Норвегияның астанасы – Ослода өтіп жатқан әлем чемпионатында әйлдер күресінен бәсекелер аяқталып, барлық салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Қазақстан құрамасына бір күміс медаль бұйырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әйелдер күресінен өткен алты салмақ дәрежесі бойынша бәсекелерде кімдердің жеңіс тұғырына көтерілгені жайында біз бұған дейін егжей-тегжейлі баяндадық. Скандинавия түбегіне сапар шеккен Қазақстан құрама командасы мүшелері арасынан Жамиля Бақбергенова ғана ел сенімін ақтады. Қалғандары жарты жолға да жетпеді. «Джордал Амфи» кешенінде төселген боз кілемде Франция мен Түркия балуандарынан басым түскен Бақбергенова финалда жапониялық Масако Фуруичимен айқасты. Күн шығыс елінің өкілі жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы дүниежүзілік додаларда сан мәрте дараланып, 23 жасқа дейінгі бұрымдылдардың әлем біріншілігінде бас жүлдені олжалаған өте мықты спортшы. Оның үстіне, қос спортшының жолы осыған дейін үш мәрте қиысып, екі ретінде Масаконың мерейі үстем болған екен.
Жасыратыны жоқ, сол кеште қазақ жанүйерлері Жамилиядан ерен ерлік күтті. Барлығымыз да төрткүл дүниенің теңдессіздері жиналған жарыстың алтын тұғырында Алаштың аруы марқайып тұрса ғой деп армандадық. Алайда Масаконың мықтылығын мойындамасқа еш лаж жоқ. Ол жақсы бір әдіс жасай алмағанымен, көздеген мақсатына қол жеткізді. Өзінің жылдамдығы мен ептілігінің арқасында қазақ қызының артына шыққаны үшін екі ұпайды еншіледі. Одан кейін Бақбергенованы кілемнің шетіне итеріп шығарып, тағы да ұпайға иелік етті. Өте сауатты қорғанған Фуруичи бәсекені соңына дейін сол басымдығын сақтап қалды. Нәтижесінде ол жеңімпаз атанса, Жамиля күміс медальді қанағат тұтты.
Жалпы әйелдер күресінен өткен әлем чемпионаттарында Қазақстан құрамасы 4 күміс және 7 қола медальді иеленді. Әзірге қоржынымызда бірде-бір бас жүлде жоқ. Және де күміс медальді мойындарында жарқыратқан балуандардың барлығы да сырттан келген легионерлер екенін айта кетуге тиіспіз. Мәселен, 2007 және 2010 жылдары ақтық сында белдескен Елена Шалыгина біздің елге Ресейдің Кемерово облысынан қоныс аударып келді. 2008 жылы сол межеден көрінген Жұлдыз Ешімова Қырғызстанның Талас өңірінің тумасы. 2012 жылы екінші орынға табан тіреген Гюзель Манюрова Мордовияда дүниеге келді. Ал Норвегияның астанасындағы жағдай мүлде өзгеше. Бұл жерде өзіміздің төл түлегіміз, қарапайым ғана қазақтың қызы финалдық сайыста өнер көрсету құрметіне бөленді. Бұйырғаны – күміс медаль. Иә, осы жетістіктің өзі-ақ Жамиля Бақбергенованың тарихта қалатындай іс тындыру үшін жеткілікті болды.
Әйелдер күресінің жалпы командалық есебінде Жапония құрамасы көш бастады. Күн шығыс елінің сұлулары 4 алтын, 3 күміс және 2 қоланы олжалады. Екінші орында – АҚШ. Американың арулары 2 алтын, 2 күміс және 3 қоланы иеленді. Көш басындағы қос команданың осындай толағай табысына ешкім таңдана қойған жоқ. Себебі, айтулы мемлекеттерде бұл спорт түрінің дамуына барлық жағдай жасалған. Соның арқасында жапондар мен америкалықтар үнемі үздіктер қатарынан көрінуде.
Үшінші сатыға Қырғызстан құрамасы жайғасты. Осыған дейінгі әлем чемпионаттарында небары қос жүлде алған көршілеріміз бұл жолы үш рет жеңіс тұғырына көтеріліп, жер жаһанның жанкүйерлерін тамасандырды. Осло төрінде Қырғыз елінің әнұраны екі мәрте шырқалғанда «Қазақ қыздары арасынан Айсұлу мен Мейірімдей бір мықтының шықпағаны-ай» деп іштей күбірлегенімізді несіне жасырайық. Оған Айперінің қола медалін қосыңыз. Расында да, бұл бұрымдылдардың аттарына заттары сай екен...
Төртінші орынға Молдова табан тіреді. Бұл нәтижені «Сенсация!» деп бағаласақ, ешкім айыпқа бұйыра қоймас. Өйткені, бұған дейінгі дүниежүзілік додалардың барлығынан молдовалықтардың қоржыны бос қайтып жүрген. Ал бұл жолы қарт құрлықтың оңтүстік-шығысында орналасқан шағын ғана елдің өкілдері бір алтын мен бір күмісті медальді иемденді. Керемет қой! Үздік бестікті Болгария қорытындылады. Балкан түбегінен келген балуандар еліне бас жүлденің біреуін еншілеп қатты.
Егер медальдар сапасы мен санын есепке алсақ, жалқы күмісті қанағат тұтқан Қазақстан құрамасы Эстониямен бірге сегізінші және тоғызыншы орындарды өзара бөлісті. Жоғарыда аталған командалардан бөлек, тек Германия (1 күміс-1 қола) мен Үндістан (1 күміс+1 қола) ғана алдымызды орады. Ал Моңғолия (4 қола), Ресей (2 қола), Украина, Мысыр, Канада, Польша, Швеция және Түркия (әрқайсында 1 қоладан). Осы жарыста барлығы 17 мемлекеттің өкілдеріне жүлделі орындар бұйырды.