• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Қазан, 2021

Жәбірленушілерге төленетін өтемақы артып келеді

681 рет
көрсетілді

Жыл басынан бері 720 жәбірленушіге 94 миллион теңгеге жуық өтемақы төленген. Бұл қаржы өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге артық болса, жәбірленушілер саны да 3 есеге өскен. Мұндай мәліметті Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов хабарлады.

Елімізде «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Заң өткен жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді. Заң жобасы Қылмыстық-процестік кодексінің 173-бабын іске асыру үшін Қаржы, Ішкі істер министрліктері және мүдделі мемлекеттік органдармен бірге әзірленген болатын. Брифингте заңның іске асырылу жолдарын жан-жақты түсіндіріп өткен ІІМ өкілі аталған институттың жәбірленушілердің құ­қық­тарын қалпына келтіруде елеулі әсер ететініне де ерекше мән берді.

«Қылмыстық құқық бұзушы­лық­тардан зиян шеккен жәбірленушілерге өтемақы төлеуді көздейтін заң елімізде алғаш рет қабылданып отыр. Құжат кінәлі адамға ұсталғанға және сот істі қарағанға дейін жәбірленушінің емдеуге, оңалтуға, жерлеу­ге кеткен шығындарын толығымен өтеуді міндеттейді. Ал бұрын жәбірленушіге келтірілген залалдың ор­ны үкім заңды күшіне енгеннен кейін сот­тың шешімі бойынша ғана толтырылатын», деп түсіндіріп өтті полиция полковнигі.

Департамент басшының мәлім­деуінше, заң бойынша жәбірленушілерге ал­ғашқы біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Ол үшін Қаржы министр­лігінің Қазынашылық комитетінде заңды тұлға болып табылмайтын, қолма-қол ақшаны бақылау шоты бар арнайы қор құрылған. Бір айта кетерлігі, бұл қор мемлекеттік бюджеттен қаржы­ландырылмайды. Қор қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін өндіріп алатын мәжбүрлі төлемдер және процестік міндеттерді орындамағаны үшін сот салатын ақшалай өндіріп алулардан толтырылып отырады. Сондай-ақ қорды толтырудың түзеу жұмыстары мен регрестік талаптар тәртібімен өндіріп алынған ақша және Қазақстан заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржы көздері қарастырылған.

«Заңда қылмыстардың 124 құрамы бойынша жәбірленушілердің үш санатына өтемақы төленеді. Бірінші санатқа сексуалдық зорлық-зомбылыққа тап болған кәмелетке толмағандар, адам сау­дасы және азаптауға ұшыраған жәбір­ленушілер жатады. Оларға төленетін өтемақының мөлшері шамамен 90 мың теңге. Ал денсаулығына ауыр зиян келті­рілген не иммун тапшылығы вирусын (АИТВ/ЖИТС) жұқтырған екінші санат­тағы адамдарға 120 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді», деп заң талаптарына егжей-тегжей тоқталған С.Әділов үшін­ші санат – жәбірленуші қайтыс болған жағдайда берілетін өтемақының 150 мың теңге көлемінде екенін де мәлімдеді.

«Төлемдердің тізбесін сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары жүргізіп, ай сайын Қазынашылыққа ұсынып отырады. Алайда азық-түлік бағасының күн санап қымбаттап жатқаны баршаға белгілі. Жалпы, халық өмірінің қым­бат­тауын ескере отырып, ІІМ Қаржы министр­лігіне жәбірленушілерге төленетін өтем­ақының мөлшерін көбейту туралы ұсы­ныс та жолдады», деп атап өтті спикер.

Нақты мәліметтерге сүйенер болсақ, 2020 жылдың екінші жарты жылдығында 260-тан астам жәбірленушіге 22 640 000 теңге көлемінде өтемақы төленген. Алайда брифинг барысында С.Әділов бұл көрсеткіштің жыл сайын өсіп келе жатқанын да хабарлады.