• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Спорт 06 Қазан, 2021

Ослодан олжасыз оралды

223 рет
көрсетілді

Норвегияның астанасы – Ослода күрес түрлерінен әлем чемпио­наты өтуде. Жарысты еркін күрес шеберлері бастады. Алғашқы күні төрт салмақ дәрежесі бойынша жүл­делер сарапқа салынды. Біздің екі жігітіміздің жеңіс тұғы­рына көтерілуіне жақсы мүмкіндігі болды. Бірақ шешуші тұста жеңілістің кермек дәмін татқан олар елге құралақан оралды.

86 кило салмақтағы Азамат Дәулетбеков алғашқы айналым­да польшалық Себастьян Дже­зер­занскиді 12:1 есебімен ойсырата ұтып, келесі кезеңде Хасан Язданимен күш сынасты. Рио Олимпиадасының жеңімпазы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем және Азияның екі дүркін чемпионы, Азия ой­ын­дарының жеңімпазы деген дар­дай атағы бар Иранның мық­тысына біздің балуанның әлі жетпеді. Бұл кездесу 2:12 есебімен аяқталды. Парсы елінің өкілі финалға шыққанының арқасында Азамат жарысты жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Бірақ қола медаль үшін бәсекеде ол Олимпия ойындары мен әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы, ресейлік Артур Найфоновтан (0:3) ұтылып қалды.

125 кило салмақтағы Олег Болтин бастапқы белдесулерін өте қарқынды өткізіп, молдовалық Егор Олар (6:5) мен украиналық Александр Колдовскийді (6:3) жолынан ығыстырды. Жартылай финалда екі бірдей Олимпиадада жүлде алып, әлемдік додада үш рет топ жарған Грузияның бас балуаны Гено Петриашвилиге (0:10) есе жіберді. Үшінші орын үшін сайыста Олег моңғолиялық Лхагвагерел Менхтериннің (0:5) осал тұсын таба алмады.

Өкінішке қарай, Адлан Асқа­ров (61 кило) пен Нұрқожа Қай­панов (74 кило) ел сенімін ақтай алмады. Адлан өзінің тұсаукесер кездесуінде армениялық Арсен Харутюняннан (10:18) жеңілсе, Нұр­қожа ирандық Йонес Алиак­пар Эмамичлхаэйден (0:12) ұтыл­ды.

Чемпионаттың екінші күні де тартысты бәсекелерге толы болды. Бірақ бұл жолы да біз­дің балуандардың жүлделі орын­дар үшін таласуға күш-жігер­лері жетпеді. Мейрамбек Қарт­бай (57 кило) алғашқы айналымда моңғолиялық Бекбаяр Ербенебатты (5:10) еңсере алмады. Әділ Оспанов (65 кило) пен Болат Сақаев та (79 кило) сенім үдесінен шыға алмады. Әділ бахрейндік Әли Мұхаммед Хаджиге (4:9) жол берсе, Болат АҚШ-тың әйгілі балуаны, Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің төрт дүркін чемпионы Джордан Барроузбен бәсекеге шығудан бас тартты.

Кеше 70 және 97 кило салмақ дәрежелерінің жүлделері сарапқа салынды. Бұл салмақтарда да жерлестеріміз жүлдесіз қалды. Талғат Сырбаз ресейлік Ев­гений Жербаевтан (1:10) және Әлі­шер Ерғали ирандық Можтабе Голейжуден (1:6) жеңілді.

Сонымен қатар кеше әйелдер күресінен де бәсекелер басталып, төрт салмақтағы сайыстар­ды тамашаладық. Біздің Асыл­зат Сағымбай (53 кило) тұсауке­сер кездесуін молдовалық Юлия Леордамен өткізді. Айна Темір­тасова (65 кило) румы­ниялық Крис­тина Тунде Ингзе­мен бел­десті. Ал Елмира Сызды­қо­ваның (76 кило) алғашқы қарсыласы мысырлық Самар Амер Ибрагим Хамза болды.