• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 08 Қазан, 2021

Бішкекте қазақ киносының күндері басталды

185 рет
көрсетілді

7 қазанда Бішкекте Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Мәдениет күндері аясында қазақ киносының күндері басталды. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Қайрат Иманалиев пен екі мемлекеттің киногерлері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтоты Райымқұлова Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынастардың тамыры тереңде екенін, Тәуелсіздік алған жылдары жаңаша қарқынмен дамып келе жатқанын, халықтар арасындағы дәстүрлі бауырластық байланыстар барлық бағытта дәйекті түрде даму үстінде екенін айтты.

«Қырғызстанның көптеген танымал кинематографисінің шығармашылығы Қазақстанмен, атап айтқанда, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясымен тығыз байланысты екенін бәріміз білеміз. 1968 жылы жас режиссер Болот Шәмшиев халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Қараш асуындағы атыс» туындысы желісінде фильм түсіріп, осы бір керемет жұмысымен көрермендердің жоғары бағасын алды. Сонымен қатар Болот Шәмшиев түсірген қазақ халқының қайсар қызы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың ерлігін арқау еткен «Мергендер» фильмі қазақ кинематографының алтын қорына қосылды. Бұл кино күні бүгінге дейін экраннан түспей келеді. Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп. Қырғызстанда қазақ киносының күндерін ұйымдастыру біздің елдеріміздің арасындағы киноиндустрия саласындағы өзара байланыстың бірлесіп өркендеуі мен дамуына серпін беретініне сенімдімін», деді министр.

Айта кетейік, «Манас» кионотеатрында басталған қазақ киносының күндері 9 қазанға дейін жалғасады. Көрермендер назарына Рүстем Әбдірашевтің «Алмас қылыш», Ақан Сатаевтың «Томирис», «Жау жүрек мың бала», «Анаға апарар жол», «Қазақ хандығы». «Алтын тақ» фильмдері мен Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының «Мұзбалақ», Адай Әбілдиновтің «Күлтегін» анимациялық фильмі ұсынылады.