• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 06 Қазан, 2021

Шуаққа шомылған туындылар

373 рет
көрсетілді

Таяуда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында суретші Динара Қады­ро­ваның «Ұмай бесік жыры» атты жеке көр­месі ашылды.

Оған қылқалам шебе­рінің сегіз жылдан бері жи­­наған 27 үздік жұмысы қойылды. Жалпы, автор шы­­ғармашылығында түркі мә­дениеті мен ұлттық дәстүр және әйел әлемі айрықша орын алады. Сон­дықтан су­рет­ші көрме тақырыбын ұр­пақ жалғас­ты­ғын жебейтін пе­ріштеге арнап, «Ұмай бесік жыры» деп атапты.

Мәдени шараның ашылуында Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темір­болат көрме иесінің шы­ғар­машылығы графика, кес­­­кіндеме, иллюстрация, сан­дық өнер секілді түрлі жанрды қамтитындығын айта келіп: «Суретші әлемінің қай­нар көзі – ана тақырыбы. Сол себепті де оның сурет­те­рінде балалар, әйелдер, та­биғат бейнелері басым. Осы көрмедегі картиналардан Ұмай жебеушісінің шуағын сезінуге болады», десе, белгілі суретші, дизайнер, иллюстратор, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Әйгерім Кәрібаева: «Динарамен 2005 жылдан бері таныспын. Ол – әлемге ерекше көзбен қарайтын суретші. Бұл суреттерді ол үйінде сал­ды, сол жерден көрмеге әкелді. Сондықтан оларды шаңырақ шуағына шомылған дүниелер деп айтуға болады. Оның еңбектерінен адами құндылықтарды көресіз», деп әріптесінің өнерін жоғары бағалады.

Динара Қадырова −Ал­маты қаласында өмірге келіп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сында білім алған. Оның бірқатар жұмысы ЮНЕСКО-ның жинақтарында жарияланған. Дарын­ды студент ретінде Қазақ­станның Тұң­ғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жүздескен. 2012 жылы жас суретші орындаған қалалық кафенің дизайн жобасы Time out сыйлығының «Жыл жа­ңа­лығы» аталымын иеленген. Сонымен бірге оның Ұлы Жі­бек жо­лы қалаларына ар­­­налған гра­фикалық жұ­мыс­­тарының дип­ломдық се­­риясы Тұңғыш Пре­зи­дент күніне арналған «Ас­та­на-2013 Дизайн апта­лығы» фес­­тивалінде қойылған.