Еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосуда нәзік жандылардың орны айрықша. Бұл елімізде гендерлік теңдіктің артып келе жатқанын көрсетеді. Гендерлік теңдік тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Елбасы саясатының өзекті қырларының бірі болды. Ел Президенті де қазақ әйелдерінің қоғамдық жұмыстарға белсене араласуына мүмкіндік жасап отыр. Бүгінде аруларымыз бен аналарымыз мемлекеттік, әлеуметтік секторларда, қоғамдық жұмыстарда, экономика, білім-ғылым сияқты түрлі салада жұмыс істейді. Ел экологиясына да үлес қосып, тұмса табиғатты сақтау жолында жан-тәнімен еңбек етіп жүрген нәзік жандар жайлы айтпай кетуге болмас.
Бүгінде елімізде 29 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Оған 13 ұлттық парк, 6 резерват, 10 мемлекеттік табиғи қорық кіреді.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға эталонды және бірегей табиғи кешендер мен объектілерді, сондай-ақ тарих, мәдениет ескерткіштерін және басқа да мәдени мұра объектілерін сақтау, рекреациялық пайдалану жағдайында табиғи кешендерді сақтаудың ғылыми әдістерін әзірлеу және енгізу, бұзылған табиғи және тарихи-мәдени кешендер мен объектілерді қалпына келтіру, халыққа экологиялық мониторингті енгізу секілді негізгі міндеттер жүктелген.
Елімізде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында 3 756 адам қызмет атқарса, олардың арасында 601 нәзікжанды әріптесіміз бар. Олардың бұл салаға қосып жатқан үлесі зор. Мысалы, қарапайым еңбек адамы – орманшы Райхан Мұхаметжанованың еңбегі көпке үлгі. Ол 2007 жылдан бері Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Үлкен Алматы орманшылығында жұмыс істеп келеді.
Орманшы болу да екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл жұмысқа шыдамайтын ер-азаматтар кездеседі. Ал Райхан Оразханқызы болса бұл мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып келеді. Өз кәсіби білімін мекеменің табиғат қорғау аясындағы жұмыстарда алдыңғы қатарда болуына және орман шаруашылығының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайды жақсарту, ынтымақтастықты нығайту жолында пайдаланып келеді.
Табиғатты қорғау ісіне белсене араласып келе жатқан жанның бірі – «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Зәуреш Әлімбетова. Қызметін Министрлер кеңесінің «Алатау» өсімдік шаруашылығы цехында қарапайым маман болып бастаған ол осы күнге дейін біршама жолды жүріп өтті. Зауреш Жансұлтанқызы Барсакелмес қорығында 2000 жылдардан бері жұмыс істеп келеді. Бұл жерде ғылыми қызметкер, директордың орынбасары лауазымдарын атқарады. Көптеген экологиялық жобаға қатысып, өзінің білімі мен тәжірбиесін бөлісуден тартынған емес. Мәселен, «Арал теңізі өңіріндегі шөлейттенуге және сортаңды жерлерді қалпына келтіруге қарсы күрес», Жапонияда өткен «Каукей кентіндегі жасыл қорғаныс белдеуі», «Қаратерең кентіндегі жасыл қорғаныс белдеуі» экологиялық жобаларына қатыса отырып, қоршаған ортаны қорғау бойынша ойларын ортаға салды. Нәтижесінде, осы кенттерде жасыл қорғаныс белдеуі құрылды. Бұл кенттің экологиясына оң әсерін тигізді. Сондай-ақ Қазақстандағы ЕҚЫҰ және ХАҚҚ орталығының «Арал теңізі бассейнінің қазақстандық бөлігінде су ресурстарын интеграциялық басқару жүйелерін енгізу: ұлттық деңгейдегі практикалық қадамдар», «Сырдария өзені мен Кіші Арал теңізінің сулы-батпақты алқаптарына экомониторинг» жобаларына қатысып, ғылыми тұжырымдамаларымен бөлісті.
«Көлсай көлдері» МҰТП республикалық мемлекеттік мекемесінде өз мамандығының мақтанышына айналған жандардың бірі – Бағдат Уәлиева.
Бағдат Бағашарқызы мамандығы бойынша биолог, өз еңбек жолын Алматы облысының Кеген ауданындағы Қарабұлақ орта мектебінде ұстаз болып бастаған. Ұлттық паркте 2013 жылдан бері Ғылым және мониторинг бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді. Өз қызметін атқару кезінде Бағдат Бағашарқызы бірнеше буын шәкірт тәрбиелей білген, көптеген ғылыми жобаға қатысып, ұлттық парктің флорасы мен фаунасын зерттеуге еңбек сіңіріп, бес түрлі ғылыми еңбектің шығуына үлес қосты. Сонымен қатар әріптестері арасында құрметке ие, қоғамда үлгілі отбасының ұйтқысы болып отырған жан.
Өз мамандығының мақтанышына айналғандардың бірі – Гүлмира Нысанбаева. Ол өзінің еңбек жолын 2006 жылы Шарын ұлттық паркінде референт хатшысы қызметінен бастады. Шарын ұлттық паркінде 2009 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бұл жерде туризм және экологиялық ағарту бөлімінің маманы, туризм және экологиялық ағарту бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған ол бүгінде «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» директорының ғылым және туризм жөніндегі орынбасары. Гүлмира Нұралықызы – жұмыспен қатар отбасының ұйытқысы болып отырған ардақты жан.
Сондай-ақ ел экологиясына бейжай қарамай, өзекті мәселелерге үн қосып келе жатқан еліміздегі нәзік жанды экобелсенділерінің, экологтердің еңбегі де орасан екенін атап өткім келеді.
Әлия ШАЛАБЕКОВА,
Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі