Қазақстанда эпидемиялық жағдай тұрақталып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
Қазақстанда 6 қазанға дейін CОVID-19-ға оң нәтижемен 896 162 науқас және теріс нәтижемен 76 517 жағдай тіркелді. Індетпен ауыратын науқастардың шамамен 92 пайызы сауығып шықты. Эпидемиялық жағдай матрицасына сәйкес, төрт өңір тәуекелі жоғары, яғни «қызыл аймақта» орналасқан.
«Кейінгі айда Қазақстанда эпидемиялық жағдайдың тұрақталуы байқалады. Тұтас еліміз және 8 өңіріміз тәуекелі жоғары аймақтан тәуекелі орташа аймаққа көшті. Тәуекелі орташа аймақтан тәуекелі төмен, яғни «жасыл аймаққа» 3 өңір – Жамбыл, Маңғыстау және Қызылорда облыстары көшті», деді А.Цой.
Қыркүйектің басымен салыстырғанда сырқаттанушылықтың күнделікті деңгейі 2,4 есе төмендеді. Бір ай ішінде таралу индексі 1-ден төмен. Инфекциялық төсектік орындардың қамтылуы 39 пайыздан 33 пайызға дейін, реанимациялық төсектік орындардың қамтылуы 40 пайыздан 31 пайызға дейін төмендеді. Сонымен қатар өткен айда ауыр және өте ауыр науқастар саны екі есе азайған.
«Оқушылар арасындағы сырқаттанушылықтың күнделікті мониторингіне келетін болсақ, жалпы 9 185 КВИ жағдайы тіркелген. Бұл оқушылардың жалпы санының 0,26%-ын құрайды. 102 мыңнан аса байланыста болған адам айқындалды, олардың 624-інде ПТР-тесттердің оң нәтижесі анықталды. Студенттер арасында аурудың 1 282 жағдайы тіркелген. Жоғары оқу орындарының студенттері арасында сырқаттанушылықтың төмен деңгейі вакцинаның тиімділігін тағы да айқын көрсетті», деді ведомство басшысы.
Министр халықты КВИ-ға қарсы вакциналау туралы айта отырып, бүгінгі таңда жалпы вакцинаның 14,4 млн дозасы пайдаланылғанын алға тартты. Оның ішінде бірінші компонентпен 7 766 146 адам егілген, бұл тиісті халықтың 77,9%-ын құрайды, ал екінші компонентпен 6 756 266 адам немесе 67,8% қамтылған. Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналауды қамту бойынша көшбасшылар – Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары, Алматы және Шымкент қалалары.
Сонымен қатар А.Цой Рfizer вакцинасын елге әкелу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталды.
«Рfizer бойынша ақтық келісімшартқа қол қойдық. Рfizer компаниясында келісімнің бірнеше процесі бар. Ақтық келісімшарт бойынша шамамен 4 млн доза жеткізу жоспарланып отыр. Менің ойымша, жуықта, төртінші тоқсанда алумыз керек. Тиісінше тоңазыту жүйесі толықтай түзіледі. Жеткізу кезеңінің өзінде Қазақстанның әр өңірінде тоңазыту жүйесі болады. Мұның қажетті 80 градустық режімге сай болғаны керек. Сондықтан қажет жағдайдың бәрі жасалады», деген ведомство басшысы.
Оның айтуынша, Рfizer вакцинасын сақтаудың тәсілі қолданыстағы тәсілмен ұқсас.
«Принципі ұқсас, тек сақтау температурасының режімі ғана өзгеше. Сондықтан өңірлердің бәрінде қосымша қондырғылар орнатылады. Вакцина келген кезге дейін тоңазыту желісі басқа вакциналарға да жарамды болады. Бұл келешекте де вакциналарды бірнеше температура режімінде күтіп ұстаудың көп сатылы механизмін қалыптастыруға жол ашады. Қазір әлемде жасалып жатқан кез келген вакцинаны сақтаудың мүмкіндігі пайда болады», деді А.Цой.
Сөйтіп қазан мен қараша айларында елімізге Pfizer-дің 4 млн дозасы жеткізілмек. Бұл 2 млн адамды екпемен қамтуға мүмкіндік береді.
Тұмау және ЖРВИ бойынша эпидемиялық маусымның басталуына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі сырқаттанушылыққа, халықты вакциналауға мониторинг жүргізуде. Республикада 1 қыркүйектен бастап ЖРВИ-дің 850 жағдайы тіркелді, тұмау анықталған жоқ. Жалпы, бүгінде тұмауға қарсы 694 710 адам егілді, оның ішінде 684 051-і – тегін, 9 370-і – жұмыс берушілер есебінен және 1 289-і – ақылы негізде. Халықты екпемен қамтудың ең көп пайызы Түркістан (9,8%), Павлодар (4,3%), Қарағанды (3,9%) облыстарында және Шымкент қаласында (3,4%) байқалады.