Теннистен АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратын аса ірі халықаралық турнирдің шымылдығы түрілді. Әдеттегідей бұл жарыста кіл мықтылар ғана өнер көрсетеді. Ал ортаңқол ойыншылар бақ сынағысы келсе, онда оларға іріктеу турниріне қатысуға тура келеді. Сол сынақтан сүрінбей өткендер ғана үздіктермен күш сынасу мүмкіндігіне ие болады.
Өзгелерді айтпағанда, атағы алысқа жайылған теннисшілердің өздері «Мастерс» санатына жататын айтулы турнирде өнер көрсетуді үлкен мәртебе санайды. Себебі осы бәсекелерге қатысу арқылы ойыншылар әлемдік рейтингте жоғарылап қана қоймай, материалдық жағдайларын жақсарта түседі. Мәселен, биыл Индиан-Уэллстегі жарыстың жүлде қоры
8 359 455 АҚШ долларын құрап отыр. Тарқатып айтсақ, ерлер мен әйелдер арасындағы бас жүлде иегерлерінің әрқайсысы
1 209 730 доллардан алады. Ақтық сайыста жеңіліс тапқандар сол соманың тең жартысын иеленеді. Жартылай финалға жетсеңіз есепшотыңызға 335 мың доллар аударылады. Ширек финалға шыққандар 175 мың долларды еншілейді. Төртінші және үшінші кезеңге жеткен ойыншыларға да тиесілі ақша аз емес. Оларға шамамен 92 мың және 52 мың доллар беріледі. Тіпті осы додада бой көрсетіп, алғашқы айналымнан аса алмаған жағдайдың өзінде 18 155 долларды қалтаға басасыз.
Жер-жаһанды жайлаған пандемияның салдарынан былтыр бұл жарыс өтпей қалды. Ал 2019 жылы ұйымдастырылған додада ерлер арасында аустриялық Доминик Тим алдына жан салмады. Финалда ол даңқты Роджер Федерердің өзін 3:6, 6:3, 7:5 есебімен сан соқтырды. Әйелдер сайысында бас жүлде үшін тартыс германиялық Анжелика Кербер мен канадалық Бьянка Андрееску арасында өрбіді. Бұл бәсеке 6:4, 3:6, 6:4 есебімен Үйеңкі жапырақтар елінен келген қыздың пайдасына шешілді.
Биылғы жарысқа түрлі себептерге байланысты «ұлы үштік» деген теңеу тағылған Новак Джокович, Рафаэль Надаль және Роджер Федерер сынды саңлақтар қатыспайды. Осының алдындағы жеңімпаз Доминик Тим де бой көрсетпейтін болды. Бірақ одан жарыстың қызығы еш кеміп қалмайтыны анық. Себебі кортқа шығатындар қатарында басқа да жұлдыздар жетіп артылады. Олардың барлығы да Индиан-Уэллсте барымызды саламыз деп құлшынып отыр.
Турнирдің алғашқы күні Қазақстанның екі теннисшісі кортқа шықты. Юлия Путинцева германиялық Андреа Петковичтен басым түсті – 7:6, 6:1. Кеше Зарина Диас жапониялық Нао Хибиномен сайысса, Елена Рыбакина рейтингінің жоғарылығына байланысты жарысты екінші кезеңнен бастайды. Ал Михаил Кукушкин іріктеу сынының финалында америкалық Эрнесто Эскобедодан ұтылып қалды – 2:6, 4:6.