шығарады», деді полиция қызметкері.
«Мұндай есірткінің көп бөлігі шөп пен синтетикалық өнімдердің қоспасынан жасалады. Олардың барлығы психоактивті белсенді заттар болғандықтан, адамның ойлау қабілетін құртып, бірден мінез-құлқы мен сана-сезімін түбегейлі өзгерте бастайды. Бір сөзбен айтқанда, «синтетиканың» адамның физикалық және психикалық денсаулығына тигізер кесірі орасан зор», деген Е.Алмағамбетов есірткі саудасының қалай жүзеге асатынын да түсіндіріп өтті.
«Бүгінде синтетикалық есірткілер электронды төлемдерді пайдалана отырып, интернет сайттар арқылы байланыссыз әдіспен таратылады. Бұл есірткі сатушылар үшін өте ыңғайлы әрі қауіпсіз болып саналады. Сауданың бұл тәсілі қылмыскерлердің астыртын әрекеттерін күшейтіп қана қоймай, оларға заңсыз есірткінің аймақтық маркетингін іздеуді кеңейтуге және ұйымдастыруға үлкен мүмкіндік береді. Есірткі сатушыдан сатып алушыға тауарды жеткізу өте қитұрқы жолмен – курьерлердің «белгі қоюлары» арқылы ұйымдастырылған. Қылмыстың бұл түрін әдетте бір топ адамдар ұйымдаса отырып жасайды», деді басқарма басшысы. Ал ІІМ-нің мәлімдеуінше, жыл басталғалы бері елімізде есірткі саудасымен айналысқан 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың қылмысы әшкереленген. Қазіргі таңда осы топтардың басшылары мен қатысушыларына қатысты 13 қылмыстық іс қозғалып, қылмыстық топтардың 7 көшбасшысы мен 34 қатысушысы жазаға тартылған. Ал есірткі контрабандасына қатысты анықталған фактінің саны 80-нен асып жығылады.
Есірткімен полиция қызметкерлері ғана емес, бүкіл қоғам болып күресудің маңыздылығына тоқталған Е.Алмағамбетов: «Жастардың санасын улайтын «синтетика» – қазіргі таңда әлем елдерінің барлығында бар өзекті мәселе. Оның бір ғана дозасын тұтынған адам бірден есірткіге тәуелді болып қалады. Ал артық дозадан бірде-бір нашақор сақтандырылмаған. Сондықтан да есірткі қылмысына қатысты кез келген мәліметке ие болған азаматты бұл мәселеге бейжай қарамай, дер кезінде құзырлы органдарға ақпарат беруге шақырамыз», деді.
Заң бұзғанға – жаза қатаң
Бұрындары есірткіні жарнамалау әкімшілік құқық бұзушылық саналатын. Алайда 2018 жылы желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, сол тектестердің және прекурсорлардың айналымын бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы Заңға сәйкес есірткіні жарнамалау қылмыстық жазаланатын іс-әрекет болып өзгертіліп, оның кез келген түрін жарнамалағандар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болды. Сондай-ақ графит суреттердің, интернет сайттардың көмегімен синтетикалық есірткілердің жарнамасын жасап жүрген «суретшілер» мен «дизайнерлерге» қарастырылатын жаза да қатайтылды. Ал өткен жылдан бастап қылмыстық заңнамаға электронды ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, есірткінің заңсыз айналымымен айналысқандар үшін жауапкершілікті қатайтатын өзгерістер енгізілді.
Синтетикалық есірткінің тез таралуы қылмыс әлеміне «дәріханалық» нашақорлық дейтін жаңа ұғымды алып келді. Себебі дәріханаларда құрамында есірткі бар және есірткіге мас болуды тудыруы мүмкін бірқатар дәрі-дәрмек емін-еркін саудаланып келді. Сондай қауіпті дәрінің бірі – трамадол. Мамандар бұл препаратты «синтетикалық опиоидты анальгетик» немесе «героиннің синтетикалық опиаты» деп те атайды. Қарапайым тілмен айтқанда, трамадол нашақорлыққа бастайтын алғашқы «кіру нүктесі» болып саналады. Бұл дәрінің қауіптілігі сонша – оның ең асқынған синдромы, яғни нашақорлардың тілінде «сыну» кезі суық тию және улану сияқты екі аурудың жасырын күйінде өтіп кетеді екен. Трамадолдан басқа, мектеп оқушылары эйфория жағдайында қолдануға әуестеніп алған «Тропикамид» және «Цикломед» деген көз тамшылары да бар. Бұрын бұл препараттар тыйым салынған есірткі заттарының тізіміне жатқызылмағандықтан, полицияның юрисдикциясына жатпайтын. Алайда биыл маусым айында Үкімет қаулысымен олар күшті заттар тізіміне енгізілді. Сондай-ақ ел көлемінде жылына төрт рет «Дәрмек» жедел-алдын алу операциясы өткізіледі. Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымындағы заң бұзушылықтарды анықтауға бағытталған іс-шараның кезекті кезеңі өткен айда өткізілді. Операция іске қосылған айналасы 6 күннің ішінде 1299 дәріхананы, 242 қойманы, 533 емдеу-профилактикалық мекемесін тексерген полиция 1.2 тонна прекурсорлардың айналымын шектеген. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының басшысы Бахытжан Әмірханов жедел іс-шара барысында 4664 есірткі ампуласы, 4 мыңнан астам таблетка тәркіленіп, 67,2 тоннадан астам прекурсорлардың айналымнан шектелгенін мәлімдеді. Бұған қоса, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласында 58 қылмыстық, 302 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдардың жартысынан көбі, нақтырақ айтсақ, 158-і – медицина қызметкерлері.
ТҮЙІН. Қазақстанда соңғы 10 жылда наркологиялық тіркеуде тұрған адамдар саны азайғанымен, нарколог дәрігерлер есірткіге тәуелділердің арасында синтетикалық препараттарды қолданатындардың күн өткен сайын көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп отыр. Қазір елімізде 150-ге жуық жасөспірім нашақор ретінде тіркеуде тұр. Ең кішісінің жасы – 14-те. Мамандар есірткі іздеп әбігер болатындардың дені тұрмысы төмен отбасында өмір сүретінін айтса, тәртіп сақшылары «синтетика» сатып, қалтасын қалыңдатып жүргендердің көпшілігінің нақты жұмыс орны жоқ екенін алға тартады. «Жауырды жаба тоқығанмен», жараның жазылмайтыны белгілі. Бүгінде құзырлы органдар әлеуметтік желі арқылы сатылатын синтетикалық есірткілерге тосқауыл қоюдың қиындығын ашық мойындап отыр. Анықталған қылмыс туралы деректер күн сайын жаңартылғанымен, содан нашақордың саны кеми түссе, қане?!