• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қазан, 2021

Меншікті тілші мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін көтерді

370 рет
көрсетілді

«Nur Otan» партиясынан сайланған Түркістан облыстық мәслихатының депутаты ретінде, сол өңірдегі тілшіміз Ғалымжан Елшібай мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі «Кедергісіз келешек» бағдарламасындағыдай болғанын мақұл көреді, деп жазады Egemen.kz.

Бас партияның аталған бағдарламасында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қоғамнан тыс қалмай, емін-еркін жүріп-тұруына оңтайлы жағдай жасап, кедергісіз орта қалыптастыруға мән берілген. Сондай-ақ қоғамдық нысандардың пандустармен, бейімделген лифттермен, дәретханалармен, зағиптарға арналған бағыттаушы белгілермен қамтамасыз ету қаралған.

Өркениетті ел санатында еңсе тіктеу, тек экономиканың қарқынымен өлшенбейтінін ескерген Ғалымжан Елшібай ерекше жандардың өздерін қоғамнан жат сезінбеуі үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс екенін тілге тиек етті.

Өзі де қазақ қоғамының мүшесі, жергілікті мәслихаттың депутаты ретінде жаңарған, түрленген Түркістанда мүмкіндігі шектеулі жандардың қонақ болуына мұрындық болды. Бірінші және екінші топтағы мүгедек жандар, олардың күтушілері мен әлеуметтік сала мамандарын қосқанда жалпы саны 20 адам еліміздің рухани астанасына сапар шегіп, тарихи, көрікті орындарды көріп қайтты.

Теледидардан тамашалап қана тамсанып жүргендердің қуанышын әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы жұртшылыққа жариялады.

«Саяхатшылар әуелі туристерге қызмет көрсету мақсатында ашылған «Визит орталығында» болып, этнографиялық зал мен «Қазақ хандығы» залындағы экспонаттарды тамашалады. Әрине, Түркістанға барып тұрып әйгілі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат жасап шықпау мүмкін бе? Кесенедегі зиярат, атақты Тайқазан жанында жан-жақты пікір алмасу керемет әсер сыйлады. Сондай-ақ әуенді субұрқақ, этноауыл және «Ұлы дала елі» орталығын аралады. Қазақ елінің тарихы мен мәдениеті туралы әртүрлі тақырыпты ашатын 9 экспозициялық аймақтан тұратын орталықта құнды ақпараттар айтылды. Ал Керуен сарай туристік кешенімен толық танысып шығуға алтын уақыт жетпегендіктен амалсыз «келесі жолы келгенде де көретін жер қалсын», деп өз-өзімізді жұбатып сапарымызды сол нүктеден түйіндедік», деп жазды Ғалымжан Елшібай.

Ерекше саяхатшылардың тебіренісі мен шын қуанышын желідегі жазбада бөлісті.

Еуропадағы мүмкіндігі шектеулі жандардың 70 пайызына жуығы жылда түрлі орындарға саяхаттап тұрады екен. Біздің елдегі жағдайдың да осы дәрежеге жетуіне тілші де мүдделі екендігін білдірді.