Әйелдер боксынан биылғы әлем чемпионаты желтоқсан айында Түркияның Ыстанбұл қаласында өтеді. Бұл ақпаратты АИБА-ның ресми сайты таратып отыр.
Әйелдер боксынан әлем чемпионатының тұсауы осыдан тура 20 жыл бұрын АҚШ-тың Скелетон қаласында кесілген болатын. Сол кезден бері 11 жарыс ұйымдастырылды. Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлдені салған – Назгүл Боранбаева. 2003 жылы Нью-Делиде ұйымдастырылған байрақты бәсекеде қазақ қызы қола медальді иеленген еді. Өздерінің ең зор табысына қыздарымыз 2016 жылы Астанада шымылдығы түрілген біріншілікте қол жеткізді. Сол кезде Назым Қызайбай, Дина Жоламан, Валентина Хальзова және Ләззат Күнгейбаева алтыннан алқа тақса, Жайна Шекербекова мен Айжан Қожабекова қолаға қол созған-тын.
Осының алдындағы әлем чемпионатының жалауы 2019 жылы Ресейдің Улан-Удэ қаласында желбіреді. Бұл бәсекені жерлестеріміз қос қола медальмен қорытындылады. Оның иегерлері – Милана Сафронова мен Дина Исламбекова.