Былтыр 4,1 млн тонна жер ырыздығын жинаған Қостанай облысының диқандары осы күзде 3 млн тоннаға жетпейтін өнім алды. Өйткені көктемгі дән сіңіру науқанынан кейін басталған аптап ыстық екі айға созылып, кеберсіген топырақ астындағы тұқымның біразы тасқа айналды. Мұндай құрғақшылық 2012 және 2019 жылдары болған. Мамандар биылғы өнім көлемі сол жылдары алған астықтан жоғары деп отыр.
2012 және 2019 жылдары облыс небары 2,2-2,3 млн тонна өнім алған. Сол жылдары әр гектарға 6,1 центнерден астық берген еді. Диқандардың көбі биылғы алапат құрғақшылықтан кейін де астық шығымы төмен болады, өнім көлемі әрі кетсе, 2,6 млн тоннадан аспайды деп болжаған. Алайда күзгі жиын-терін жұмыстарының нәтижесі бұдан әлдеқайда жоғары болып шықты.
– 2,9 млн тонна астық алдық. Соңғы 10 жылдың көлемімен өлшейтін болсақ, бұдан да аз өнім алған кездеріміз болған. Биыл алқаптың әр гектары орташа шамамен 7,2 центнерден берді. Ең жоғарғы көрсеткішке гектарына 12,3 центнер астық алған Ұзынкөл ауданы қол жеткізіп отыр. Одан кейін тұрған Сарыкөл, Меңдіқара аудандарында да әр гектар 11,5 – 11,6 центнерден өнім берді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сембай Сағындықов.
Бұл аудандар топырағының құнары мол солтүстік бетте жатыр. Биылғы қуаңшылық оңтүстік аудандарға ауыр тиді. Мәселен, Әулиекөл ауданы әр гектар алқаптан 4 центнерден ғана өнім алды. Науырзым ауданындағы шағын шаруашылықтардың көбі көктемде сепкен тұқымын ақтай алмады. Алайда өнім аз болғанымен, биыл облыста астықтың сапасы жоғары. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, бидайдың қамырлылығы – 27%. Облыстың оңтүстік өңірлерінде бидай алқабының жартысы күйіп кетіп, мыңдаған гектар жерге дым шықпай қалған аудандар бар. Соған қарамастан, биылғы астық өңірдің ұн өнімдері мен мал азығы сияқты қажеттерін толық өтей алады.
Биыл облыс қамбасына құйылған бидайдың дені жоғарыда аталған солтүстік аудандарға тиесілі. Оңтүстіктегі аудандармен салыстырғанда, бұл өңірлердегі егін алқабы әлдеқайда кең, бидайдың түсімі де бірнеше есе жоғары. Мысалы, биыл көктемде 8,7 мың гектар алқапқа дән сіңірген Ұзынкөл ауданындағы «Олжа Ряжское» ЖШС гектарынан 20 центнер өнім алып, күзгі жиын-терін жұмыстарын табысты аяқтап отыр.
– Биылғы жаз өте ауыр болды. Әдетте жазы жаңбырлы болып келетін біздің ауданның өзіне де көктен бір тамшы тамбай, аптап ыстық созылып кетті. Осыдан кейін біз де кейбір алқаптарымызды жоғалтып алатын шығармыз деп ойладық. Өйткені егін көз алдымызда күйіп бара жатты. Ең соңғы сәтте – шілденің 10-ына қарай мол жаңбыр жауып, жағдай түзелді. Бірнеше күн толассыз жауған жаңбырдан кейін масақ толысып үлгерді. Біздің шаруашылық бұған дейін жыл сайын бір гектардан 30 центнерден өнім алған, биыл барға қанағат деп отырмыз. Науқан кезінде күн ашық болып, егінді шашаусыз жинап алдық, – деді серіктестіктің өкілі Қанат Ертісбаев.
Солтүстік аудандардағы шаруашылықтардың жағдайы жақсы. Ал оңтүстік аудандардағы диқандар биылғы егін түсімі туралы әңгіме де айтқысы келмейді. Өйткені көңіл күйлері жоқ. Мәселен, Науырзым аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Евгений Ярошенконың айтуынша, бұл өңірдегі шаруашылықтар алған өнімнің көлемі орташа алғанда бір гектарға 3,5 центнерден келеді.
– Көктемде 260 мың гектар алқапқа жазғы егін тұқымы себілді, оның 220 мың гектары – бидай. Биылғы алапат аптап бізді де аяған жоқ. 21 мың гектар алқапты есептен шығардық. Бұл егістіктердің бәрі күйіп кетті, алатын дән қалмады. Әдетте ауа райы қолайлы жылдары біз әр гектар алқаптан 6-7 центнерден өнім алатынбыз. Биыл жағдай күрделі. Көптеген шаруашылықтың форвардты қарызы бар, оны беру керек. Сондықтан қазіргі бидайдың бағасына да жергілікті диқандардың көңілі толмайды. Бәрі әлі де қымбаттап қалар деген үмітте отыр, – деді бөлім басшысы.
Науырзымдық диқандардың айтуынша, мұндағы шаруашылықтардың жартысы көктемде сепкен тұқымын ғана қайтарған. Ал жартысы оны да қайтара алмаған.
– Шынтуайтына келгенде, Науырзым өңірінде орташа өнім бір гектардан 2-3 центнерден әрі аспайды. Біз есеп бергенде асыра көрсетуге мәжбүр боламыз. Өйткені аз өнімді өсіріп көрсетпесең, банктер табысың төмен деп несие, лизинг бермей қояды. Сондықтан біз несиелік қабілетімізді лайықты етіп көрсету үшін осылайша асырып көрсетіп, алдауға мәжбүрміз, – деді диқандардың бірі.
Биыл қойманың бір бұрышын ғана алып жатқан мардымсыз өнімнің бағасы да көңіл көншітпейді.
– Біз ауылшаруашылық техникаларына негізінен металл қосалқы бөлшектер мен майлау материалдарын, дизельді отын пайдаланамыз. Бұлардың бағасы биыл 200-300%-ға қымбаттап кетті. Мәселен, былтыр күзде бидай бағасы 80-85 мың теңге болса, қазір 105-110 мың теңгеге көтерілді. Ал алқапты өңдеп, тұқым сеуіп, оны оруға қажет дүниелердің бәрі 2-3 есе қымбаттады. Бидайдың құнсыз екенін осыдан-ақ көруге болады. Нарықтағы жағдайды ескерсек, биылғы бидайдың бір тоннасы, кем дегенде, 150-180 мың теңгенің айналасында болу керек. Есіл еңбек сонда ғана өтеледі, – дейді науырзымдық диқандар.
«Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ қыркүйек айының басында биылғы бидайды қамырлылығына қарай 103-107 теңгенің аралығында сатып алатынын мәлімдегені белгілі. Қостанай облысының ауылшаруашылық кәсіпорындары аталған корпорацияға 2 мың тоннадай бидай қарыз екен. Форвардтық келісімшарт бойынша берілген бұл қарыздың қайтуы қиын болып тұр. Бүгінге дейін қарыздың 30%-ы ғана жабылған. Компания қарызын қайтарумен қатар, ескі бағамен тікелей бидай сатып алуды бастады. Бірақ баға төмен болғандықтан оған диқандардың ешқайсысы бидай тапсыра қойған жоқ. Алайда компания филиалы басшысының сөзінше, 2021 жылғы астықтың бағасы 25 пайызға өскен.
– Біз биылғы өнімге әділ нарықтық баға тағайындадық. Бұл өнім өндірушілердің құрғақшылыққа байланысты шыққан шығынын өтей алады. Биыл сатып алынған бидайдың барлығы ішкі нарыққа кетеді. Яғни ұн тартатын мекемелер мен мал өсірумен айналысатын шаруашылықтарға бекітілген бағамен сатылады. Бұл әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді, – деді «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» филиалының директоры Мирас Төрежанов.
Ал диқандар бидайды мемлекетке өткізгеннен гөрі жекеменшіктегі диірмен кешендеріне немесе көршілес өңірлер мен іргелес мемлекеттерден келіп жатқан алыпсатарларға сатқан тиімді дейді.