Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен «Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» атты салтанатты жиын өтті. Білім саласы өкілдерінің мерекесіне арналған шараға ардагер ұстаздар, мектеп мұғалімдері мен жас педагогтер шақырылды.
Аймақ басшысы педагогтерді құттықтап, өмірін білім мен тәрбиеге арнаған ұстаздар қызметінің қашан да құрметті екендігін атап өтті.
– Уақыт сәт сайын қай салаға да жаңалық енгізіп отыратыны белгілі, Сіздер жаңа технологияларға байланысты өзгерістерге тез бейімделіп, оны білім беруде сәтті жүзеге асыра алдыңыздар. Әлемді шарпыған пандемияның тосын талаптары да сала өкілдерінің білім, білігін аз сынаған жоқ. Осындай қиындықтарға мойымай, жаңа ғасырдың зерделі ұрпағын тәрбиелеу жолында талмай еңбек етіп жүрген баршаңызға алғысымды білдіремін.
Білім саласы – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осыдан да жыл сайын педагогтерді қолдау аясы артып келеді. Биыл бұл салаға облыс бюджетінің 45 пайызы, яғни 171 млрд теңгеден аса қаржы қаралып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында сала қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын көтеруді тапсырды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында 2021 жылы облысқа республикалық бюджеттен 32 млрд теңге бөлінді, – деді облыс басшысы.
Осыдан кейін Гүлшара Наушақызы ұстаздарға түрлі деңгейдегі марапаттар табыстады. «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен Қармақшы ауданы, Байқоңыр қаласы, №277 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Ақзия Байтөреева, Қызылорда қаласындағы №176 орта мектеп директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қадіркүл Шаймағанбетова, ORDA SCHOOL мектебінің жетекшісі Рауаш Әлиева, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі математика пәнінің мұғалімі Ғазиза Суханбердина және дарынды балаларға арналған №10 облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нағиша Есбосын марапатталды.
Өзінің уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялағандар арасынан 11 мұғалімге «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін жергілікті ерекшелік белгісі» табысталды.
Облыста өткен жылдан бастап конкурстық негізде сала үздіктеріне 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай сыйақы беріліп келеді. Биыл да 10 ұстаз «Үздік педагог-2021» облыстық байқауының жеңімпазы атанып, 875 мың теңге иеленді.
Қызылорда