Норвегияда өтіп жатқан әлем чемпионатында еркін күрес шеберлерінің бәсекелері аяқталып, олжаға кенелген барлық балуанның есімі белгілі болды. Өкінішке қарай, жеңіс тұғырында жүздері бал-бұл жайнап тұрған жігіттердің қатарында Қазақстанның бірде-бір өрені жоқ, деп жазады Egemen.kz.
Алаш топырағынан аттанған тоғыз апайтөсіміздің ешқайсы жүлдеге іліге алмады. Солардың арасынан ең тәуір көрсеткішке Азамат Дәулетбеков (86 кило) пен Олег Болтин (125 кило) қол жеткізді. Олар бесінші сатыға табан тіреді.
Осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылған әлемдік додада Қазақстанның еркін күрес шеберлері жақсы нәтиже көрсеткен еді. Өз елімізде бас жүлде бұйырмағанымен, қос күміс пен қос қола медальді олжаладық. Оның өзі аз олжа емес екенін күрес тарихынан титтей де болса хабары бар оқырмандардың барлығы да жақсы біледі. Бірақ сол жарыста Ресей өкілерімен кездескен жерлестеріміз тегістей ұтылғанын жанкүйерлердің жадында. Сол кезде көрші мемлекеттің туы астында өнер көрсетіп жүрген Қап тауы қабыландарына әліміздің жетпейтініне анық көз жеткізген едік.
Бұл жолы Иранның балуандары қазақ бапкерлердің «бас ауру» болды. Олай деуге негіз, Ослодағы жарыста айрықша сенім артқан үш жерлесімізге дәл сол елдің саңлақтары сан соқтырып кетті.
Атап айтсақ, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрқожа Қайпанов (74 кило) Йонес Әлиақпар Эмамичлхаэйге есе жіберді – 0:12. Азия біріншілігінде қос жүлде алған Азамат Дәулетбеков атағы жер жарған Хасан Язданиге жол берді – 2:12. Осы орайда екі ретінде де қандастарымыздың Парсы елінің апайтөстерінен ойсырай ұтылғанын айта кеткен жөн. Құрлықтың басты додасында қатарынан үш рет жеңіс тұғырына көтеріліп, биыл Токио Олимпиадасында бақ сынаған Әлішер Ерғали (97 кило) ирандық Можтаба Голейджден жеңілді – 1:6.
Моңғолияның марқасқалары да біздер үшін алынбас қамалға айналып бара жатқандай. Соңғы кездері олардан жиі жеңіліп жүргенімізге дүйім жұрт куә. Ослода Мейрамбек Қартбай (57 кило) алғашқы айналымда Бекбаяр Ербенебатты еңсере алмады – 5:10. Ал Лхагвагерел Менхтерин Олег Болтинды (125 кило) қола медальдан айырды – 0:5. Сол секілді Қазақстанның спортшыларын жыққандар арасында Ресей, Грузия, АҚШ, Армения және Бахрейннің де беткеұстарлары бар.
Ал ең өкіншітсі, боз кілемге шыққан Қазақстанның тоғыз еркін күрес шеберінің бесеуі тұсаукесер кездесуінде ұтылды. Тағы екі спортшымыз екінші кезеңнен аса алмады. Осы жайттан-ақ Скандинавия түбегіне сапар шеккен балуандардың бабында болмағынан аңғару қиын емес. Айтулы додада өзгелерді айтпағанда, отандастарымыз көршілес Қырғызстаннан да қалып қойды. Бұл бірінші рет емес. Материалдық базалары бізден әлдеқайда нашар, қаржыландыру жағы көп төмен «айыр қалпақты» ағайындарымыз Норвегияда екі жүлде алды. 70 кило салмақтағы Ерназар Акматалиев финалға шықса, 65 кило салмақтағы Әлибек Осмонов қола медальді мойнында жарқыратты. Бас жүлде үшін тартыста Ерназар Польшаның туы астында өнер көрсетіп жүрген дағыстандық Магомедмұрад Гаджиевтен жеңілді деп айтуға ауыз бармайды. Тек соңғы ұпайды иеленгеннің арқасында ғана сақа спортшының бағы жанды. Ал қазақтар жер сипап салды. Ащы болса да ақиқатын айтсақ, қазіргі кезде біз қырыздарға қызыға да, қызғана да қарайтын жағдайдамыз.
Жалпы командалық есепте АҚШ, Иран және Ресей сынды үш алпауыт әбден тіресті. Нәтижесінде алғашқы екі орынды америкалықтар мен Парсы елінің дүлдүлдері өзара бөлісті. Айтулы құрамалардың әрқайсысы 3 алтын, 3 күміс және 1 қоладан олжалады. Ресейліктердің жүлде саны басты қарсыластарынан көп болғанымен күмістің кемдігінен үшінші орынды қанағат тұтты. Олардың үш балуаны теңдессіз деп танылса, біреуі финалда ұтылды. Тағы үш сайыпқыраны үшінші сатыға табан тіреді. Тағы бір бас жүлдені Польша құрамасы иеленді.
Еркін күреспен қатар әйелдер күресінен де бәсекелер қатар өтуде. Қазірдің өзінде бірнеше салмақ дәрежесінде оза шапқан спортшылардың есімдері белгілі. Бірақ үздіктер тізімінде Қазақстаннан келген бұрымдылардың бірде-біреуі жоқ. Олар да осындай үлкен сынаққа дайын болмай шықты. Тарқатып айтсақ, жарысты бірден ширек финалдан бастаған Айша Уәлишан (55 кило) үндістандық Пинки Пинкиден жеңілді. Аяулым Қасымова (62 кило) тұсаукесер кездесуінде украиналық Илона Прокоповюктен ұтылды. Елмира Сыздықова (76 кило) мысырлық Самар Амер Ибрагим Хамзаға есе жіберді. Асылзат Сағымбай (53 кило) молдовалық Юлия Леордадан, ал Айна Теміртасова (65 кило) румыниялық Кристина Тунде Ингзеден басым түскенімен, ширек финалда жапониялық Мира Морикаваның екпініне шыдамады. Алайда Асылзат пен Айнаның қарсыластары ақтық сынға дейін жеткеннің арқасында біздің қыздар жұбаныш белдесулері арқылы жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігін сақтап қалды. Ал ол бәсекелердің қалай аяқталғаны жайында ертең баяндаймыз.
Еркін күрестен 2021 жылғы әлем чемпиондары мен жүлдегерлері
57 кило: 1. Томас Гилман (АҚШ), 2. Әлиреза Сарлақ (Иран), 3. Хорст Лер (Германия) мен Арыйиан Тюрин (Беларусь).
61 кило: 1. Абасгаджи Магомедов (Ресей), 2. Дэйтон Фикс (АҚШ), 3. Арсен Харутюнян (Армения) мен Тосихиро Хасэгава (Жапония).
65 кило: 1. Загир Шахиев (Ресей), 2. Әмір Мұхаммед Яздани (Иран), 3. Әлибек Осмонов (Қырығзстан) пен Тумур Очир Тұлға (Моңғолия).
70 кило: 1. Магомедмұрад Гаджиев (Польша), 2. Ерназар Акматалиев (Қырғызстан), 3. Евгений Жербаев (Ресей) пен Зураби Якобишвили (Грузия).
74 кило: 1. Кайл Дэйк (АҚШ), 2. Таймұраз Салказанов (Словакия), 3. Тимур Бижоев (Ресей) пен Фазли Эрылмаз (Түркия).
79 кило: 1. Джордан Барроуз (АҚШ), 2. Мұхаммед Нокходи Ларими (Иран), 3. Радик Валиев (Ресей) пен Ника Кенчадзе (Грузия).
86 кило: 1. Хасан Яздани (Иран), 2. Дэвид Тэйлор (АҚШ), 3. Абубакр Абакаров (Әзірбайжан) пен Артур Найфонов (Ресей).
92 кило: 1. Камран Гасемпур (Иран), 2. Магомед Құрбанов (Ресей), 3. Осман Нұрмагомедов (Әзірбайжан) пен Джейден Кокс (АҚШ).
97 кило: 1. Абдулрашид Садулаев (Ресей), 2. Кайл Снайдер (АҚШ), 3. Магомед Закариев (Украина) пен Можтаба Голейдж (Иран).
125 кило: 1. Әмір Хоссейн Заре (Иран), 2. Гено Петриашвили (Грузия), 3. Лхагвагерел Менхтерин (Моңғолия) мен Таха Ақгүл (Түркия).
Деректер мен дәйектер
- Әлем чемпионатында небары төрт мемлекеттің өкілдеріне бас жүлде бұйырды. Олар жайында біз жоғарыда баяндадық. Сонымен қатар, 12 елдің өрендері жеңіс тұғырына көтерілді. Олар – Грузия (1 күміс+2 қола), Қырғызстан (1 күміс-1 қола), Словакия (1 күміс), Түркия, Моңғолия, Әзірбайжан (2 қола), Германия, Беларусь, Армения, Жапония және Украина (1 қола).
- Осло боз кілемінде көпшілік тағытсыздана күткен бәсеке Абдулрашид Садулаев пен Кайл Снайдерды тағатсыздана күтті. Осыған дейін екеуі үш мәрте күш сынасқан еді. 2017 жылғы әлем чемпионатында Америкадан келген апайтөс ұтса, 2018 жылғы дүниежүзілік дода мен 2021 жылғы Токио Олимпиадасы ресейліктің пайдасына шешілді.
- Скандинавия түбегінде топ жарған 25 жастағы Абдулрашид Садулаевқа бүгінгі таңда өзінің атақ-даңқы жағынан жер жаһанда тең келер еркін күрес шебері жоқ. Ол әлемнің бес дүркін әлем чемпионы, әлемдік доданың күміс жүлдегері, Еуропа ойындарын екі рет ұтып, құрлық біріншілігінде төрт рет дара шықты. Одан бөлек, Дағыстанның дарабозы Рио мен Токио Олимпиадаларында қарсылас шақ келтірмеді.
- АҚШ-тың мақтанышы Джордан Барроуздың да атағын ат үркеді. 33 жастағы сақа спортшы әлем чемпионатында 5 алтын және 3 қола медальді иеленді. Лондон Олимпиадасында дара шықты. Панамерика ойындарында үш рет озып, өз құрлығында төрт мәрте теңдессіз деп танылды.
- Америкалық Кэйл Дэйк пен ирандық Хасан Язданиді де қалай мақтасақ та жарасады. Норвегия астанасында екеуі де үшінші мәрте әлем чемпионы атанды. Оның үстіне, 30 жастағы АҚШ-тың арланы Токио Олимпиадасында қолаға қол созды. 26 жастағы Парсы елінің өрені 2016 жылғы Олимпия ойындарында бас жүлдені қанжығасына байласа, 2021 жылы күміс медальді мойнына ілді. Сондай-ақ, Язданидің еншісінде әлем чемпионатының тағы бір күміс мен қоласы бар.
- Ослодағы жарыстың Томас Гилман, Абасгаджи Магомедов, Загир Шахиев, Магомедмұрад Гаджиев, Камран Гасемпур және Әмір Хоссейн Заре сынды қаһармандары өздерінің спорттық мансабында тұңғыш рет әлем чемпионы атанып отыр. Бірақ соған қарап, олардың бұл нәтижесін сенсация деп те бағалауға болмас. Өйткені, жоғарыда есімдері аталған балуандар арасында Олимпия ойындарыда жүлде алғандар да бар. Тіптен, ең «осалдарының» өздері әлемдік және құрлықтық чемпионаттарында қанжығалары майланған.