• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 07 Қазан, 2021

Балалар интернаттарының жағдайы мәз емес

447 рет
көрсетілді

Nur Otan партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесте ЖОО, колледждер, мектептер мен балабақшаларда инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау және сайлауалды уәделерді орындаудың басқа да өзекті мәселелері қаралды. 

Отырысқа қатысушылар мектепке баратын ерекше ба­лаларды әдістемелік сүйе­мелдеу мәселелерін талқы­лады. Кеңес мүшесі, «Бола­шақ» қоры­ның басшысы Ди­нара Шай­жүнісова­ның ай­туын­­ша, педагог-ассистент­тер­дің шамадан тыс жүктемесі бүгінде түйінді мәселелердің бірі болып отыр. «Қазіргі таң­да олар айына 90 мың тең­ге жал­ақыға жұмыс істеп, кем де­генде 2 баланы оқытып, қол­ғабыс жасайды. Мамандар тұрақтамайтындықтан, балалар оқи алмай, қамқорлықсыз қа­лады. Осының салдарынан кейде балалар толық бір оқу жылы бойы білім ала ал­­ма­­ған жағдайлар да бар. Біз­­­­дің жобада 300-ге жуық пе­да­гог-ас­систент жұмыс іс­тейді. Олар­­дың барлығы еңбе­к­­ақы­­­ның аздығынан жұмыс­тан кет­кілері келеді», деді Д.Шайжүнісова.

Білім және ғылым министр­лігінің ақпаратына сенсек, елімізде мыңға жуық педагог-ассистент жұмыс істейді, қо­сымша пән мұғалімдері ар­­найы курстардан өтуде. Ал жал­ақының төмен болуы олар­дың біліктілік деңгейіне бай­­ланысты көрінеді.

Отырыс барысында Кеңес мүшелері интернаттардың да жай-күйін талқылады. Бүгінде елімізде барлығы 577 интернат бар, оларда 147 мыңнан астам бала тұрады. Бұл – көру, есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы интернаттар, медициналық-әлеуметтік мекемелер және дарынды балаларға арналған маманданған, сондай-ақ көп­балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған интернаттар, мектеп жанындағы интернаттар, мектеп-интернаттар.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Динара Закиева атап өткендей, 2019 жылдың ақпан айында партиялық тың­дауларда кеңес кейбір интер­наттық мекемелердегі адам шошыр­лық жағдай туралы мәселені көтерген болатын. Nur Otan араласқаннан кейін ғана 19 интернат жөнделіп, кәріз жүргізілді, жиһаз бен жаб­дық жаңартылды. Алай­да бұл мәселе барлық ин­тер­­наттық мекемелердегі бала­лардың өмірін түбегейлі өзгер­ту және жақсарту үшін үнемі назар аударуды және жүйелі жұмысты талап етеді.

«Тиісті депутаттық сауал осы жылдың ақпан айында жолданды. Осыған қарамастан, Білім министрлігі тарапынан ешқандай жүйе­лі іс-қимыл атқарылмады. Білім және ғылым министрлігі елі­міздегі балалардың құ­қық­тарын қорғауға жауапты екенін түсіне ме? Біз өңір­лік кеңестерден интернат­тар бойынша өз бетінше жұ­мыс жүргізуді, олардың әрқайсы­сындағы жағдайды жақсарту үшін әкімдіктермен бірлесіп шешім қабылдауды сұрадық. Содан кейін ғана біздің қолы­мызға қандай интернатта күр­делі немесе ағымдағы жөн­деу жүргізілгені немесе жүр­гізі­ле­тіні, не қажет екені туралы нақты ақпарат тиді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жал­ғас­тырамыз, ал өңірлік ке­ңес­­тер әрбір интернаттағы жағ­­­дайды жақсарту бойын­ша міндеттің орындалуын бақы­лауға алады. Біздің мақсаты­мыз – еліміздегі барлық интернатты балалардың өмір сүруіне қолайлы ету», деді ол.

Кеңес мүшелері 534 интернат мекемесіндегі жағдайды зерттеген. Д.Закиеваның айтуынша, барлық интернатты күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізген жалғыз аймақ – Павлодар облысы. Сон­дай-ақ бұл істе Қостанай об­лы­сы да алда келеді: облыс­тағы 36 интернаттық ме­ке­менің 29-ы жөнделген. Соң­ғы 3 жылда интернаттары мүлдем жөндеу көрмеген Қызылорда мен Маңғыстау об­лыс­тарындағы жағдай бәрі­нен нашар.

«Алматы облы­сында тек 3 мекемеге күр­делі жөндеу жүргізілсе, ал қал­ған мекемелерде тіпті жоспар­лан­баған. Түркістан облысында тек 1 мекемеде күрделі жөндеу жүргізілді, бұл – біз барып, мәселе көтерген интернат. Бірақ өңірде бұдан бас­қа 40 интернат бар. Қара­ған­ды­дағы №68 мектеп-интернатта жатақ­хана мектептің бірін­ші қаба­тында орналасқан, мұн­да бір бөлмеде 15-тен 25-ке де­йін бала тұрады. Осы жағ­­дай­ға Қарағандыдағы әріптес­терімнің назарын аударғым келеді», деді кеңес төрағасы.

Интернат мекемелеріндегі жағдайды жақсарту үшін Ақтөбе, Қызылорда, Ақмола және Маңғыстау облыстарында тиісті жоспар жоқ. Білім және ғылым бірін­ші ви­це-министрі Шолпан Кари­нова­ның айтуынша, бірлескен бұй­рық жобасы әзірленген. Оған сәйкес балалардың, оның ішін­де ата-анасының қамқор­лы­ғын­сыз қалған жетім бала­лар­­дың білім алуға, тамақ­тану­ға, тасымалдауға, дема­луға құқықтарын сақтау мони­торингі мен бақылауы жос­парлы түрде жүргізілетін болады. Бұдан басқа, «Әкімші­лік құқық бұзушылық туралы» кодекске тексеру қорытын­дылары бо­йын­ша шығарылған нұсқа­ма­ларды орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тарту құқығын беру бөлігінде түзетулер енгізіледі.

Отырыс қорытындысы бойынша аталған кеңес Білім және ғылым министрлігінен 2022 жылы инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау жос­парланып отырған меке­мелер­дің тізімін, сондай-ақ анық­талған проблемаларды, олар­ды шешу мерзімдері мен жол­дарын көрсете отырып, ин­тер­наттық мекемелер мони­то­рингінің нәтижелері бойын­ша есеп беруді сұрады. Соны­мен қа­тар кеңес мүшелері ин­тер­нат­тық мекемелер бойынша нор­мативтік-құқықтық акті­лерд­і қайта қарауды ұсынды.