Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменовті қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Қ.Сүлейменов Президентті Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеу қарсаңында ардагерлерге қолдау көрсету үшін Қазақстанның барлық өңірлерінде көп іс атқарылғаны туралы хабардар етті.
Кездесу кезінде Қазақстанда 14376 соғысқа қатысушы тұратыны атап өтілді. Мерейтой қарсаңында 300-ден астам ардагер мемлекеттік наградаға ұсынылған. Жеңісті атап өтуге арналған салтанатты мерекеге қатысу үшін 32 қазақстандық Мәскеуге, соғысқа қатысушының бесеуі Санкт-Петербургке, екеуі Прагаға баратын болды. Бұдан басқа, қайтыс болған қазақстандықтардың туған-туыстары болып келетін 155 отбасы өз әкелері мен аталары жерленген жерге баруға тілек білдірген. Осы мақсатқа қажетті қаражат бөлінді.
Әңгіме барысында Президент бірде-бір ардагер мемлекет тарапынан қамқорлықсыз қалмауы тиіс екенін ерекше атап өтті.